Жошы хан және оның ұлысы

0 1  186

Жошы – 1179 жылы Темужиннің (болашақ Шыңғысхан) отбасында дүниеге келген тұңғыш ұлы. Бұл уақыт моңғол даласы руаралық тартыстарға толы саяси бақталастықты бастан кешіп жатқан кез еді. Сондықтан ат жалын тартып мінген жас Жошы да әке билігін нығайтуда өз еңбегін сіңірді. Ол бала кезінен түркі-моңғол халықтарына тән әдетпен ат құлағында ойнап, садақ тартып, белдесуді машық қылады. Шағатаймен (інісі) сөзге келіп қалғанда Жошының «Қаталдығыңнан басқа сенің менен қай жерің артық? Егер садақ тартып сенен жеңілсем, қолым сынсын, күресіп сенен жығылсам, жығылған орнымнан қайтып тұрмайын» деп сөйлеуі – осының дәлелі.1206 жылы Онон өзені бо­йында өткен құ­­рыл­тайда Моңғол мемлекеті құ­рылғаны жарияланып, Темужин «Шыңғысхан» деген есіммен таққа отырады. 1207 жылы Шыңғысхан Жошыны «орман елін» жаулауға аттандырады. Жорықтан жеңіспен оралған оған әкесі жаулап алған елінің билігін қалдырады.
Тарихшы З.Қинаятұлы атап көрсеткендей, Жошы хан моңғол әскерінің батыс жорықтарында Жебе, Сүбедей батырлармен бірге үнемі алда болады. 1216 жылы меркіттерді қуалап барған Жошы мен Сүбедей бастаған моңғол жасағы Торғай даласында (кейбір көзқарасша Ырғыз бойында) Хорезмшахтың әскерімен кез келеді. Саны жағынан өзінен үш есе көп хорезмдік әскерге сескенбей шабуыл жасаған моңғолдар Мұхаммед Хорезмшахтың өзін қолға түсіре жаздайды. Тек бұл қатерден оның баласы Жалаладинның жанкештілік әрекеті құтқарып қалады әрі Жалаладин Хорезм әскеріне төнген қиын жағдайды түзеп, моңғол әскерінің екпінін басады. Түнгі тыныштықты пайдаланған Жошы мен Сүбедей әскерін кері алып кетеді.
Шыңғысханның Хорезмшахқа қарсы негізгі әскери жорығы 1219 жылы басталады. Бұл соғыс тұтастай 6 жыл уақытқа созылып, Хорезм мемлекетінің толық күйреуімен әрі Мұхаммед шахтың құсадан өлуімен аяқталады. Бұл әскери жорық барысында моңғол әскері Хорезмшах жеріне екі тараптан, яғни бірі – Шыңғысханның өзі бастаған негізгі қол Жетісу, Шу-Талас арқылы келіп киліксе, Жошы, Жебе мен Сүбедейдің басшылығындағы екінші қол Ферғана жағынан басып кіреді. Екінші жасақ жол бойындағы кезіккен әскерлерді талқандап, елді мекендерді от пен күлге айналдыра отырып, 1219 жылдың қыркүйек айында Отырар түбінде негізгі қолға қосылады.
Шыңғысхан Отырарды алуды Шағатай мен Үгедейге жүктеп, Жошыны батыс бағытқа жібереді. Жошы әскері Сығанақ қаласын алады, одан әрі Сырдың төменгі ағысындағы Жент, Баршынкент, Асанас, Жанкент секілді қалаларды бірін соғыспен басып алса, бірін бейбіт түрде өзіне қаратады. Хорезмдік даңқты қолбасы Темір Мәлік осы жорықта Жошының әскерімен қақтығысып, үнемі қиындықтар тудырып отырды.
Өзіне тапсырған міндетті сәтті аяқтаған Жошы 1220 жылы Самарқанд түбінде негізгі қолға келіп қосылады. Самарқанд алынғаннан кейін, Шыңғысхан Жошыны Шағатай мен Үгедейге қосып, Үргеніш қаласын алуға аттандырады. Осы Үргенішті алуда Жошы мен Шағатай арасында келіспеушілік орын алады. Осы себепті Шыңғысхан қолбасылықты Үгедейге тапсырады. Әбілғазының жазуынша, Шыңғысханның бұл шешімі Жошының әкесіне деген ренішін туғызып, кері қайтып кетуіне себепші болады. Үргеніштің алынуымен 1221 жылы Жошы үшін Хорезм жорығы аяқталады. Ол Ертіс бойындағы өзінің ордасына ат басын бұрады. Бұл уақытта моңғол әскерінің дені әлі жорықта болатын. Жоғарыда жазғанымыздай, бұл әскери жорық алты жылға созылып, тек 1224 жылы ғана аяқталады.
Шыңғысханның ұлдарының арасында Жошының әскери қабілеті жоғары екені бірден байқалады, өйткені ол қашанда әскердің авангардынан табылады. Әрі төрт ұлына жүктеген әскери тапсырмалардың арасында Жошы бастаған жасақ қашанда жеңіске жетіп, олжалы оралып жүрді. Бұған, бір жағы, Жошының үнемі Жебе мен Сүбедей секілді даңқты қолбасшылармен бірге жүруінің де себебі тигені анық. Кейде тәжірибелі қолбасшылардың кеңестері мен жоспары билік тарапынан мақұлданбай, дәрменсіз қалатын кездер тарихта жетерлік. Дегенмен мұндай жағдай Жошы тарапынан кездеспейді. Соған қарағанда Жошы «менмендікке» бармай, барлығын ақылға салып, қолбасшыларымен кеңесіп шешетін сабыр иесі болғанға ұқсайды.
Шыңғысханның ұлдары әкелерінің көзі тірісінде-ақ бір-бірімен жиі келіспей қалатын болған. Бұл, әсіресе, Жошы мен Шағатайдың өзара қарым-қатынасынан анық көрінеді. Үгедей бұл жағдайда үнемі Шағатай жағында жүрді. Осы екі топқа бөлінген алауыздық Шыңғысханның немерелері кезінде ашық орын алады. Мысалға, Батудың ұлы тақ иесі – Кү­йік хан өлгеннен кейін (1248 ж.) мұрагерлікке талас туындағанда, 1251 жылы Еділ бойына, алдына келген Төленің ұлы Мөңкені қолдап шығады. Осы жолы Бату хан, інісі Берке бастаған қалың қолды (60 мың) арнайы аттандырып, Мөңкені Шыңғысханның тағына отырғызады. Төбелерінен жай түскендей болған Шағатай мен Үгедей ұрпақтары жұмған ауыздарын аша алмай қалады. Бірқатары өлім жазасына кесіледі. Батудың бұл ісі, былайша айтқанда, моңғол жеріне, оның үстіне Шыңғысханның ордасына Дешті-Қыпшақ (бүгінгі қазақ) даласынан құралған әскердің ат тұяғын тіреуі әрі сес көрсетіп Мөңкені таққа отырғызуы – үлкен саяси қадам.
Бұл – бүгінде Алтын Орданың құрылғанын 1269 жылғы Талас құрылтайынан бастап жүрген тарихшыларымыздың пікірінің жаңсақ екенінің бір дәлелі. Яғни Бату хан өз ұлысының іс жүзінде орталық моңғол билігінен тәуелсіз екендігін алғаш рет (1251 ж.) осы ісімен көрсетеді. Мөңкенің Батуға келуі «Ұлы князь» мансабын алу үшін сарайға келетін орыс князьдерінің қадамдарымен бірдей болды.
Алтын Орда – Жошы ұлысының тарихи жалғастығы. Бұл атау тек кейінірек (1566 ж.) пайда болып, ХІХ ғасырда тарих ғылымында қалыптасып кеткен. Орыс жылнамаларының өзінде Алтын Орда, негізінен, «Орда» атымен келген. Шығыс жазбаларында Көк Орда, Ұлыс (Тоқта ұлысы, Өзбек ұлысы және т. б.), Дешті-Қыпшақ болып кете береді.
Жошыға оралатын болсақ, Шыңғысхан 1224 жылы Хорезм жорығынан қайтып келе жатып, Құланбасыда өткен құрылтайда, жаулап алған жерлерін ұлдарына бөліп береді. Осы жиында Жошыға Ертістен бастап батысқа қарайғы (Еділге дейінгі) жерлер бұйырады. Бұл тұста тарихшы Қ.Өскенбайдың «Жошы ұлысының шекарасы оның ұлдарының кезінде ғана толық аяқталды» деген тұжырымы дұрыс.
Жетісу, Шу-Талас және Сырдың орта ағысы Орта Азия жерімен қоса Шағатайға тиесілі болады. Тарихи деректерде Жошының орда тіккен жері ретінде екі жер айтылады, соның бірі – Ертіс бойы, сірә, Шыңғыстау қойнауы болса керек. Ал екінші жер – өзінің кесенесі тұрған Ұлытау даласы. Бұл жөнінде Өтеміс қажы жазып кеткен. Ұлытау «хан қорығы» болды. Бұл жерде Бату таққа отырған, тек Еуропа жорықтарынан ке­йін Еділ бойына өзінің ордасын көшіреді. Содан кейін Ұлытау мен Ертіс бойы Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің еншісінде қалады. Бату құрған мемлекет тарих ғылымында Алтын Орда деген атпен белгілі. Араб-парсы жылнамалары бо­йынша Алтын Орда өз ішінде Көк және Ақ Орда деген екі бөліктен тұрды. Ақ Орданы Орда Еженнің ұрпақтары биледі әрі Көк Орданың билігіне мойынұсынды.
1582 жылы шибани Абдоллах ханның жорығы туралы жылнамада Ұлытау «Саин ханның тағы» деп айтылады. Жазба деректерден «Саин хан» Батудың лақап аты екені белгілі.
Ортағасырлық жазба деректер мен халық аңыздарында кең тараған жайттың бірі – Шыңғысхан мен Жошының арақатынасы. Шынында да, Хорезм жорығынан оралғаннан кейін әке мен бала арасында түсініксіз жайттар орын ала бастайды. Мұның соңы Жошының жұмбақ өліміне алып келеді. Мысалы, жылнамашы Жувейни «Жошының ойында әкесіне деген қарсылық пайда болды. Тіпті Хорезмшахпен келісімге келіп, әкесін жазым етуді де ойлады. Оның бұл ойын Шағатай біліп қойып, әкесіне жеткізді. Сондықтан Шыңғысхан оны өлтіру үшін арнайы адамдарын жіберді» деп жазады. Әрине, бұл дерекпен түгелдей келісуге болмас, оның үстіне Жошының Хорезмшахпен келісімге келуі екіталай еді. Біздің меңзеп отырғанымыз – Жувейнидің қалай болса да Жошы ханның өз ажалынан өлмегенін көрсетуі.
Жылнамашы Жувейнидің жазуынша, 1223 жылдың қысында Шыңғысхан Самарқандтың төңірегінде болып, Жошы ханға шабарман жібереді. Дешті-Қыпшақтан құландарды қуып келуін және өзін де аң аулауға шақырады. Жошы хан, сірә, келмесе керек, Жувейни бұл туралы үнсіз қалады. Тек Шағатай мен Үгедейдің Қаракөлге келіп құс аулап, апта сайын Шыңғысханға аққу артқан елу қом түйелерді жіберіп тұрғанын хабарлайды.
Көктем шыққанда, яғни 1224 жылы Шыңғысхан Моңғолияға қайтар алдында жиылыс құрып, ұлдары бас қосады. Бұл құрылтайға Жошы хан келмейді. Жувейни Шыңғыс хан тек Құланбасы бо­йына келгенде ғана Жошының келіп, 20 000 шымқай сұр аттарды сыйға тартқанын жазады (кейбір тарихшылар Жошының бұл жиынға да келмегенін алға тартады). Дегенмен Жувейни Жошының өлімі туралы ешқандай дерек келтірмейді. Керісінше, Рашид-ад Диннің «Жылнамалар жинағында» Жошының өлімі нақты баяндалып жазылады.
Рашид-ад Диннің дерегі бо­йынша, осы кезде Жошы жұртынан маңғыт руының бір кісісі Шыңғысханға келеді. Шыңғысхан одан Жошының жағдайын сұрайды. Ол Жошының есен-сау, елінде аң аулап жүргенін жеткізеді. Шын мәнінде, Жошы өзі сырқат болғандықтан, аңға тек уәзірлерін жібереді. Маңғыт жолаушысы көпшілікті көріп, Жошының өзі деп, көргенін Шыңғысханға жаңсақ жеткізген. Мұны естіген, яғни жалған хабар Шыңғысханның қаһарын туғызады. Әскерге бұйрық беріп, жорыққа дайындала бастайды. Авангард ретінде Шағатай мен Үгедейдің жасағын аттандырады. Соңын ала қалған әскерімен өзі аттанбақшы болып жатқанда, Жошының өлімі туралы хабар жетеді. Міне, ортағасырлық жазба деректері бізге әке мен бала арасындағы осындай жұмбақ жайттарды жеткізеді. Тарихшылардың зерттеуінде Жошының өлген жылына байланысты бір­ауыздылық жоқ. Олардың пікірінше, 1225-1227 жылдар аралығы көрсетіледі.
Жалпы, аң аулап жүріп өлімге ұшырау оқиғасы тек Жошы ханға байланысты емес. Тарихта мұндай жайттар аз кездеспейді. Көшпелілер өмірінде аңшылықта жүріп, қас адамын немесе саяси бәсекелесті жазым ету – кеңінен қолданылған тәсіл. Сондықтан мұндай сәтті ол уақыттарда ұтымды пайдаланды десек қателеспейміз. Мысалға, Ғұн тәңірқұты Мөде әкесі Түменді аңда жүргенде өлтіреді. Оғыз ханның әкесі Қара хан да ұлынан сезіктеніп, оны аңда өлтірмекші болады. Бірақ Оғыз біліп қалып, Қара ханмен ұрыс даласында кездеседі. Соғыс үстінде Қара хан қазаға ұшырайды. «Қорқыт ата кітабында» Дерсе хан қырық нөкерінің арандатуымен ұлы Бұқашты аң аулап жүріп садақпен атып жығады. Тізе берсек, көшпелілер өмірінде мұндай оқиға жетерлік.
Халық аңыздары да Шыңғысхан мен Жошы арасындағы болған күрделі жайттарды баян­дайды. Халыққа кеңінен танымалы – «Ақсақ құлан» күйі. Жошының кесенесі тұрған Ұлытау өңірінде қариялар арасында бертінге дейін ауызекі өлең жолдары сақталып келді. Тек бұл өлеңде Шыңғысхан атын Алашахан алмастырған. Мысалы:
«Алашахан Жошыхан,
Жошыхан неден шошыған.
Құлан теуіп өлтірген,
Нанбаймысың осыған» деп келетін өлең жолдары (бұл өлең жолдарын 1997 жылы Ұлытауда экспедиция барысында жинақтап алған болатынбыз).
Құлан теуіп өлтіріп, содан «бір қолы жоқ» немесе «екі саусағы ғана қалыпты» деген аңыз халық арасында кең тараған. Бұл жөнінде Ұлытау ескерткіштерін (1946-1947 жж.) зерттеген архитекторлар Г.Герасимов, М.Левинсон, Т.Бәсеновтер растайды.
Академик Ә.Марғұлан 1946 жылы Жошы кесенесінде қазба жұмыстарын жүргізгенде мәйіттің (Жошының) бір жақ қолының тұтас жоқ екенін жазған. 1997 жылы Жошы хан кесенесінің іші қайта қазылған болатын (осы мақала авторы да қатысқан. ЖАЭ-97. Жетекшісі – Ж.Смаилов). Қабір ішінен ағаш табыттың қалдықтары және түйенің бас сүйегі кездес­ті. Мә­йіттің (Жошының) бас сүйегі орнында болмай шықты. Соңынан анықталғандай, бас сүйекті зерттеу мақсатында археолог Ә.Марғұлан алып кетіпті. Бұл бас сүйек археолог Ж.Смаиловтың іздеуімен Алматы қаласындағы Орталық музейдің қорынан табылып, 2012 жылы (66 жылдан кейін) қайта орнына қойылды.
Жошы ханның осы кесене ішінде жерленуі де тарихшылар арасында даулы мәселе, өйткені Жошы ханды жерлеу рәсімі ел билеушілерін жерлеуде орын алатын далалық дәстүрмен жөнелтілгені анық. Ал бұл кесене – ислам мәнерінде орнатылған және уақыт өте келе тұрғызылған тарихи ескерткіш.
Ұлытауда Жошы ұлысы кезеңінің мазарлары көптеп кездеседі. Олар жеке дара, екеуден, әрі кетсе бесеуден тұрады. Солардың арасында Жошы хан кесенесі өзінің топтала, кешенді түрде орналасуымен ерекшеленеді. Кешен екі тұрғын үйден («Үлкен үй», «Кіші үй»), кірпіш күйдіруге арналған пеш орны және ортағасырлық мазар құрылыстарынан тұрады.
Жошы хан кесенесінің маңында ортағасырлық 24 мазар қирандылары жатыр. Осыншама ескерткіштің топтала орналасуы Жошы кесенесі әулеттік қорымның ұйытқысы екенін дәлелдейді.
Жалпы, Жошы хан және оның ұлысының қазақ тарихында алар орны ерекше. Болашақ қазақ хандығын құрушы билеушілер осы Жошы әулетінен шықты. Керей мен Жәнібек хандар Жошының үлкен ұлы (Ақ Орда билеушісі) Орда Еженнен тарайды.
Шыңғысхан империясы төрт ұлысқа бөлінсе, соның үшеуі (Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыс­тары) қазақ жерін қамтыды. Керей мен Жәнібек ұрпақтары осы үш ұлыстың құрамында кеткен ел мен жерді бір тудың астына біріктіріп, қазақ мемлекетінің негізін қалады.
Алашорда көсемі (түп бабасы Жошы хан) Ә.Бөкейхановтың «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген қанатты сөзінің бір тамыры осы тарих қойнауында жатыр.

Орынбай ОШАНОВ,
археолог

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + 2 =