Жүйкеге салмақ түспесін

0 83

Адамның отырып-тұруы, жүруі, күліп-жылауы, жалпы, барлық қозғалыс әрекеті мидың басқаруымен жүзеге асырылады деседі. Егер миға қандай да бір зақым келсе, невролог-эпилептологтардың көмегінсіз болмайды. Бұл жауапты мамандық жайлы жиырма жылдық тәжірибесі бар жоғары санатты дәрігер, денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты, Ұлттық нейрохирургия орталығының профессоры, невролог-эпилептолог ­Гаухар Ибатованы әңгімеге тарттық.

Жыл сайын қаралып тұрған жөн

– Гаухар Сұлтанханқызы, жалпы, адам неврологқа қай уақытта қаралуы керек? Ауыр­ған кезде ғана ма, әлде белгілі бір уақытта міндетті түрде тексеріліп тұрған дұрыс па?
– Жалпы, баланы туғаннан бас­тап неврологқа көрсету керек. Өйткені жаңа туған бала мен 1 жастағы баланың миында бір­шама айырмашылық болады. 1 жасқа дейін ол кезең-кезеңімен дамиды. Ал даму деңгейінің әр сатысын невролог бақылап отыруы қажет. Мидың даму деңгейі қалыпты болса да, баланы жылына бір рет міндетті түрде неврологқа көрсетіп отыру қажет. Сол сияқты ересек адамдар да жыл сайын неврологқа қаралып тұрғаны жөн.
– Науқастар сізге қандай жағдаймен қаралады?
– Қазір эпилепсия көп. Ересек адамдар көбіне осы эпилепсия­мен қаралады. Бірақ неврологтардың барлығы эпилепсиямен айналыса бермейді. Өйткені эпилепсия – неврологияның ішіндегі өз алдына бөлек ғылым. Эпилептология­лық ауру­лардың пайда болу себептері де сан алуан. Мәселен, оның туа біткен, криптогендік, симптомдық түрлері бар. Симптомдық – ол мидағы өзгерістердің себебінен болатын эпилепсия. Мұның да туа біткен және жүре пайда болатын түрлері кездеседі. Оның салдарынан ми дамымай қалады. Сонымен қатар эпилепсия соққыдан, инсульттан кейін және күйзелістен де пайда болып жатады. Қазіргі уақытта көбіне соқ­қыдан пайда болатын эпилепсия түрлері жиіледі.
– Егер бала басын соғып алса немесе абайсызда орындықтан құлап кетсе, міндетті түрде неврологқа қаралуы керек пе?
– Әлбетте, ондай жағдайда міндетті түрде қаралып, тиісті тексерістен өтіп, қажетінше ем-шара қабылдауы қажет. Әйт­песе артынан кеш болуы мүмкін. Бірақ ауылды жерлердің тұрғындары көбіне ондайға мән бермей жатады. Маған ат тепкен, көлік астында қалып қойған сияқты жағдайлармен жүгінгендер болды. Олардың көбі уақытында қаралмай жүре берген. Бұл дұрыс емес. Уақыт өткізіп алмай, дер кезінде емделу керек.

Тазалыққа үйрету керек

– Баланың тісін қайрап, шы­қырлатуы қаншалықты қорқынышты? Ол да мимен байла­нысты ма?
– Оның мимен байланысты түрі де бар. Кішкентай бала ішін­де құрт болған жағдайда да солай істеп жатады. Ал құрт көбіне қолын жумастан тамақ жеп, тазалық сақтамағаннан пайда болады. Тамақты көшеде жеу де себеп болуы мүмкін. Қазіргі таңда паразитсіз адам кемде-кем. Өйткені біздің күнделікті тұтынатын аскөк (укроп), жапырақты ақжелкен (петрушка) сияқты шөп-шалаңның барлығында да пара­зиттер бар. Олар жуғанда кете қоймайды. Сол сияқты сырттан әкелінетін жеміс-жидектерден де көбіне аурулар тарайды. Сондықтан жейтін асқа барынша абай болу керек.
– Баланың тәй-тәйлап жүруі, тілінің шығуы – бәрі оның миына байланысты ғой. 2-ден асқан баланың сөйлем құрай алмауы қорқынышты ма?
– Мидың сөйлеу жұмысына белгі беретін аумағы балаларда 3 жасқа дейін дамып, қалыптасады. Кейбір баланың тілі 3-4 жасына қарай, кештеу шығады. Ауыр жағдайда туған балаларда көбіне осылай болады. Мысалы, туған кезде гипоксия болып, оттегі жетіспеген жағдайда оның мидың осыған жауапты аумағы кештеу дамиды. Бірақ ол аса қорқынышты емес. Дамуына көмектесіп жіберуге болады. Логопедке апарған да дұрыс. Өйт­кені олар тілге, таңдайға «массаж» жасайды. Біз көп жағ­дай­да арнайы дәрі беріп, мидың жақсы жұмыс істеуіне жәрдемдесеміз. Содан кейін де баланың тілі шығып жатады. Егер екі жарымдағы бала «апа», «ата» деп былдырлап, бастысы дыбыс шығарса, ол – қалыпты деген сөз. Ал мүлде сөйлемесе, ол – қорқынышты жағдай.
– Ұлттық нейрохирургия орталығында қандай оталар жасалады?
– Ұлттық нейрохирургия орталығының ашылғанына 10 жылдан асты. Содан әр жыл сайын мамандарды әлемдегі медицинасы дамыған елдерге жіберіп, тәжірибе алмасып, осында да дүние жүзіндегі барлық ота түрі енгізілді. Жалпы, миға жасалатын ота түрі өте көп. Қазір осында соның барлық түріне жасалынады. Қазіргі уақытта эпилепсияға да оталар жасалып жатыр. Мұндай оталар өте күрделі. Сондықтан эпилепсиялық оталар еліміз бо­йынша әзірге тек осы орталықта ғана жасалады.

Орта Азияда көшбасшы

– Жағдайы ауыр науқастарды емдеуде елорданың мүмкіндігі қандай? Шет елдерден келіп емделетіндер бар ма?
– Әрине, бар. Ақылы бөлімде ем алатын шетелдіктер өте көп. Ал біздің бөлімде көбіне квотамен емделеді. Жалпы, Ұлттық нейрохирургия орталығында барлық жағдай қарастырылған. Германия, Италия сынды Еуропа елдерінің заманауи техникаларымен жабдықталған. Енді гамма-нож құрылғысы енгізіліп жатыр. Ол арқылы бастағы қатерлі ісікке отаны кеспей жасауға болады. Мұндай отаны жасау үшін осы уақытқа дейін науқастар Мәскеуге немесе басқа да елдерге жіберілетін. Енді бұл да өзімізде жасалады.
– Қай елдің тәжірибесіне сүйенесіздер?
– Біз әлемдегі алдыңғы қатарлы клиникалармен тәжірибе алмасып тұрамыз. Менің өз басым тәжірибеден Франция мен Германиядан, Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан және басқа да елдерден өттім. Өркениетті елдердің медицина туризмі ерекше дамыған. Олардың бізге қарағанда мүмкіндіктері көп, әрине. Бірақ олармен иық тіресе жұмыс істегендіктен, біз де ешкімнен қалыс қала қоймаймыз деп ойлаймын.
– Ал осында шетелден келіп тәжірибеден өте ме?
– Әрине, бізге де жан-жақтан келіп оқиды. Ұлттық нейрохирургия орталығында мамандарды даярлау бөлімі бар. Осында Грузия­дан, Африкадан да келіп білім алғандар болды. Жалпы, біздің орталықты Орта Азия бойынша көшбасшы деп айтуға болады. Ал ТМД елдері бойынша Ресейден кейінгі орында тұр.
– Елордада және елімізде невролог мамандар жеткілікті ме?
– Елордада неврологтар мен нейрохирургтар жеткілікті. Ал өңір­лерде, алыстағы ауыл-­аймақ­тарда мамандар жетіспеу проб­ле­масы бар. Алдағы уақытта осы жағы жолға қойылса дұрыс болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + two =