Жұлдыздар шеруі

0 18

Astana Opera Халықаралық опера академиясының салтанатты ашылуына орай шетелдік және отандық опера жұлдыз­дарының қатысуымен театр сахнасында концерт өтті.«Астана Операның» жетекші солистері мен шақырылған опера әншілері жоғарғы деңгейде музыкалық кештің ауқымды бағдарламасын ұсынды. Вокалистердің өнері мен театрлық әсерлер, әртістердің сән-салтанатты костюмдері, италиялық шебер Серджио Металлидің эксклюзивті бейнепроекциялары аталған концертке ерекше әсер берді. Көпшілік сахна көрініс­терінің ерекшелігі – сахна кеңістігіндегі әр бұрыштың өзіндік өмірі, тыныс-тіршілігі болды. Ал осынау тіршілікке ресейлік опера режиссері Михаил Панджавидзе жан бітіріп, мизансценаларды айрықша талғаммен орналастырды.
Бұл кеште симфониялық оркестр әрбір нөмірде түрлі дыбысталды. Оған кәсіби дирижерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, Джузеппе Акуавива (Италия), Руслан Баймурзин жетекшілік етті. Ал бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
Айгүл Ниязова мен Саян Исиннің орындауындағы М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан Айтыс пен Мереке би кештің шымылдығын ашты, ұлттық нөмірлер батыс еуропалық классикамен алмасты – С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Серкенің каватинасы,
Дж.Пуччинидің «Тоска» операсынан көрініс, «Турандот» операсынан Калафтың ариясы және тағы басқа көптеген композициялар орындалды.
Сондай-ақ Марианджела Сицилия, Риккардо делла Шукка, Маттиа Росси (Италия), Бадрал Чулуунбаатар (Моңғолия), Бауыржан Әндержанов, Медет Шотабаев, Жұпар Ғабдуллина, Талғат Мұсабаев, Салтанат Ахметова, Азамат Жылтыркөзов, Әлфия Кәрімова, Болат Есімханов, Шыңғыс Расылхан, Расул Жармағамбетов және т.б. опера сахнасының танымал есімдері өнер көрсетті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 6 =