Жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқарамын

0 75

Бахтияр АРТАЕВ, бокстан Афина олимпиадасының чемпионы

– Сәлеметсіз бе? Қызметіңіз қайырлы болсын! Сіз басқа­ратын «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының басшысы міндетіне не кіреді?

Жансая ӘЛІМБАЙ,
сот орындаушысы

– «Астана» кәсіби спорт клу­бының басшысы болу маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл – мен үшін үлкен құрмет әрі зор сенім. Сол сенімді ақтау үшін бойымдағы бар білім-тәжірибемді аямаймын. Негізгі міндетім – клуб қызметінің жұмысын жүргізіп, қадағалау. Мұнда спорттың бағытын жан-жақты түсінетін білікті, білімді азаматтар қызмет етеді. Барлығымыз бір кісідей жұмылып, нәтижелі іс тындырамыз деген ойдамын. Жұмысқа толығымен кіріскен кезде еңбегімізді бағалай жатарсыздар. Ең бастысы, әлем алдында бас қаламыз – Астананың өзіндік брендін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етеміз.

– «Астана» клубында спорт­тың қай түріне көп мән беріледі?

Данияр, инженер

– Шамамыз келгенше спорттың біраз түріне басымдық беруге тырысамыз. «Барыс» шайбалы хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Астана» футбол клубы, «Астана арландары» кәсіби бокс клубы, «Astana Dakar Team» автоклубы, «Pro Team Astana» велоклубы, «Астана СК» су добы командасы, «Астана» ат спорты клубы, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры секілді ірі жобалардың басы біріктіріледі. Осы аталған ұйымдардың басында тәжірибелі де өз ісінің білгір мамандар қызмет атқарады. Осындай білікті азаматтармен жұмыс істеу мен үшін үлкен абырой деп есептеймін.

– Бұған дейін бірнеше жерде мемлекеттік қызметтерде істе­діңіз. Соларды атап өтсеңіз…

Алия БЕГДЕРБЕКОВА, тұрғын

– Олимпиададан кейін ұсыныс түскен соң, біраз жұмыстар ат­қар­дым. Алдымен ҚР ІІМ Ішкі әскері спорт командасының аға нұсқаушысы, бөлім бастығының орынбасары, Тараз газ шаруашы­лығы басқармасының инженері, өз атымдағы бокс мектебінің директоры, Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы Айша-Бибі ауылының әкімі болдым. Одан кейін Жамбыл облысы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасында басшылық қызмет атқардым. Кейін әкімдіктің аппарат басшысының орынбасары болдым. Қолымнан келге­нінше барымды салып, өзіме жүк­тел­ген жұмыстың бәрін жауапкерші­лікпен атқардым деп ойлаймын.

– Вэл Баркер атындағы кубокты тұңғыш алған қазақ ретінде атыңыз тарихта қалары сөзсіз. Енді өзіңіз шәкірт тәрбиелеу мәселесіне қалай қарайсыз?

Арнұр, оқушы

– Әзірге шәкірт тәрбиелеу ісі мүмкін болмай тұр. Алдағыны Алла біледі ғой, өзім әлі бір шешімге келген жоқпын. Бұл мәселені болашақтың еншісіне қалдырайық.

– Сіз үшін рингке шыққан қиын ба, ел алдына-мінберге көтерілген қиын ба?

Гүлсара, есепші

– Екеуінде де аса үлкен жауап­кершілікті сезінемін. Қайсысының болса да, өзіндік қиындығы мен қы­зығы қатар жүреді. Екеуінің де жауап­кершілігі мол дер едім. Бірін­шісінде ел намысы таразыға тар­тылса, екіншісінде мемлекеттік істің шаруа жайының қамын жей­сің. Қайсысы болса да оңай емес.

– Бақтияр аға, әлеуметтік же­лілерде сізді спортқа қай­тып оралады деп жүр. Бұл қаншалық­ты рас?

Дарын, студент

– Спортқа қайтып оралмаймын, себебі, менің жасым өтіп кетті. Спорт мен үшін арман болып қалады. Әрі қазіргі таңда мүлдем уақытым жоқ десе де болады.

– «Астана арландары» командасы жөніндегі пікіріңізді біле кет­сек? Жалпы, бүкіләлемдік бокс се­рия­сы аясында өтетін осы тур­­нир туралы не айтар едің?

Қайрат, зейнеткер

– Сұрағыңызға рахмет! Бұл жобаны өз басым қолдаймын. Себебі, көптеген талантты боксшылардың өздерін кәсіпқой бокста көрсетуге бұл турнир өз септігін тигізеді. Дүниежүзілік бокс сериясының бә­секесінде ел намысын қорғап жүр­­ген «Астана арландары» коман­дасының сапындағы жі­гіттер де осал емес. Жақында ке­зек­ті кездесуін өткізген «Астана ар­ландары» командасы сырт алаңда «Неміс қырандарын» 4:1 есе­бімен тізе бүктірді. Бұл деген – үлкен жетістік.

– Отбасыңыз туралы айтып беріңізші…

Гүлжан, студент

– Жұбайымның есімі – Салтанат. Негізгі мамандығы – экономист. Құдайға шүкір, үш балапанымыз бар. Үлкен ұлым – Әлинұр, екіншіміз – Айзия, үшіншіміздің есімі – Айша. Қазір Жамбыл қаласында.

– Ұлыңыздың боксшы болға­нын қалайсыз ба?

Айжан, оқытушы

– Балам өзі қалап жатса, қолдау білдіріп, қолымнан келгенше көмектесуге даярмын. Таңдау өз еркінде ғой. Қай саланы таңдаса да, ата тегімізге ұят келтірмейтіндей азамат болып өссе болғаны.

– Астанаға қызмет бабымен ауысып жатқаныңызды естіп жатырмын. Астана қалай, ұнады ма?

Нұрай, қала тұрғыны

– Астана маған бұрыннан ұнай­тын. Елордамыз – бүгінде ел мақ­танышы. Күн санап өсіп ке­леді. Бас қаламыз барынша же­дел қар­қынмен дамып жатса, ұнатпай­тын жан бар ма?

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 4 =