Жұмекенге ғашық болмау мүмкін емес

0 181

Әбіш КЕКІЛБАЕВ, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы

Жұмекенді көп білетіндердің бірі мен болуым керек. 1959 жылдың сәуір айынан таныстығымыз басталған… Сабаққа бармай, лекциядан қалып қойып, жатақханада кітап оқып жатырмын. Достоевскийді оқып жүрген кезім еді. Есіктен бір кісі кіріп келді. Қолында домбырасы бар, музыкант екені көрініп тұр… Ақырын орнымнан түрегелдім. Қарап-қарап тұрды, домбырасын қойды, темекісін тартты. Содан кейін, «Ә-ә, Кекілбаев, осында екенсің ғой» деп, бір миығынан күлді. Алғашында оның кім екенін білген жоқ едім…
«Давай, кеттік» деді. Соңынан ілесіп келем. Алма­ты­ның бір шеті. Ипподромнан өттік. Кедір-бұдыр бір жолдарды айналып, үйге келдік. Есіктің алдында екі баласын көтерген екі келіншек тұр. Сол екі келіншектің ағы Нәсіп болды, қара торысы көршісі болып шықты. Екі жанұя бір үйді жалдап тұрады екен…

Сол күні Жұмекенмен таныстым, сырластым. Содан бастап арамызға қыл түскен жоқ, көзі жұмылғанша бірге болдық.

Жұмекенде айналасын сондай тез үйіріп алатын мінез болатын. Өзі үндемейді, көп күлмейді, көп сөйлемейді, көп сыр айтпайды. Бірақ, бір танысқан, сырлас болған адамын маңында ұстайтын. Сондай мінезді адамның біреуі Ғафу Қайырбеков ағамыз еді.

Ол кезде Алматыда ақындар көп. Қазіргідей жас ақын­дар жоқ. Сол жас ақындар енді көбейіп келе жат­қанда, жас ақындардың ішіндегі бас ақыны Ғафу бола­тын. Ол сол кездегі «Жазушы» баспасының поэзия ре­дакциясын басқаратын еді. Жұмекенді азғырып жүре­тін, «кон­серваторияны тастап, біздің баспаға кел» деп.

…Әр кеш сайын басымыз қосылады. Жұмекенге «Өлең оқы» дейміз. Жұмекен оқымайды, оқыса да, қиналып оқитын. Оқығысы келмейтін. Кейін түсіндім, оның поэзия туралы ұғымы мүлде бөлек екен. Біздің ақын жайындағы ұғымымыз атақты «қазақбайский» ғой баяғы. Трибундық поэзия ғой. Арғы бабаларымыздан келе жатқан. Айтқанын сол сәтте мойындату, экспрессивті ұғым… сол дәстүр әлі жалғасып келеді. Шын мәнінде, бұл – халықтың бойында ұзақ уақыттан бері қалыптасқан жақсы ұғым. Шамалыда әлі өзгере қоймас бұл. Бірақ, соны өзгертуді бастағандардың ең үлкені – Абай. Абай өле-өлгенше соның соңында өткен кісі. Содан кейін Жұмекен.

Поэзия – ешкімге айтпайтын құпиясын жазып қоятын қойын дәптер екенін, тек адамның өзі ғана сырласатын, өзіне де сеніп болмайтын сырларын, сөздерін жазып отыратын жанр екенін дүниежүзілік лириканы оқығанда барып көзіміз жетті. Міне, осы стильдің соңына алғаш түскендердің бірі – Жұмекен.

Ол кездегі қазақ поэзиясының кедір-бұдыры көп, жақсы-жаманы да көп еді. Керемет, алтындай, тоқпақтай-тоқпақтай тұлпар жырлар да келе салатын. Өйткені, бұл қазақ ақынының мырзалығынан, жомарттығынан, далиған дала сияқты кеңдігінен. Мінеки, осы әдісті, дәстүрді мойындамай кеткен Жұмекеннің поэзиясы, шын мәніндегі таза, жазба әдебиеттегі лирика. Ешқандай қосуы жоқ. Мұндай поэзияны ешкім жазады деп те ойламайды ол, тіпті, Нәжімеденов те жазады деп ойламайды. Соның барлығы Жұмекен дүниеден қайтып кеткен соң, жарқ-жұрқ етіп, дүниежүзіндегі ең ескі, кәрі теңізден кәнігі пираттың өзі таба алмай қалған қазынасындай алдымыздан шыға келді. Ол – Жұмекеннің жеті томдығы.

Жұмекен қандай ақын болса, сондай жазушы. Қазір оның прозаларын қарап, қатты таң қалып жүрмін. Жұмекеннің үш романы, әңгімелері сол кезде ешкімнің ойына келіп көрмеген сондай шынайы проза. Шынайы проза – шын проза, өмірде не болады, адам қандай нәрсеге күйіне алады, қандай нәрсеге сүйіне алады, тебірене алады, міне, ол сол туралы… Қазақ әдебиетінде ойына алған ең үлкен екі істі іс қылып, екі істі үн-түнсіз бітіріп, ұрпаққа тастап кеткен жазушы – Жұмекен Нәжімеденов.

Сол Жұмекеннің өмірден өткеніне де біраз жыл болды. Оны көзі тірісінде де, қайтыс болғаннан кейін де жазып жүрмін. Достарым туралы, жастар туралы көп жазғанмын. Жастарға басшылық та етіп көрдім. Әдебиет жағынан бас-көз болдым. Соның барлығын түсінетін, барлығына ерекше ризадарлықпен қарайтын, бірақ, «сен солай істеп жүрсің» деп айтпайтын, ең түсіне білетін адам және Жұмекен. Өйткені, мен прозадан екі-үш кітап бергеннен кейін Жұмекен үйіне шақырды. Бардым. Жұмекен жазғандарын көп кісіге оқымайды. Оқыса, маған ғана оқитын. Кейде Зейнолла Серікқалиевқа оқиды. Екеуміздің басымыз қосылып отырса және оқымайтын. Күйді де тек бір кісіге тартатын. Оның өзі көңілі құлаған кісіге. Сонда айтты: «Әй, Кекілбаев, сен тым-тырыс жүре бересің, айтпайсың. Айтпасаң да, сенің не істеп жүргеніңді білеміз ғой» деп. Сонда менің кітаптарымды оқығанын айтқысы келген екен ғой.

Сондай адамды қалай айтуға болады?! Жұмекенді адам бола тұра, сүймеу мүмкін емес. Ғашық болмау мүмкін емес.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × two =