ЖҮЛДЕЛІ ЖҮГІНІСОВ

0 191

Мұхаммедәлі Жүгінісов

«Аялаған Астана» жеңімпазы енді «Жаңа толқында» бағын сынамақ.

Қала күніне арналған мерекелік шаралар аясында «Аялаған Астана» атты республикалық жобаның ақтық кезеңі өтіп, жүзден жүйрік анықталды. Енді «Артек» лагеріндегі балалардың Халықаралық «Жаңа толқын» ән байқауында ел намысын астаналық өнерпаз Мұхаммедәлі Жүгінісов қорғайтын болды. Сонымен бірге оған 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық тапсырылды.

«Еуразия» бірінші арнасының» тікелей эфирінде көрсетілген байқаудың финалы үш күнге созылды. «Балалық шақтың әнұраны» кезеңінде қатысушылар балалар репертуарындағы әндерді орындады. Екінші күні олар кәсіби әншілермен бірге дуэт құрып, танымал мультфильм әндерін шырқаса, сайыстың ақырғы күнінде кішкентай әншілер атамекенге, еңселі елорданың туған күніне патриоттық әндерін тарту етті.

Финалға 17 қатысушы шықса да, дайындық барысындағы бір айдың ішінде ұйымдастырушылар олардың кейбіреуін дуэт пен триоға біріктірген болатын. Көрермен назарына әр күні 12 нөмір көрсетіліп отырды. Бүлдіршіндер «Zaratushtra Band» оркестрінің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән салып қана қоймай, қойылым тәріздес нөмірлерінде актерлік шеберліктерін де байқатты. Бір ай бойы вокалдан сабақ алған олар дұрыс тыныс алуды, нотадан ауытқымауды үйренгендіктерін айтады. Онысы айқын көрінеді. Себебі балалар әнмен қоса, жүгіріп те, секіріп те, қиын-қиын қимыл қозғалыстарын жасап, би билеп те үлгерді. Ал, сахнада бәрін ұштастырып, әнді жеткізе білу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні рас. Осы ерекшеліктерді қазылар алқасындағылар үнемі тілге тиек етіп, әнге деген құштарлықтарына таңданыстарын жасырмады. Қазылар алқасының құрамында Байғали Серкебаев, Жанар Айжанова, Жұбаныш Жексенұлы, Сергей Лазарев, Тимати, Юлианна және жоба продюсері Лина Арифулина болды. Сонымен қатар, халық та қатысушылардың өнерін бағалап, смс-хабарлама арқылы дауыс беру мүмкіндігіне ие болды.

Орал қаласынан келген Дания Ишанқұлова «Көрермен көзайымы» атанды және 1-орынды еншіледі. Ал, 2-орын «Балапанчики» триосына және Жанайкерім Өтегеноваға бұйырды. Алматылық Ясмин Мажитова жүлделі 3-орыннан көрінді. Сонымен қатар, Астана қаласының әкімдігі атынан арнайы сыйлық Настя Першиковаға, ал «Нұр Отан» партиясының атынан қызылордалық Диас Омарға тапсырылды.

Ал, финалда ең жоғары ұпай санын жинаған Мұхаммедәлі Жүгінісов гран-при иегері атанды. Жеңімпаз екенін естігенде ол: «Баршаңызға рахмет! Мен өте бақыттымын!» деп, қуаныштан көзіне жас алды. «Қабілетіңді кім байқады?» деген сұрағымызға ол: «Бір күні ағам Рүстем «Носа» деген ән салып жүрген. Мен болсам, қосыла кеттім. Дауысымды естіп, «Мә, Мұхаммедәлі тағы айтшы» деп таңғалды. Сөйтіп, маған да көп нәрсені үйрете бастады. Ал, вокалмен 6 жасымнан бастап айналыстым. Мен болашақта әйгілі Майкл Джексон, тым құрымағанда ағам сияқты әнші болғым келеді» деп жауап берді. «Анам артқа қарамай, алға ұмтылу керек екенін үнемі айтып отырады. «Жаңа толқында» да гран-приге қол жеткіземін деген сенімім мол» дейді ол.

УЫЗ ЛЕБІЗ

Роза РЫМБАЕВАРоза РЫМБАЕВА, Қазақстанның халық әртісі: – Ең талантты, ең әдемі балалар өнер көрсетті. Әрқайсысы ешкімді қайталамайтын, ешкімге ұқсамайтын дара дарын иесі. Жеңбегендер еңселерін түсірмесін. Мен де жастайымнан талай байқауға қатыстым. Бірақ менің басты конкурстарым он сегіз жасымнан басталды. Ал бұл балалар, тіпті, кішкентай! Яғни, олардың өміріндегі музыка мерекелері әлі алда. Ән – өз ішімізде. Ол қанаттандырады, бақытты етеді. Ең бастысы, музыканы шын сүю керек!      

     

Жанар АЙЖАНОВАЖанар АЙЖАНОВА, әнші: – Адамның талабы, қабілеті кішкентай кезінен байқалады. Бойда көрінген сол қасиетті уақытында баптап, шыңдау керек. Ал, «Аялаған Астана» – шығармашыл балалардың тілекшісі. Өкінішке қарай, біздің кезімізде мұндай мүмкіндіктер болған жоқ. Байқаудың үшінші күнінде қазылар алқасына шақырылдым. Келген бойда, ұйымдастырушылар «Мұхаммедәлі деген бала бар. Алғашқы күннен-ақ жақсы көрініп, жоғары ұпай жинап келе жатыр» деп бізге алдын ала құлаққағыс етті. Қанша дегенмен «әділ қазы» деген атымыз бар ғой, «Ешкімді бөліп жарғымыз келмейді. Әуелі бәрін тыңдап алайық. Кейін тиісті бағаларын қоямыз» дедік. Естідік, көрдік. Шынымен Мұхаммедәлі көзге оттай басылды. Дауысы жақсы, топ жаруға лайық екен! Бұл балалардың жолдары ашылды. Вокалдан сабақ алды, сахна мәдениетін меңгерді, актерлік шеберлікке үйренді. Тіпті, сахнаға шығып кеткен кей әртістерден де асып тұр. Ендігі менің ойым, жүлдеге ие болғандар жетекшілерін тауып, ал қалғандары көлеңкеде қалып қоймаса екен. 

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − six =