©2020 Астана Ақшамы
Жүйедегі жаңа ахуал
Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаларын айқындап, «мемлекет әлеуметтік қолдауды тек бұған мұқтаж топтарға ғана көрсетуі тиіс» деп көрсеткен болатын. Бұл саясаттың ілгері дамуының алғы шарты, ұдайы әлеуметтік және зейнетақылық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіріп отыру қажеттігін баса көрсетті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылды қорытындылауға және «Қазақстан-2050» Стратегиясының міндеттерін іске асыру мәселесіне арналған кеңесінде бұл мәселеге тағы да оралып, былай деген болатын: «Зейнетақы жүйесін жетілдіру аясында барлық жекеменшік зейнетақы жинақтау қорының шотын бере отырып, Біртұтас зейнетақы қорын құру қажет. Ұлттық банктің бақылауымен оларды бұлайша біріктіру және басқару азаматтарымыздың жинақтарын әлдеқайда тиімді және қауіпсіз түрде ұйымдастырып басқаруға мүмкіндік береді. Олардың бір бөлігін банктерді нарықтық қорландыру арқылы нақты экономиканы несиелендіруге, индустрияландыру мен кәсіпкерлікті дамытуға көмектесуге бағыттау керек. Дәл осы мақсаттарға құнды қағаздар нарығы арқылы сақтандыру нарығының ресурстарын да тарту керек».
Елбасы еліміздегі зейнетақы қорларын біріктірудің ұтымды тұсы – азаматтардың жинақтарын тиімді және қауіпсіз түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді деп атап көрсетті. ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко бұл жүйеден азаматтардың зейнетақы шотына келіп-кететін зиян немесе қауіп болмайтынын және олардың зейнетақы шоттары толықтай сақталатыны жайында қалың көпшілікті құлағдар еткен болатын.
Соңғы жылдары министрліктер мен ведомстволар, экономистер мен қаржыгерлер осы күрделі мәселенің оң шешімін іздеуде. Бұл мәселе тек біздің еліміздің ғана емес, әлемдік қауымдастықта да, тіпті, экономикалық жағынан қатты дамыған Батыстың кейбір мемлекеттерін де қатты ойландыруда.
Еліміздегі зейнетақымен қамсыздандыру саясатындағы реформалар 1997 жылы басталған болатын. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін реформалау концепциясын бекіту туралы» Қаулысы қабылданғаннан кейін елімізде Жинақтаушы зейнетақы қорлары ашылды. Зейнетақы қорлары зейнетақы активтерін басқару мен халық төлемдерін қадағалап отыру үшін құрылған еді. Аз уақыт көлемінде қорлардың жұмысы бірқатар өзгерістерге түсіп, қазіргі күнде елімізде 11 жинақтаушы зейнетақы қоры, олардың филиалдары мен ресми өкілдіктері жұмыс істеуде.
Зейнетақымен қамсыздандыру елдің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігіне жатады. Бұл ретте де, Қазақстан азаматтарының мүддесі қорғалады.
Айгүл УАЙСОВА