©2020 Астана Ақшамы
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ
Елордамыздағы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқылайтын кезекті сессия алдында қалалық мәслихат депутаттары Астана қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы мен Политехникалық колледжде болып, жұмыс барысымен танысты.
«Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламаны іске асыру бірінші кезекте жұмыссыз азаматтарды оқытуға, жұмысқа орналастыруға, тұрғылықты жері бойынша өзінің жеке ісін ашуды ұйымдастыруға жәрдемдесуге, заңнамалық актілерге сәйкес жұмыссыздарға атаулы мемлекеттік көмек көрсетуге бағытталған. Бұл ретте Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Алтыбаева депутаттардың сұрақтарына жауап берді.
Аталмыш бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі индустрияландыру бағдарламасын іске асыру үшін кадр әлеуетін дамыту болып табылады. Халық қалаулылары бірнеше жылдан бері жұмысшы мамандарын даярлап жатқан Политехникалық колледждің студенттерімен кездесіп, оларды оқыту әдістемесімен танысты. Бұл колледж елордадағы кәсіби мамандарды даярлауға үздік тәжірибесімен үлес қосып келе жатқан алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі болып саналады. Мұнда сегіз мамандық бойынша екі мыңға тарта шәкірт білім алуда. Астана қаласы мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов студенттердің әлеуметтік жағдайына да қатысты бірқатар сұрақтар қойып, кейбір мәселенің шешіміне қатысты өз пікірін білдірді.
Айгүл УАЙСОВА