©2020 Астана Ақшамы
Жүктілік кезінде ауырмаған абзал
Елбасы айтқандай, ауруларды ерте кезеңінде сауатты түрде алдын-алу жұмыстарын орындаудың маңызы зор. Бұл бағытта біздің орталықта көптеген жұмыстар жүзеге асырылуда.
Біздің босану мекемесінде жұмыс істейтін дәрігерлер тыныс алу жолдарының жедел патологиясымен ауыратын жүкті әйелдерді күн сайын кездестіріп жатады. Жедел респираторлы аурулардың қауіптілігі сол, ол мынадай пневмония, жүрек-қантамыр жүйесінің, созылмалы аурулардың, бұлшықеттің асқынуы мен бронхит, отит және т.б. асқынуларды дамытады.
Жедел респираторлы аурулар организмнің қорғау қабілетін төмендетіп, ревматизм, созылмалы пневмония, холецистит, пиелонефрит және т.б.созылмалы аурулардың асқынуына алып келеді. Бұл, әсіресе жүкті әйелдер үшін қауіпті. Өйткені, жүктілік кезінде және босанар алдында әйелдердің инфекцияға төзімділігі аз, ал тұмауға бейімдірек болып келеді. Жүкті әйелдердің инфекциялық ауруларға сезімталдығы жоғары, сондықтан олар көбінесе тұмаудың ауыр және асқынған түрлеріне шалдығып жатады. Вирус анаға жұғып, организмінде инфекциялық үдеріс пайда болады. Ол бала жолдасы арқылы өтіп, бала жолдасын және ұрықты инфекциялайды. Бала жолдасының зақымдалуы немесе стафилококкты инфекциямен белсендірілуі жүктіліктің 8-9 аптасында кездеседі.
Жедел вирусты инфекциялық аурулар жүктілікті үзу қаупін жоғарылатады. Жүктілік кезіндегі тұмаумен ауырған әйелдер көбінесе баланы уақытына жеткізе алмауы мүмкін. Аурудың асқынуы көбінесе жүктіліктің екінші жартысында, яғни олардың инфекцияға төзімділігі аз болғанда кездеседі.
ЖРВИ және тұмаудың алдын алу үшін жүктілер арасында салауатты өмір салтын ұстану керек. Санитарлы-гигиеналық режимді сақтау, яғни қолды дұрыс жуу, әсіресе қоғамдық ортада болғаннан кейін, мұрынға оксалин майын жағу, жуа және сарымсақты қолдану, адами лейкоцитті интерферонды қолдану, аскорбин қышқылын қабылдау, бетперде (маска) кию, үй ішін ылғандандыру және таза ауамен желдету, дәрумендері бар, әсіресе құрамында аскорбин қышқылы бар көкөністер мен жеміс-жидектер қабылдау қажет. Жүкті әйелдер өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарауы керек.
Гүлфайруз ОРАЗБАЕВА,
Астана қаласы №2 перинаталдық орталығының бас дәрігері