Жұмыла көтерген жүк – жеңiл

0 77

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауының басым бағыттарын түсiндiру бойынша республикалық ақпараттық насихат тобының көшпелi отырысы Астана қаласының Сарыарқа ауданында да ұйымдастырылды.

Алғашқы отырыс қалалық статистика департаментiнде өттi. Оған Сарыарқа ауданы әкiмiнiң орынбасары Төлеген Ахметовпен бiрге аудан тұрғындары, осы мекеменiң қызметкерлерi, барлығы 200-ге жуық адам қатысты.
Жиын барысында Астана қаласы бойынша насихаттық топтың мүшесi, ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi әкiмшiлiк-құқықтық жұмыстар жөнiндегi департаментiнiң директоры Файзолла Бисмилдин баяндама жасады.
Елбасының биылғы Жолдауы әлеуметтiк мәселелерге арналғанын тiлге тиек ете отырып, Мемлекет басышысының ел дамуы жолында айқындап берген он бағытына жеке-жеке тоқталған ол бүгiнгi таңда 2012 жылдың аяғына дейiн әлеуметтiк маңызы бар мемлекеттiк қызметтердiң 60 пайызы, соның iшiнде лицензиялардың барлық түрлерi, тек қана электрондық жүйеде жұмыс iстеуге көшетiнiн, сондай-ақ 2013 жылдан бастап мемлекеттен барлық рұқсат етушiлiк құжаттарды да қазақстандықтар электронды түрде немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алатынын айтты. Осылайша, алдағы уақытта автокөлiктi тiркеу және жүргiзушi куәлiктерiн тапсыру мәселелерi халыққа қызмет көрсету орталықтарының қарауына берiлетiн болады.
Құқық қорғау және арнаулы органдарда сапалы кадрлық жаңарту мақсатында үстiмiздегi жылдың 1 шiлдесiне дейiн олардың бүкiл жеке құрамын қайта аттестаттаудан өткiзiлетiнi туралы әңгiмелей келе, Ф.Бисмилдин одан әрi бiлiм беру, денсаулық сақтау салаларының жұмысы жөнiнде сөз еттi. Расында да, қазiргi кезде Астанада денсаулық сақтау саласын дамыту iсiне көп көңiл бөлiнiп отыр. Осыған орай, биылғы Жолдауда елiмiздiң денсаулық сақтау жүйесiн жаңа заман талаптарына сай модернизацялау мен әлемдiк стандарттарға сай сапасын арттыру мәселесiне ерекше маңыз берiлдi. Тiптi, бүгiндерi тек Астана мен Алматыда ғана емес, барлық облыс орталығында күрделi операциялар жасалынуда. Елiмiзде бала туу өсiп, адамдардың өмiр сүру ұзақтығы ұлғайып келедi. Қан айналу жүйесi ауруларынан болатын өлiм көрсеткiшi 1,7 есеге төмендеген. Әрине, көңiл қуанады. Бұл бағытта атқарылып жатқан игiлiктi iстер төңiрегiнде сөз еткен республикалық насихат тобының мүшесi, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Жұмыспен қамту департаментiнiң директоры Дәулет Арғындықов айтты.
Көшпелi отырыс сол күнi қаламыздағы №4 емханада, одан соң №3660 әскери бөлiмшесi мен көлiктегi iшкi iстер департаментiнде жалғасын тапты. Жиынға қатысқандар өздерiн толғандырған мәселелерге, атап айтсақ қолжетiмдi баспананы қалай алуға болатыны, әлеуметтiк жатақханалар туралы, сондай-ақ әйелдердiң зейнет жасының өзгеруi ұзартылуы турасындағы сұрақтарына толық жауаптар алды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 1 =