Жоспарға енбеген де мәселелер біздің назарымызда

0 18

Елорданың Байқоңыр ауданына биыл 3 жыл. Өткен жылдың басында ауданда 229 мың тұрғын болса, бүгінде көрсеткіш 11 мыңға өскен. Тұрғындар санының артуы келелі істердің атқарылуын талап етеді. Өткен жылы ауданға жаңа әкім тағайындалғанын білеміз. «Халықтан асқан сыншы жоқ» деген нақыл бар. Әрбір істің жай-жапсарын, атқарылу деңгейін, алдағы бағыт-бағдарды бағамдауда ел лайықты бағасын береді. Дегенмен қызметіне кіріскеніне 1 жылдан асқан Нұрбол Нұрсағатовтың халқының тыныс-тіршілігін қаншалықты меңгеріп, елдік мүдде жолында нендей жұмыстарды атқарып жатқанын өзінен сұрауды жөн көрдік.– Нұрбол Төлегенұлы, қызметке кіріскеніңізге жылдан асып барады. Осы уақыт ішінде ауданда қандай оң өзгерістер болды? Ең алдымен қандай өзекті мәселелерге назар аудардыңыз?
– Айта кету керек, ауданымыздың халқы жыл сайын артып келеді. Өткен жылдың басында ауданда 229 мың тұрғын болса, бүгінгі таңда 240 мыңға жетті, халық саны 11 мың адамға өскен. Ең алдымен тұрғындардың жағдайына назар аударамыз. Халыққа қолайлы қала тұрғызуда бар күшімізді саламыз.
Өткен жылы 71,2 млрд теңгелік инвестициялар игерілді, жергілікті бюджетке салық түсімдері 36,5 млрд теңгеге, ал құрылыс жұмыстарының көлемі 43,7 млрд теңгеге өсті. Бір жылда 102 мың шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді.
Халықпен үнемі байланыстамыз. Өткен жылы тұрғындардан 28 мыңнан аса өтініш түсті, басым бөлігі оң шешімін тапты. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, аумақты абаттандыру, ПИК жұмысы, ескі ғимараттарды жөндеу сынды әлеуметтік маңызға ие мәселелер қаралды. Қаржыландыруды талап ететін мәселелер де болды, олар біздің бақылауымызда, алдағы уақытта шешімін табады. Жалпы келіп түскен барлық өтініштер бойынша уақытылы шаралар қабылданып, түсініктемелер берілді.
Айта кету керек, ауданда барлығы 237 аула бар. Өткен жылы 53 аула мен 14 қоғамдық кеңістік абаттандырылса, биыл 5 қоғамдық кеңістік пен 50 ауланы абаттандыруды жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар тұрғындардың түнгі уақытта қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жарықтандыруға айрықша көңіл бөлінеді.
Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты 7784 дана жарық нүктелеріне қызмет көрсетеді (соның ішінде көше жарықшамдары – 4121 дана, саябақта – 2565 дана, ораміші – 1101 дана).
Осы мақсатта өткен жылы ауданның 75 көшесінде 4400 дана шамдарды жарықдиодты шамдарға ауыстыру жұмыстары жүргізілді. «Өндіріс» тұрғын алабында 25 көше, 410 дана, «Кирпичный» тұрғын алабында 15 көше, 350 дана, «Казгородок» тұрғын алабында 8 көшеде шамдар ауыстырылды.
Сондай-ақ бұрын көше жарығы болмаған 35 көшеде жарықтандыру құралдарын орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. 2004 жылдан бері жарықсыз келген «Қоянды» саяжай алабының мәселесі шешілді.
– Шамдарды жарықдиодты шамдарға ауыстырудың пайдасы қандай?
– Бюджет қаражатын 50 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді (шамның қарапайым ЖКУ 1 дана сағатына 250-300 Вт электр энергиясын тұтынады, ал жарықдиодты шам сағатына 150 Вт электр энергиясын тұтынады);
– Көше жарығының жарықдиодты шамдарын орнату трансформаторларға жүктемені азайтады;
– Жарықдиодты шамдарға өндіруші 5 жылға кепілдік береді.
Осындай артықшылықтарды ескере отырып, биыл көшелер мен аула ішіндегі аумақтарды жарықтандыру мәселесі толық шешімін табады.
– Ауданда су астында қалуы мүмкін 12 учаскеде 453 тұрғын үй бар. Көктем мен күз айларында көшелерді су басып, тұрғындарды әбден әбігерге салады. Ауданда нөсер кәрізі мәселелері қалай шешілуде?
– Аудан бойынша су басу қаупі бар 12 нысан бар, бүгінде оның 7-еуінде оң өзгерістер бар. Кеншілер, Шыңғырлау, Арқарлы, Майтөбе, Жолымбет, Тайбурыл, Жетісай көшелерінде апаттың алдын алу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы ұзындығы 1600 п.м. арық-науа желісін орнату жұмыс­тары аяқталды. 2021 жылы 1300 арық-науа желісі салынады. Нәтижесінде Төңкеріс көшесі, Шортанды, Шыңғырлау, Сарыжайлау, Сусамыр, Сүгірәліұлы көшелерінде су басу қаупі жойылып, 60 үйдің мәселесі шешіледі.
– Өткен жылы 29 тұрғын үй кешені мен 10 жатақхана жөнделіп, 15-тен аса апатты үй сүрілгені белгілі. Ал биыл ше? Апаттық жағдайда тұрған тағы қанша тұрғын үй бар? Олардың жағдайы не болады?
– «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес апатты үйлерді сүру бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Апатты үйлерді сүрудің II кезеңі шеңберінде 5 үй жоспарға енгізілді, нәтижесінде 355 пәтер тұрғыны жаңа үйге көшеді. 2021 жылы: Янушкевич көшесі, 12-үй жатақханасы – 149 пәтер; Янушкевич көшесі, 12/1-үй жатақханасы – 184 пәтер; 2022 жылы: Янушкевич көшесі, 10/2-үй жатақханасы – 8 пәтер; Янушкевич көшесі, 10/3-үй жатақханасы – 8 пәтер; Сейфуллин көшесі, 54/2-үй жатақханасы – 6 пәтер.
– Ауданда жол, аялдамаларды қалпына келтіру, жұмыстары қалай жүзеге асуда? Биыл қала инфрақұрылымын жақсарту және қалалықтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін қандай жобалар жоспарланды?
– Ауданымызда 219 шақырым құрайтын 216 көше бар. Бүгінде 139 көшеге тас асфальт жабындысы төселген, 79-ында тас жабындысы жоқ. Биыл 24 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған, оның ішінде орталық қала маңында жалпы ұзындығы 9 шақырым құрайтын 11 көше, тұрғын алаптарда ұзындығы 4 шақырым болатын 13 көше қарастырылған. Олар Иманов, Сырдария, Циолковский-Жұбанов қосылымы, Жетіген, Бараев-Республика орамдары, Брусиловский-Жұбанов қосылымы, Чичерин, Торайғыров, Иманбаева, Пушикин, Жұбанов көшелері; Үшқоңыр, Тайбурыл, Игілік, Кеншілер, Малахов, Найзатас, Үстірт, Сарыжайлау, Тасқұдық, Шонанұлы, Арқарлы, Ойыл, Қамысты көшелері. Дегенмен жоспарда қарастырылмаған көшелер де назардан тыс қалмайды.
Сонымен қатар ағымдағы жылдан бастап аудан әкімдігі аялдмаларды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын өз құзыреттілігіне алған. Ауданымызда 156 аялдама орналасқан. Қазіргі таңда қалалық урбанистика бөлімімен бірлесіп, аялдамалардың жаңа көрінісін әзірлеп жатырмыз. Мәселен, аяладамалар осыған дейін қолданылмаған ерекше түстерге боялды. Жалпы елордамызда биыл 40-қа жуық жылы аялдама орнату жоспарланған, ал ауданымызда 10 жылы аялдама пайда болады.
– Электр беру желілерінің тұрғын үйлерге жақын орналасуы – аудандағы тағы бір күрделі мәселе. Бұл жағдайда сәулелену деңгейі қалыпты межеден асып түседі, тұрғындардың денсаулығына өте қауіпті, тіпті онкологиялық ауруларға шалдықтырады деп отыр мамандар. Айтыңызшы, бұл мәселе бақылауыңызда ма?
– Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы аудан аумағында электромагниттік толқындарды тексеруде тоқсан сайын мониторинг жүргізеді. Сондықтан ешқандай қауіп жоқ деп айтуға болады.
– 40 мың тұрғыны бар «Өндіріс» тұрғын алабының жергілікті тұрындарын алаңдатқан мәселелердің бірі – жол жөндеу. Мәселен, теміржол өткеліне көпір қажеттігі туындап отыр. Аудан тұрғындарының өмірі үшін қауіпті жер. Себебі көліктер кептелісі осы жерде көп болады. Сосын Көкшетау тасжолының елордамызға кіреберісінде бір ғана жолақ жол бар. Бұл жерде де кептеліс. Басқа Қарағанды, Қорғалжын тасжолдарында 6 жолақтан. Бұл мәселе қашан шешімін табады?
– Қаланың құрылысы, жол тараптық шешімдері Нұр-Сұлтан қаласының бас жоспарына сай жүргізіледі. Қазіргі таңда ортақ қолданыстағы қаланың бас жоспары сызбасына жүгінетін болсақ, Көкшетау-Нұр-Сұлтан тасжолынан «Өндіріс» тұрғын алабына қарай беттеген жол бойынша толық қызыл сызықтары ұсынылған. Алайда іске асыру жоспары әлде де бекітілмеген. Алдағы уақытта аудан әкімдігі атынан бұл мәселені шешуге де атсалысатын боламыз.
– Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту үшін қандай жобалар қарастырылған?
– Өте орынды сұрақ. Экономикамыздың басты қозғалтқышы – шағын және орта бизнес. Бұл бағытта Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен «Көше саудасына арналған 1000 орын» бағдарламасы әзірленген. Бағдарлама аясында ШОБ субъектілеріне көкөністер және жеміс-жидек, фаст-фуд, гүл дүңгіршегі, газет дүңгіршегі, мобильді-техникалық қызмет, балмұздақ және сусындар, шұжық және нан өнімдері нысаналық мақсаттары бойынша жер телімі жалға беріледі. Бүгінде Байқоңыр ауданы бойынша ШОБ субъектілерімен жер телімдерін жалға алу бойынша 104 келісім шарт жасалды. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын табады.
– Ауданда күн сайынғы рейд барысында кәсіпкерлік нысандардың карантин талаптарын сақтамайтыны анықталып отыр. Тәртіпке көнбей жатқан кімдер? Мекеме басшылары ма, әлде халық па?
– Ауданымызды карантин талаптарын сақтау бойынша мобильді топ жұмыс істейді. Жыл басынан 159 карантин талаптарын бұзу фактілері тіркелді, аталған фактілер бойынша 15 миллион тенгеден астам айыппұл салынды. Казіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, «Ашық» қосымшасын енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бизнес өкілдері арасында түсіндірме жұмыстарын іске асырдық. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда карантин талаптарын бұзу фактілері екі есеге қысқарды.
– Ауданда бұқаралық спортқа қаншалықты көңіл бөлініп отыр?
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Бұқаралық спортты дамыту, оны әр тұрғын үшін қолжетімді ету – біздің басты бағыттарымыздың бірі.
Аудан құрылғалы 207 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 5 аула клубы ашылды. Жастардың бос уақытын пайдалы өткізу үшін жалпы 12 аула клубы жұмыс істеуде. Ол айына 900-1300 баланы тегін қабылдайды. Алайда өткен жылы індетінің өршуіне қарай кейбір аула клубтарының қызметі уақытша тоқтатылып, оған баратын балалар саны 250-300-ге дейін төмендеді. Десе де қазіргі күні аула клубтарының жұмысын жандандырып жатырмыз.
Сонымен қатар ауданымызда 64 футбол алаңы, 13 баскетбол алаңы, 300-ден аса жаттығу құрал-жабдықтары, 51 тренажер алаңқайы мен 18 workout спорт алаңы бар. Аталған жерлерде кез келген аудан тұрғыны спортпен айналысуына бар жағдай жасалған. Осы және басқа да іс-шаралар әлі де жалғасын таппақ. Жоспарда бірқатар ірі жобалар мен бастамалар бар. Әрине, бәрі – уақыттың еншісінде.

Сұхбаттасқан
Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + two =