ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕРГЕ КЕҢЕС БЕРІЛДІ

0 297

photo_98447

Астанадағы №1 перзентханада Әйелдерге кеңес беретін орталық күрделі жөндеуден өтіп, қайта ашылды. Онда аналарға жүктілік, босануға дайындық, перинаталдық ахуал мәселелері бойынша мәліметтер беріледі. Дәрігерлер жүктілік кезеңінің қалай өтетінін түсіндіріп, босануға көмектесетін серіктерді даярлайды. Қысқасы, аналар бала тууға қатысты бүкіл ақпаратқа қанығады.

Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаеваның айтуынша, стационарда Балалар ауруларын интеграциялық жүргізу жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдар­ламасы енгізілген. Сондай-ақ, жаңа босанған жас аналарға сәбилерді емізуге, оларды бағып-күтуге, жөргекке орауға үйрететін, екпе жасау мерзімдерімен, босанғаннан кейін аурулардың алдын алумен таныстыратын «Жас ана мектебі» жұмыс істейді екен.

«Алайда, фертильді жастағы әйел­дердің санының өсуі, алдын ала грави­дар­лық дайындықтың болмауы және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамау, жүктілік кезінде босану және босанғаннан кейінгі кезеңде қиын жағдай пайда болуына әкеп соғады. 2011 жылы 116 жас босанған әйелдерде қиын жағдайлар орын алса, 2013 жылы 76 әйелде осындай оқиғалар байқалды» дейді орталықтың бас дәрігері Зайтуна Хамидуллина.

Перзентхананың консультациялық-диа­гнос­тикалық бөлімі қалалық емха­­на­­лармен өзара тығыз қарым-қаты­наста. Үстіміздегі жылдың І тоқ­­са­­нын­да қалалық емханалардың анте­на­тал­дық бақылауының екінші кезеңінде жоғары қауіп-қатер тобына жат­қы­зыл­ған 629 жүкті әйел анықталды. Бұдан басқа, қалалық перзентханада ауыр халде жеткізілген 9 әйел дағ­да­рыс­тық жағдайдан шығарылды. Босан­ған­нан кейінгі психологиялық жағдайды бақылау, психологиялық ауыт­қу­шы­лық­тар анықталған жағдайда оларға көмек көрсету мақсатында психологтармен сабақтастық орнатылды. І тоқсанда 1663 жаңа босанған әйел психологиялық тексеруден өтті.

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 8 =