ЖҮЛДЕ АЛҒАН ЖОБАЛАУШЫЛАР

0 136

Ұлық мерекемiз әз-Наурыз биыл жалпыхалықтық көлемде көркейiп өттi. Оған қаладағы құрылымдық мекемелердiң ұлттық салт-дәстүрдi дәрiптеп, асылын айшықтап, көрсете бiлгенi көңiлге қуаныш ұялатты.

Мейрамның мазмұны кең, шырайы шарықтағанын «Қазақ елi» алаңынан бастап, қаланың өзге өңiрлерiнде жалпы халыққа арналып өткiзiлiп, кең дастархан жайылғанынан айрықша аңғардық.
Соның бiрi әрi бiрегейi «Армысың, Әз-Наурыз!» атты қалалық конкурс болды. Ұлыстың ұлы күнiне арналған мерекенi қалалық Тiлдердi дамыту басқармасы ұйымдастырды. Сайыста көптеген мекемелер мейрамның өзiндiк табиғатын көрсетуде ерекшелiктер танытты. Олар қазақы салт-дәстүрдi көрсетiп, тыңғылықты дайындықтарымен көзге түстi. Қазылар алқасы байқаудың шартына сай мекемелердiң белсендiлiгiн, еңбегiн, шығармашылығын бағалады. Бағалау барысында бұл мейрамның көпшiлiктi қамту сипатына, ұлттық дәстүрлердiң шынайы паш етiлуiне, Наурыздың табиғи болмысын ашу ерекшелiгiне, қайырымдылық мәнiне ерекше назар аударылды. Бұл шараға «Астана қаласының бас жоспары ғылыми зерттеу – жобалау институты» МКК да үлкен дайындықпен келiптi.
Баир Досмағамбетов басқаратын бұл мекемеде барлығы 200 адам жұмыс жасайды. Олар 2030 жылға дейiн Астана қаласын дамытудың аймақтық жоспарына түзету енгiзу жобасын әзiрлеп бекiттi. Сондай-ақ, қала маңы аймағының құрылысын жоспарлау кешендi сызбасын әзiрлеген. Әкiмдiктiң тапсырмасымен түбегейлi жоспарлау жобаларын дайындаумен айналысады.
Наурыз мейрамын атап өтуге ұжым мүшелерi толығымен белсене атсалысты. Бұлардың ғимаратты безендiруi, қазақ халқының ежелден үзiлмей келе жатқан көне салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптарын көрсетуi, ұлттық киiмдерiнiң сәндiлiгi айрықша көз тартты. Өз өнерлерiн ортаға салып, күмбiрлеген күй мен әсем әндер, ұлттық салт-дәстүрiмiзден көрiнiстер көрсетiлiп жатты. Үкiлi кәмшат, бүрмелi көйлек киген бойжеткендер мен сымбаты келiскен бозбалалар Наурыз-шашу шашты. Олар мерекенi наурыз жырын айтып, наурызкөже iшiп, наурыз биiн билеп, наурыз бата жасап, жоғары деңгейде өткердi. Ою-өрнегi келiскен киiмдермен шыққан жiгiттердiң «Сандық-қандық» ойыны жиналғандар көңiлiн бiр көтерiп тастады. «Қара жорға» биiнiң сайысы да қызыққа толы болды. Қазылар бұл мекеменiң қонақ күту рәсiмдерiн жоғары бағалады.
Ал байқаудың қорытындысында «Астана қаласының бас жоспары ғылыми зерттеу – жобалау институты» МКК жүлделi үшiншi орыннан көрiндi.

Еркежан КӨПТIЛЕУҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + two =