Жұмыс бар, жұмысшы керек

0 207

Індеген індет барлық салаларға дерлік өзгеріс әкелді. Мәселен, карантин жағдайында еңбек нарығындағы сұраныс та өзгерді. Кейбір мамандықтарға сұраныс күрт төмендеп, ал кейбіреуіне ерекше артқан. Осыған бейімделген жұмыссыз қалған азаматтар кәсібін өзгертуге мәжбүр болуда.

Қазір авиация, шоу бизнес, туризм сияқты салалар құлдырап, шығынға батып, өзінің қызметкерлерін жұмыстан босатуда. Мұндайда жұмыссыз қалғандар не істеуі керек? Еңбек нарығына зерттеу жүргізген мамандар індеттен кейінгі кезеңде дағдарыс менеджері, цифрландыру сарапшысы, call-орталықтың операторы, қарттарды күтуші әлеуметтік қызметкерлер, өнім дизайнері сияқты жаңа мамандықтарға деген сұраныстың жылдам шарықтайтынын болжауда.
Президенттің тапсырмасымен Үкіметтің «Жұмыспен қамту жол картасына» 1 трлн теңгеге жуық қаражат бөлуі, ерекше назар аударуы – бұл мәселе бүгінгі күннің өзекті талабы екенін көрсетеді. Ең бастысы, жаңа жағдайға тезі­рек бейімделгеніміз абзал.

Жыл қортындысы бойынша Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі төтенше жағдай режимін енгізілуіне байланысты өсіп, жұмыссыздар саны 1,1 пайызға артуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осындай болжам жасады. Әлемді дүрліктірген пандемияның әсерінен алпауыт мемлекет АҚШ-тың экономикасы тоқырап, көптеген кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздар саны 33,5 миллионға жетті. Финляндияда індеттің кесірінен әрбір жетінші жұмысшы қысқартуға ұшырайды. Eurostat мәліметінше, соңғы 2 айда 373 мың неміс жұмысынан айырылған. Бұған Германиядағы карантин себепші болып отыр. ГФР-де жұмыссыздық деңгейі 5%-дан 5,8%-ға өскен. Бұл дегеніміз – 2 млн 600 мың адам тұрақты табыс көзінен айырылған деген сөз. Испанияда осы кезеңде 120 мың азамат жұмыссыз қалған. Олардың жалпы саны 3 млн 300 мыңға жетті. Сарапшылар жағдай бұдан да нашар болуы мүмкін деп болжам айтуда. Францияда 8 млн адам жұмыссыздық үшін мемлекеттен өтемақы алып жатыр.
Әрине, бұл жағдай бізді де айналып өтпеді. Жұмыссыздық саны арта түспесе, кемімейтіні тағы бар. 11 мамырда Үкімет үйінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­трі Біржан Нұрымбетов:
– Қазақстандағы еңбек нарығының жағдайы және жұмыспен қамтудың қалпына келуі, ең алдымен, карантин шараларының жеңілдеуіне және төмендеуіне, кәсіпорындар мен ұйымдар жұмысының қайта қолға алынуына, сонымен қатар экономиканың жандануына байланысты екені сөзсіз. Жұмыспен қамту процесінің қалпына келуі күрделі болады, – деді.
Министрліктің жорамалынша, биылғы жылдың қорытындысында жұмыссыздық деңгейі төтенше жағдайға дейінгі 4,8 пайызға қарағанда 5,9 пайыз деңгейінде болмақ екен. Үкімет жағдайға байланысты халықты жұмыспен қамту шараларын қабылдады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске қосылып, «Еңбек» бағдарламасының мүмкіндіктері кеңейтілді. Бұған қоса, өзге мемлекеттік бағдарламаның әлеуетін ескеріп, 2020 жылы 1 млн 200 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында (бұдан әрі – ЖҚЖК) 3 096 жобаны жүзеге асыру басталып, олардың ауқымында 26,3 мың жұмыс орны құрылды.

1 500 адам жұмысқа орналасты

«Жұмыс жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрте беруіміз де дұрыс болмас. Өйткені қазір әртүрлі бағдарламалар жүзеге асуда. Президент тапсырмасы бойынша, елордада «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020-21» инфрақұрылымдық жобасын жүзеге асыру басталды.
Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ басшысы Бақытбек Қабжановтың айтуынша жоба аясында 15 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 7 600-ден астам адам жұмысқа тұрады. Бүгінде жұмыспен қамту орталығы келесі алгоритмі бойынша қажетті білікті мамандарды іріктейді және оларды жұмыс берушілермен сұқбатқа жібереді.
«Жұмыспен қамту жол картасы» аясында машина операторлары мен жүк көліктері жүргізушілері мамандықтары сұранысқа ие. Бүгінде жол картасы аясында жалақы мөлшері 85 мың теңге және одан да жоғары. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 1 500 адам жұмысқа орналасты.
«Бағдарлама арқылы жұмысқа орналасу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет, орталықта осы мәселе бойынша жедел штаб бар. «Өркен» бизнес орталығында (Бейбітшілік көшесі, 25) қызмет көрсетеді. «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, инженерлік-көлік инфрақұрылымы, сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды қарастырамыз» деп түйіндеді Б.Қабжанов.
Қазіргі уақытта «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 117 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде әлеу­меттік салаға – «Жастар» сарайын күрделі жөндеу, Бейбітшілік және келісім сарайын ағымдағы жөндеу, сондай-ақ мектептер мен балабақшаларды жөндеу жатады. Тағы бір ірі бағыт – аула аумақтарын, саябақтар мен скверлерді абаттандыру. Инженерлік-көлік инфрақұрылымына жолдарды жаңғырту және салу жатады. ТКШ саласында оңалту орталығының құрылысы, 600 орындық мектеп құрылысы бойынша жобаларды іске асыру жоспарлануда. Айта берсек, мұндай мысалдар әр өңірде бар. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 3 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Айта кету керек, осы бағдарлама аясында өңірде 816 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылмақ. Осылайша, 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Мұндай шаралар өзге өңірлерде де басталды. Демек, маусымдық болса да жұмыс табу мүмкіндігі бар. Сондықтан «екі қолға бір күрек» табу мүмкіндігі күзге дейін сақталуы бек мүмкін.Сұранысқа ие мамандықтар

Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) enbek.kz сайтына мамыр айының басында Қазақстан бойынша жұмыс берушілерден 125,4 мың бос жұмыс орны орналастырылған. Ал жұмыс іздеушілердің түйіндемесі екі есе аз, яғни 75,7 мыңды құрайды.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығы АҚ вице-президенті Балжан Шаменованың айтуынша бос жұмыс орындары мен түйіндемелердің күрт төмендеуі елде енгізілген төтенше жағдай режимімен тікелей байланысты. Алайда карантин шектеулері алынып, нарыққа жан бітіп, кәсіп­орындар жұмысын қайта бастады және олар кадрларға мұқтаж. Жұмыс іздеушілердің бірінші үштігі 2,6 мың – автокөлік жүргізушісі, 2,3 мың – медицина (медбике) қызметкерлері және 2,2 мың – заңгер. Алайда жұмыс берушілер үшін қажет мамандардың үштігіне – патрульдеу инспекторы, күзетші және медициналық қызметкерлер енді. Ең аз сұранысқа ие мамандықтар (түйіндемелер мен бос орындар арақатынасы бойынша) – заңгер, іс жүргізуші және денешынықтыру мұғалімі. Жалпы, жұмыс берушілер тарапынан ең үлкен сұранысқа ие мамандар: кәсіби мамандар – 36,6 мың, қызмет көрсету және сату саласының қызметкері – 21,2 мың, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас сала жұмысшылары 19,5 мың бос жұмыс орны бар.

Жағдайға бейімделіп кәсібін өзгертті

Әлемді дүрліктірген пандемия бір адамды байыта түссе, екінші адамды жұмысынан айырып, кедейлік қамытын іліп қойды. Елордада карантин кезінде мамандығын өзгерткендер аз емес. Бірінші кезекте, сұранысы өскен салалардың маңыздылығы артты. Мәселен, кейбір құрылысшылар таксиге, ал кеңсе мамандары курьер қызметіне ауысты.
33 жастағы Владислав Гудцев – қазір такси жүргізушісі. Павлодар тумасы карантинге дейін құрылыс саласында инженер болып қызмет еткен. Үш баланың әкесі. Жолдасы декреттік демалыста. Санитарлық қызметке сай көлігін күніне екі мәрте дезинфекциялап тұрады. Ал бұрын әуе билеттерін сатумен айналысқан Әлден Мұхамедқали курьер мамандығына уақытша ауысқан. Оның жаңа салаға машықтанып алғаны соншалық, онлайн берілген әр тапсырысты уақытылы орындап отырған.
Иә, карантин уақытында жеке көлігі, самокат немесе велосипеді бар курьер іздеушілер саны ерекше өскені рас. Олардың табысы бір ай ішінде 20%-ға артқан. Курьерлердің айлық табысы орта есеппен 150-200 мың теңгені құрады. Дегенмен бұл уақытша екенін де ойлауымыз керек. Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Coursera жаппай онлайн білім беру платформасымен келісімге келіп, Халықты жұмыспен қамту орталықтарында есепте тұрған жұмыссыздар үшін қажетті дағдылар мен мамандықтар бойынша онлайн-режимде курстан өту мүмкіндігіне қол жеткізді. Ақылы негізде бір курс бойынша оқыту шамамен 400 АҚШ доллары тұрады. Келісім аясында жұмыссыз қазақстандықтарға бұл мүмкіндік тегін беріледі. Ал «Екі қолға бір күрек» іздегендер үшін жұмыс табылады. Тек ынта болса, болғаны.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =