Жұманазар САДЫРХАНОВ: ТАНЫМДЫҚ НАСИХАТ ЖҮРГІЗЕМІЗ

0 171
иман
Жұманазар САДЫРХАНОВ, С.Ғылмани мешітінің бас имамы

 

–  Жұманазар   Өсерханұлы,  елордамыздағы тамыры терең құлшылық үйі – С.Ғылмани мешітінде қандай оң өзгерістер бар? Жағымды жаңалықтарыңызбен бөлісе отырсаңыз…

– Мешіттің жалпы қызметі халық арасында уағыз-насихат жүргізу екені баршамызға мәлім. Елордамызда бой көтерген тұңғыш мешіт болғандықтан, мұнда қызмет жасау үлкен жауапкершілік жүктейді.

Бүгінде мешіттің насихат, ағартушылық жұмысында алға ілгерілеушілік бар. Айталық, мешітіміздің ресми порталы жұмыс істегелі еліміздің ақпараттық кеңестігінде өзіндік беделі бар айтулы сайттардың біріне айналды. Бұл біздің үгіт-насихатымыз бен дініміздің құндылықтарын қалың қауымға жеткізудегі таптырмас қолқанатымыз болды. Дін қызметкерлері порталымыз арқылы көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарына жауап беріп, жұма уағыздарын апта сайын елге ұсынып келеді. Ресми сайт жұртшылықпен етене жұмыс істеуде өзінің пайдасын тигізіп отыр.

Өздеріңізге де мәлім, сәуір айының соңында Дін істері агенттігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен мешіт жанынан Сәдуақас қажы Ғылмани мұражайы ашылған еді. Асыл дініміздің құндылықтары, әдебиетіміз бен мәдениетіміз туралы 42 кітап жазып қалдырған, ғұмыры Сарыарқада өткен дін ғұламасы, жиырма жыл Қазақстан мұсылмандарының қазиы болған  Сәдуақас қажы Ғылмани еңбектерін зерделеп, келер ұрпақты  отансүйгіштікке баулып, азамат болуға насихаттауда бұл мұражайдың орны айрықша.

– Жамағатпен жиі кездесу ұйымдастырып тұрасыздар ма?

– Әрине, күнделікті жұмысымыз мешітте болғаннан кейін, Алла үйінің жұмысын жандандыру – біздің борышымыз. Жалпы, күнделікті бес уақыт намазда 300-500-дей жамағат келеді. Оның ішінде ақсақалдарымыз да баршылық, ал басым көпшілігі жастар болғандықтан, олармен жиі пікір алмасып, имани сауаттылыққа шақырып, жат ағымның шырмауында қалмауына қол ұшын берудеміз. Бұл үрдіс тек мешіт аумағында емес, басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда өз жалғасын табуда. Айталық, мешіт имамдары жоғары оқу орындарында студенттермен, түрмелерде жазасын өтеушілермен, сауықтыру мекемелерінде емделушілермен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен жиі жүздесіп тұрады. Мәселен, жыл басынан бері Астана қаласы Дін істері басқармасы және ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен елорда мектептерінде «Тәрбие мен білім егіз» атты ағартушылық дәрістері ұйымдастырылды. Елорда жамағаты арасында «Салауатты жамағат», «Теңбіл доп» секілді спорттық шаралар ұйымдастырып, ауызбіршілікте болуына, дұрыс тұрмыс салтын ұстануға бағыттаймыз. Бұл сайыстарға да мешітіміздің  имамдары мен жамағатымыз белсене қатысып келеді.

– Діни басқарма мешіт жұмысында қайы­рымдылық шараларын жиі ұйымдастыруға айрықша маңыз артады. Бұл бағытта  қандай ізгі істер атқырылуда?

– Ислам дініндегі басты құндылықтардың бірі – қайырымдылық. Алла тағала берген мал-мүлікті жақсылыққа, қайырымдылыққа жұмсаған адам мол сауапқа ие болады. Пай­ғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ақиқат байлық – мал-мүліктің көп болуы емес, ақиқат байлық – кеңпейілділік, қайырымдылық» десе, Әбу Һүрайрадан (р.а.) имам Мүслім жеткізген тағы бір хадисте «Қайырымдылық – жақсы қасиет» делінеді.

Осыған орай, жыл басында бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы еліміздегі барлық ме­шіттерге қайырымдылық шараларын көптеп ұйымдастыру туралы тапсырма жүктеген болатын. Тапсырма аясында мешітімізде бірнеше қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. Айталық, таяуда Астана қаласындағы «Asia park» сауда ойын-сауық орталығында «Мейі­рімділік-М» қорының ұйымдастыруымен өткен мүмкіндігі шектеулі балалардың көрме-жәрмеңкесіне арнайы қатысып, мешіт атынан кең диагоналды LG теледидарын сыйға тарттық. Сондай-ақ, Астана қаласындағы №36 орта мектебінде оқитын, тұрмысы төмен отбасынан  шыққан жеткіншектердің ата-аналарына көмек көрсетіліп, қырық отбасына азық-түлік таратылды және мүмкіндігі шектеулі бір балаға мүгедектік арбасы сыйға тартылды.

Бұған қоса, мешітімізде апта сайын үлкенді-кішілі қайырымдылық шаралары ұдайы жүргізіліп отырады. Мәселен, жолда қалған жолаушыларға, қаламыздағы тұрмысы нашар отбасыларға,  мұқтаж жандарға ақшалай және материалдық тұрғыда көмек беру үрдіске айналған.

– Бұқараны діни сауаттандыру – қазіргі кезде өзекті мәселенің бірі. Осы мақсатта Діни басқарма бекіткен бағыттар аясында қала мешіттерінде сауат ашу курстары қолға алынған. Бұл бағыттағы жұмыстарыңыз алға басуда ма?

– Хадис шәріпте ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) былай деп сүйіншілейді: «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үй­реніп оны басқаға үйреткендерің». Хадисте айтылғандай «ең жақсылардан болу» әрбір мұсылманның биік мұраты болуы тиіс. Алла үйінде Пайғамбарлар мирасы болған білімді насихаттау мақсатында үрдіске айналған нақты іс-шаралар атқарылып келеді. Айталық, біз мешіттен білім алуға келген адамдарды Ислам құндылықтарымен таныстырып, салихалы мұсылман болуы үшін қолымыздан келгенше көмектесеміз. Ал, сауат ашу курсы – сол іс-шаралардың бір тармағы ғана. Мешітіміздің сауат ашу курсында 175 адам тұрақты сабақ алуда. Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлының «Кемі бес шәкірті болмаған имам өзін имам деп санамасын» деген  сөзі бар. Хазіреттің үндеуін басшылыққа алған мешітіміздегі имамдар сауат ашу курсынан тыс 5-10 шәкіртке күнделікті білім беруде. Онда Құран оқып үйрену, Ислам әдебі, Ислам тарихы, тәжуид, ақида, ахлақ пәндерінен сабақ беріліп келеді. Оқушылардың жазғы демалысын ұтымды пайдаланып, ата дініміздің арда құндылықтарын жас ұрпақтың  бойына сіңіру мақсатында мешіт жанынан мектеп балаларына арналған жазғы сауат ашу курсы жүргізіліп, онда елуден аса шәкірт Құран әліппесі, Дәрет алу тәртібі, Намаз үйрену, т.б. Исламның құндылықтары, әдеп-ахлақ, ата-ананы құрметтеу, білімнің қадір-қасиеті сияқты дәрістерден сабақ алды.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: Жайық НАҒЫМАШ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × three =