ЖРВИ жұқтырғандарға – бөлек бөлме

0 21

Көрші елдердегі көрсеткіш көңіл толтырмайды. Сондықтан елімізде коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық қызу. Осы мақсатта елорданың барлық емханаларында фильтр-кабинет іске қосылды. Олардың негізгі міндеті – ЖРВИ жұқтырған науқастарды оқшаулау.

Фильтр-кабинеттерде науқастар ПТР тесттен өтеді. Вирус анықталған жағдайда науқас амбулаторлық бақылауға алынып, емделеді. Мұндағы басты мақсат – науқасты пневмония сияқты ауыр жағдайға түсірмеу. Жақында осындай кабинеттің біреуі қаладағы №10 емханада ашылды. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов аталған емханаға барып, коронавирустың екінші толқынына дайындық барысын тексерді. Оның айтуынша, барлық науқас базаға енгізіледі, олардың бірінен коронавирус анықталса, басқалары байланыста болғандар есебінде болады. Медицина мамандары олардың үйіне барып, ПТР тестілеуден өткізуі мүмкін. Сол үшін мобильді бригадалар құрылды. Ал фильтр-кабинетке тек белгілі бір себептермен емханаға бара алмайтындар келеді.
Басқарма басшысының мәлімдеуіне қарағанда, әзірге елордадағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бүгінгі таңда стационарларда 87 науқас ем алуда. Амбулаторлық мекемелердегі 60 науқас та бақылауда. Олардың кейбірінде ауру симптомсыз өтіп жатыр. Симптомы бар науқастарға амбулаторлық ем-дом жасалуда. Сондай-ақ бас дәрігер елорда екінші толқынға дайын екенін жеткізді. Бірақ бәрі де ауру жұқтырғандардың санына байланысты болмақ. Әлеуметтік арақашықтық сақтап, маска тақпасақ, науқастардың саны қайта артып кететіні анық.
«Қаланың денсаулық сақтау жүйесі 5 600 төсек-орын мен 434 ИВЛ аппарат және басқа да жабдықпен қамтылған. Сондықтан біз ауру санын өсіруге жол бермеуіміз керек. Әрбір адам ауырмаудың жолын іздеп, барлық санитарлық талаптар мүлтіксіз орындалса, екінші толқын бізді айналып өтуі мүмкін» деді спикер.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 11 =