Жұбановтың көшесімен жүріп өт!

0 28

Артына шоқтығы биік өнер туындылары мен ғылыми еңбектерден мол мұра қалдырған біртуар талант иесін ардақтап, кейінгі ұрпақ жадында мәңгілік жаңғыртудың бір жолы – оның есімін көше атауына беру. Сондай қазақтың дарынды перзенттерінің бірі – Ахмет Жұбанов.

Қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан әйгілі композитор есімі елге аян, өнегелі өмір жолы ұрпаққа үлгі. Елордада Ахмет Жұбанов көшесі А.Пушкин көшесінен басталып, Жәнібек Тархан, А.Иманов, ­Кенесары көшелері мен Абай даңғылын қиып өтеді. Ұзындығы – 1927,6 метр. Бұл көшеде Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті орналасқан.
Ұлттық музыкамызды зерттеу­ші ғалым, дирижер, академик, профессор, Қазақстанның халық әртісі Ахмет Қуанұлы – қазақтың заманауи кәсіби музыкасының негізін қалаушылардың бірі. Ол 1906 жылы 29 сәуірде қазіргі Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы аумағындағы Қосуақтам шатқалында дүниеге келген. Музыкалық қабілеті ерте байқалып, домбыра ұстаған Ахметті ата-анасы 7 жасында Уркачевскідегі екі жылдық училищеге оқуға береді. Осында жүріп көптеген ұлттық аспаптарда ойнауды, араб, парсы тілдерін үйренеді. Кітап, газет оқуға құмар болады. Ахмет 13 жасқа келгенде әкесі сүзектен дүние салады. 1921 жылы ашаршылықта үйдегі малдың бәрі қырылып қалады. Сөйтіп ол ерте бастан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Хатшы, одан соң оқу үйінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Кейіннен Ақтөбеде бір айлық курс оқып келіп, мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. 1928 жылы Н.Чернюк деген скрипкашыдан музыкалық сауат ашады. 1929-32 жылдары Ленинград музыка техникумында скрипка, Ленинград консерваториясында гобой сыныбы бойынша дәріс алады. Сол жылдары алғаш рет қазақ тілінде «Музыка сауатының әліппесі» еңбегін жазады. Сонымен қатар осы жылы жазда елге келген соң 50 шақты ән мен күйді жазып алады. Консерваторияны мерзімінен бұрын бітірген ол өнер зерттеу институтының аспирантурасына түседі. 1933 жылы Алматыдағы жаңадан ашылған музыкалық драма техникумына жұмысқа кіреді.
Оның композитор ретіндегі шығармашылығы 1930 жылдардың соңынан басталады. Сол уақыттан бастап ол бір актілі музыкалық драма қойылымдарына әуен жаза бастайды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Исатай – Махамбет» пьесаларының, қазақтың тұңғыш киносы «Амангелді» фильмінің музыкасын жазады. 1934 жылы домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрін ұйымдастырады. 1935-45 жылдары Қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі әрі дирижері болады. 40-жылдардың басында «Москва», «Қарлығаш», «Ақ көгершін», «Жастар әні» сияқты тамаша әндер шығарады. Соғыс жылдарында бірнеше аспаптарға арналған камералық шығармалар, оркестр орындайтын туындылар жазады. Оның ғылыми еңбектерінің ішінде көркемдік жағынан аса құнды саналатын еңбектеріне «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» және «Құрманғазы» кітаптары жатады.
Композитордың жеке өмірі туралы айтар болсақ, ол бес баланың әкесі атанып, ұрпақтарына өзінің таңғажайып өнер жолымен үлгі болды. Екі қызы әке жолын қуса, қалған бір қыз бен екі ұлы химия саласын таңдады. Немерелерінің ішінде оның жолына түскен Алан Бөрібаев – қазірде ең танымал ұрпақтарының бірі. Ахмет Қуанұлы 62 жасында Алматыда дүниеден өтеді. Өзі тұрған Қарасай батыр көшесіндегі үйі кейін музей болып өзгертілген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − eighteen =