«ЖҮЙЕЛІ СӨЗ» ЖАМПОЗДАРЫ

0 135

«Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының оң қапталындағы ат шаптырым аумақта орын тепкен «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалінің аясында «Жүйелі сөз» атауымен айтыс өтті. Еліміздің әр аймағынан «сөз барымтасына» жиналған жас айтыскер ақындардың ортасынан дара шыққан Орал қаласының үкілеген үміті Бауыржан Шимерденұлы топ жарып, бас жүлде – 1 миллион теңгені иеленді.

ERM_8437

Ақындар екі күн бойы сөз жарыстырды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері айтыс өнерін өрге сүйреген белгілі ақын Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасының құрамында алаштанушы ғалым, филология ғылымының докторы Дихан Қамзабекұлы, айтыскер ақындардың аға буынына айналған Әнуар Омар, Дәулеткерей Кәпұлы, филология ғылымының кандидаты Нұрлан Асқаров болды.

Осы қазылардың ұйғарымымен қорытынды үшінші айналымға төрт ақын жіберілді. Атап айтсақ, финалда ақтөбелік Ершат Қайболдин оралдық Бауыржан Шимерденұлымен сөз қағыстырды. Ал қызылордалық Ержан Әміров шымкенттік Дәурен Ақсақаловпен айтысты.

Алғашқы жұптың айтысы мәндірек, салмақтырақ болғанын айта кетейік. Әсіресе, Ершаттың «Тәңірден енді тілерім болмаңдар тағы тәуелді», Астананы меңзеген «Шаңыраққа кенже ұл ие болады» деген өлең жолдары көңілімізге ұнады. Осы екі ақын жігіт тең түсті деп айтуға болады. Қазылардың берген бағасы да соның анық көрінісіндей болған. Алайда, Бауыржанның бағы басымдау болып, ол бас жүлдені иеленді. Ал Ершат бірінші орынды қанағат тұтты.

ERM_8390

Ержан Әміров пен Дәурен Ақсақаловқа екінші орын бұйырды. Ал үшінші орын жүлдесі төрт ақынға берілді. Оны астаналық Аруна Керімбек, ақтөбелік Марат Ахметов, алматылық Аяулым Жұмабек және түркістандық Тұрар Тілеулиев сынды жас ақындар алды. Сондай-ақ, астаналық Саят Әбенов пен Моңғолиядағы қандасымыз Ерлан Дәулетке арнайы сыйлықтар тапсырылды. Аталмыш айтысты «Ел» продюсерлік орталығы тоғызыншы мәрте ұйымдастырғанын айта кетейік.

Ал елордада төрт күн бойы дүрілдеген «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі бүгін қорытындыланады. Фестивальдің соңғы күні көрермен өткен жексенбіден сәрсенбіге дейін тамашалап үлгерген үйреншікті шаралармен қатар Сәуле Жанпейісова мен Ерлан Рысқалидың «Қос Алқа» атты концерті өтті. Сондай-ақ, «Дауылпаз» атауымен «Хассақ» және «Сарыарқа» этно-фольклорлық ансамбльдерінің күй шашуы, «Қоңыраулы найза» атымен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ән-жыр кеші, «Астана-Арқау» дәстүрлі түркі музыкасы фестивалінің жабылуы кешкі бағдарламада тұр. Фестиваль «Той тарқар» шарасымен түйінделеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − three =