Жұмыс іздеп жүрсеңіз…

0 92

Студенттердің қолына дипломын алып, алған білімін қызметте қолданар сәті де келіп жетті. Қазір «жоғары білімі бар» атанғандардың жұмыс іздейтін кезі. Біреулер тәжірибеден өткен жеріне жұмысқа орналасса, енді бірі аға-көкесіне айтып, таныс жағалап кететіндері де жасырын емес. Оның басты себебі де сол – тәжірибесінің болмауы, жас болса да жай қызметте жүргісі келмейтіндігінен. Үшіншілері, «жұмыс қашпайды» деп магистратураға түсудің қамына кіріседі. Әрине, өз күшімен екі қолға бір күрек табатындар да бар. Бірақ әңгіме олар турасында емес. Жұмыс іздеп жүрсеңіз, «Жастар практикасы» жол сілтейді, жалақысы аз, беделі төмен жұмысқа емес, қалауыңыздағы қызметке қол жеткізуіңізге көмектеседі.«Жастар практикасы» – арнаулы және жоғары оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамту мәселелерін шешудегі бірден-бір жол. Оқу орындарының түлектерін еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы «Жастар практикасы» бағдарламасының берері мол. Бағдарлама жас түлектерге мамандығы бойынша практикалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
«Жастар практикасы» шеңберінде еш жұмыс тәжірибесі жоқ оқу орындарының түлектері Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жарты жылға жұмысқа тұрады. Бұл уақытта жас мамандар мамандығы бойынша жұмыс істеуге және өзін болашағы бар білікті маман ретінде көрсетуге мүмкіндік алады. Жастар практикасы – жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне арналған еңбек қызметінің бір түрі.
Аталған бағдарламаның жемісін көрген жастардың бірі – Диана Нұрышева. Әлеуметтік желіден «Жастар практикасы» туралы хабарландыруды көріп, жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеледі. Кейін жастар практикасы бағдарламасымен Нұр-Сұлтан қаласының Әділет департаментіне 6 ай мерзімге жұмысқа жолданды.
«Әділет департаментінде жұмыс істеу арманым еді. «Жастар практикасы» сол бір арманымның орындалуына мүмкіндік сыйлады. М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ Университетінде «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша білім алғанмын. Қазіргі жұмыс жасап жатқан ұжымның тыныс-тіршілігімен етене танысу барысында Әділет департаментінде жұмыс істеу – өте жауапты да қиын кәсіп екендігін сезіндім. Жалпы жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар үшін «Жастар тәжірибесі» – жас маманға үлкен тірек болатын бағдарлама деп білемін. Тәжірибе уақыты аяқталған соң Әділет департаменіне эксперт ретінде жұмысқа орналастым» деді ол.
«Жастар практикасы» уақытша жұмыс орны болып есептелінеді. Жас мамандар үшін тәжірибе жинақтап, жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік. Бұл бағдарламаға тек бір рет қатысуға болады.
«Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын сезінгендер көп. Нұр Табылдиев – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің түлегі. Ақпараттық жүйелер мамандығын меңгерген жоғары білімді азамат қазір қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінде еңбек етіп жүр. Жұмысына қарай ай сайын жалақысын алады әрі сонда тұрақты жұмысқа орналасып үлгерген. Әрбір тапсырмаға тиянақтылық танытып, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын Нұрды басшылық жоғары бағалап, практикадан кейін қызметте қалуын өтініпті. Міне, 5 ай өте, шілде айынан бастап жұмысқа тұрыпты.
«Алғашқы жұмыс күнім 2 наурызда басталды. Бұл жоба жастардың жігерін шыңдайды. Ұжым мені қуана-қуана қарсы алды. Басшылыққа еңбекқорлығым ұнаған болса керек, кейін тұрақты жұмысқа қабылдады. Мемлекеттік кірістер департаментінде ақпараттық технологиялар басқармасының бас маманы болып жұмыс істеймін. Ешбір тамыр-таныссыз да беделді, жалақысы жақсы жұмысқа орналасуға болатынына көзім жетіп отыр» дейді Нұр Табылдиев.
ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫНА
ҚАТЫСУ ҮШІН
• Халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласу қажет;
• Сол жерге уақытша жұмыссыз деп тіркелесіз;
• Жұмыспен қамту орталығы жастар практикасын өту мәселесі бойынша консультация береді, келіскен жағдайда жастар практикасына жолдама аласыз;
• Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа қабылдағаны туралы хабарлайды;
• Жұмыс беруші мен жастар практикасына қатысушы арасында еңбек шарты жасалады.

ҚАЖЕТТІ ҚҰЖАТТАР:
• жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
• еңбек кітапшасының көшірмесі (жұмыс жасаған жағдайда);
• жоғары оқу және колледжден кейінгі білімін растайтын құжаттың көшірмесі.
Практика 6 айға созылады, оның қатысушысы әр ай сайын қолына 80 432 теңге алып отырады. Яғни, бұл кәдімгі жұмыс секілді. Жұмыс беруші түлекпен еңбек келісімшартын жасайды, онда екеуара серіктестіктің шарттары көрсетіледі. Жастар практикасы бағдарламасына қатысушы өзін жақсы қырынан көрсете білсе, жұмыс беруші маманды тұрақты жұмысқа рәсімдей алады. Түлектердің көпшілігі практика өткен ұйымда жұмыс істеуге қалады. Көп нәрсе үміткердің өзіне байланысты. Егер ол жастар тәжірибесі барысында өзін танытса, жұмысқа тез кірісіп кете алған болса, оған тұрақты қызметкер ретінде қалуды ұсынады. Ұсынбаған күннің өзінде де қорқудың қажеті жоқ. Өйткені енді түлекте аз да болса белгілі бір жұмыс өтілі бар. Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері оған түрлі бос жұмыс орындарын ұсына алады. Сондай-ақ орталық олардың түйіндемелерін электрондық еңбек биржасы – enbek.kz сайтында да жариялайды.
Жұмыспен қамту орталығы қаладағы бірқатар ұйыммен келісімшартқа отырған. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелер, түрлі компаниялар бар. Мекеме қызметкерлері жұмыс іздеген жастан әуелі қай ұйымға тағылымдамаға барғысы келетінін анықтайды, тілектерін ескере отырып, белгілі бір ұйымға жібереді.
Жалпы «Жастар практикасы» үш жыл ішінде техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарды бітірген түлектерге арналған. Бұл ретте жастар практикасына қатысатын үміткердің жасы 29-дан аспауы тиіс. Үміткерлер осы жылдың 1 қарашасына дейін өтініш бере алады. Құжаттарды Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту орталығында Бейбітшілік көшесі, 25, «Өркен» бизнес орталығында қабылдайды.
Биыл 1000-ға жуық түлекті жастар практикасынан өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде 300-ден астам елорданың жұмыс берушілерімен 1487 бос жұмыс орындарына келісімшарт жасалды. Бағдарлама жайлы толық ақпаратты Халықты жұмыспен қамту орталығынан алуға болады.
Байланыс нөмірлері: 8(7172) 72-93-56, 8(7172) 57-89-35; 8 705 329 7719.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × five =