Жұлдызы жарық Жасмина

0 9

«Қазақстан» орталық концерт залында Мәдениет және спорт министрлігінің, Нұрсұлтан Назарбаев қорының және Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының қолдауымен ұйымдастырылған «Бала дауысы» ән байқауының VI маусымының жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды.

бала дауысы

Финалға биыл 25 наурыз бен 15 мамыр аралығындағы іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қаласы мен он төрт облыстың 17 жас дарынды өнерпазы жолдама алды.

«Бала дауысы» ән байқауының VI маусымының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, жоба авторы Әлия Назарбаева, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев, Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры Айман Мұсақожаева қатысты.

Бірінші айналымда «Шетелдік және отандық хит әндер» концерттік бағдарламасы өткізіліп, жас әншілер танымал туындыларды Илья Башкатов жетекшілігіндегі топтың сүйемелдеуі­мен орындады. Ал екінші кезеңде, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Бала дауысы» жобасының 5 жылдығына арналған «Туған күніңмен, бала дауысы!» атты Гала-концертте балалар алдыңғы жылдардың финалис­терімен бірге танымал және авторлық әндерді шырқап, әрбір жас қатысушы өз өнерімен және кәсіби шеберлігімен қалың көрерменді тәнті етті.

Сайыс қорытындысы бойынша Бас жүлде – Қазақ ұлттық өнер университетінде оқу грантын елордалық Жасмина Түзелова иеленді. Ал бірінші орынды Маңғыстау өңірінен келген Әмина Асғатова алса, екінші орынды алматылық Юлия Макс пен қарағандылық Виктор Емельянов иеленді. Үшінші орынға – Атырау облысының өкілі Алтынай Төлеген, Қызылорда облысының жас әншісі Серік Мадияр және Түркістан облысынан сынға түскен Майя Болат жайғасты.

Жыл сайын ондаған жас үміткерге өнер әлеміне жолдама беретін «Бала дауысы» конкурсының биылғы іріктеуіне еліміздің түкпір-түкпірінен 8 бен 12 жас аралығындағы 5 583 бала қатысқан.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =