«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жүйелі жұмыстар жетістігі

0 164

Қазақстан Респуб­ликасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Астана қаласы бойынша басқармасында 2017 жылдың 10 айындағы елордадағы құқық тәртібі, сондай-ақ, Астана қаласында жүзеге асырылып жатқан «қауіпсіз аула» жобасы туралы ақпарат беруіне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Құқық қорғау органдарының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде елордада крими­но­гендік жағдай тұрақты сақ­талып келеді. Өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда қылмыс 21,4 пайызға азайған.
Қашанда қоғамдық қауіп­сіздіктің деңгейін білдіретін ұрлық, тонау, алаяқтық, бұза­қылық сияқты қылмыс түрлері кеміген.
Осы кезеңде сотқа дейінгі тер­­геп-тексерудің бірыңғай тізбесіне 28528 құқық бұзу­шылық тіркелген болса, оның 26136-сы – қылмыстық, 2452-сі қо­ғам­ға жат, теріс қылық болып отыр.
Жыл басынан бері ауыр қыл­мыс жасау – 16 пайызға, орташа қылмыс – 19 пайызға, ал ұзақ бұзақылық 33 пайызға төмендегені байқалады.
Дегенмен Қазақстан Рес­публикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Астана қаласы бойынша басқарма бастығы Руслан Әлкеновтің айтуынша, елордада аса ауыр қылмыс жасау көрсеткіші 11 пайызға өскен көрінеді. Бұл, негізінен, сы­байлас жемқорлыққа, әсі­ресе, пара беру, пара алу қыл­мыстарына байланысты болып отыр. Әрине, бұл бағыттағы қылмыстың жоғарылау көр­сеткішіне қарап, елордада «сы­байластық етек алған» деген пікір тумауы керек. Мұның негізінде құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылы, пәрменді жұмыстары жатыр.
Кейінгі кезде ішкі істер органы қызметкерлері қала прокуратурасымен ынтымақтаса отырып, жасөспірімдер қыл­мы­сының алдын алуға орай жоспарлы да жүйелі іс-ша­ра­ларды жүзеге асыруда. Со­ның нәтижесінде өткен он айда кәмелетке жасы толма­ған­дар тарапынан жасалатын қылмыс түрлерінің де азайғаны тіркелді. Мәселен, өткен жылдың осы кезеңінде жас­өспірімдер жасаған 166 қылмыс анықталса, биыл мұндай те­ріс қадамға барған 146 бала белгілі болды. Олардың 25-і 14-15 жастағылар болса, 121-і – 16-17 жастағы жеткіншектер. Аталған жасөспірімдер көбіне ұялы телефон, ақша ұрлап, тұ­ты­лып жатады.
Тағы бір атап айтарлығы, жү­йелі жүргізілген түсінік жұмыс­тарына, ата-аналармен кездесулерге, аулаларда бейнекамера орнату сияқты алдын алу іс-шараларына қара­мастан, кәмелетке жасы тол­ма­ғандардың жыныстық қол сұғылмаушылыққа байланыс­ты қылмысқа баратындығы кездеседі.
Басқарма жүргізген талдаулар мен мониторингтерге орай, бұған дейін Сарыарқа ауданында он аула ең криминогенді деп саналып, оларға Ішкі істер департаментінің шұғыл әрекет ету орталығына қосылған 262 бейнекамера орнату жоспар­ланған болатын.
Осы жобаны жүзеге асыру барысында қазіргі кезде аула тұр­ғындарымен қылмысқа мүл­де төзбеушілік тұрғысында әңгі­мелер өткізіліп, күзет фир­масын таңдау ұсынылды. Сон­дай-ақ, «КөркемТелеком» кәсіпорны Бөгенбай батыр, Біржан сал, Ш.Айманов, тағы бас­қа көшелердегі жекелеген аулаларда жұмыстарын бастап та кетті.
Елордада есепті кезеңде 294 191 әкімшілік құқық бұзу­шылық тіркеліпті. Осыған байланысты 5 952 652 533 тең­ге айыппұл өндіру жөнінде қаулы толтырылып, мемлекет есебіне 3 220 030 107 теңге кіріс алын­ған.
Атап айтар болсақ, «ЕРАП» қанатқақты жобасы аясында жол полициясы қызметкерлері планшеттерде электронды түр­де 60 833 293 теңгеге 6929 айыппұл салып, мемлекет есебіне оның тек 29 623 736 тең­гесін өндіріп алған.
«Қазір мемлекеттік деңгейде айыппұлдарды азайту мүмкін­діктері қарастырылуда. Көпте­ген айыппұлды жеті күннің ішінде жартысын төлеуге болады. Соған қарамастан, бізде жол-көлік оқиғасы азаймай келеді. Мәселен, тек қазан айын­да ғана қалада 46 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 52 адам зардап шеккен. Ең өкініштісі, оның 7-уі бала болып отыр. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 4 адам көз жұмып, 48 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Сондықтан осы тұрғыда көлік жүргізушілерге де, жаяу жүргіншілерге де аса сақ болған жөн» деді Руслан Әлкенов.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды