Жорабек ДӘУРЕНОВ: АУА ЖАЙЫЛУШЫЛЫҚҚА АРАМЫЗДА ОРЫН ЖОҚ

0 235
ZAH_8954
Жорабек ДӘУРЕНОВ, Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы

Самал:

– Белгісіз бір діни ұйымдардың мүшелері көшеде діни әдебиеттер ұсынып, діни жиындарға қатысуға шақырып жүргенін көзім шалды. Осындай жағдайда не істеген жөн?

– Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 9-бабына сәйкес, діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында, яғни, жергілікті атқарушы органдар арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға рұқсат етілген. Сол себепті, өзіңіз айтқандай, ауа жайылып ақпарат таратып жүретіндерге тап болсаңыз, дереу 78-22-88 сенім телефонына немесе жақын арадағы полиция қызметкерлеріне 71-61-63 телефоны арқылы хабарласыңыз.

Жанар:

– Кейде көшеде етегі шұбатылған көйлек киген әйелдер мен шолақ балақты шалбары бар ерлерді кездестіріп қаламыз. Заң бойынша соларға бір тосқауыл бар ма?

– Қазақстан Республикасының заңдарында адамның киім киісіне, сыртқы келбетіне қатысты қандай да бір шектеулер қойылмаған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 2-тармағына  сәйкес,  адамды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттары бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтындығы нақты көрсетілген. Сондықтан,  сіздің сауалыңызға қатысты айтарым, адамның сыртқы пішімі мен киіміне қатысты қандай да бір тосқауыл жасау немесе ол жөнінде адамның арына нұқсан келтіру заңсыз әрекет болып табылады және ондай әрекеттерге арнаулы заң баптарымен шек қойылады.

Қазақстан Республикасының «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» кодексiнің 15-бабына сәйкес, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзу кезiнде iске қатысатын адамның абыройын қорлайтын немесе қадiр-қасиетiн кемсiтетiн шешiмдер мен әрекеттерге тыйым салынады,  жеке өмiр туралы, сол сияқты адам құпия сақталуы қажет деп есептейтiн жеке және iскерлiк сипаттағы мәлiметтердi осы кодексте көзделмеген мақсаттар үшiн жинауға, пайдалануға және таратуға жол берiлмейдi.

Бақытжан:

– Дінтану мамандығы бо­йынша жоғары оқу орнын бітірдім. Дін қызметкері болып жұмыс істегім келеді. Кімге жолығып, қайда баруыма болады?

– Дінтану мамандығы бойынша жұмыс атқарғыңыз келсе, мемлекеттік қызметкер, әлеуметтік-зерттеу орталықтарына сарапшы қызметіне орналасуыңызға болады. Ал, егер дін қызметкері болып жұмыс істегіңіз келсе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астанадағы өкілдігіне хабарласуды ұсынамыз.

Азамат:

– Бүгінде Астанада қандай діни бірлестіктер бар?

– Қазіргі таңда Астана қаласында қырық жеті діни бірлестік бар, оның ішінде православ – 5, католик – 4, протестанттық – 28 және иудаизм – 1, бахаи – 1, кришнаизм – 1 бірлестігі мен ҚМДБ мешіттерінің 7 филиалы жұмыс істейді. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесі бойынша елорда халқының 74 пайызы – ислам дінін, 24 пайызы – христиан дінінің православие ағымын, ал 2 пайызы өзге дінді ұстанушылар болып табылады.

Орынбай Қасен:

– Балаларым шаңырақ құрмақшы еді. Мешітке барып, некелесу рәсімінің күнін белгілемекші болғанбыз, ондағылар бізге міндетті түрде АХАТ органдарында тіркелуі керектігін түсіндірді. Бұл не үшін қажет?

– Біздің еліміз – зайырлы, құқықтық мемлекет. Сол себепті АХАТ органына тіркелудің мәртебесі жоғары, заңды күші бар. Сіз АХАТ органына тіркелу арқылы «Неке және отбасы туралы» заңға сәйкес отбасының дамуы Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым бағыты екенін мойындай отырып, оның құқылары мен мүдделерін қорғау ісіне қатысасыз. Діни неке қию рәсімін әр адам өз еркімен таңдауға құқылы. Ол Астана қаласында тіркелген мешіттерде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, мешітте некесін қиса да, көп ұзамай ажырасып кететіндер көп. Ал, АХАТ органдарында тіркелу ажырасу барысында алимент алу, әкелік міндетті мойындауына кепілдік береді.

Гүлхан:

– Діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды, соның ішінде діни әдебиетті кез келген кітап дүкенінде сатуға бола ма?

– Астана қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 29 мамырдағы № 12-889 қаулысына сәйкес, «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуын бекіту туралы шешім беру» мемлекеттік қызмет көрсету регламентінде көрсетілген. Соған орай діни әдебиет немесе материалдар сатуға ниеттенсеңіз, біздің басқармаға тиісті құжаттарды өткізіп, сол дүкенді, ғимаратты тіркеу арқылы рұқсаттама алуға тиіссіз.

Бауыржан Амандықов:

– Миссионер деген кім? Жалпы, миссионер ретінде қай жерде және қалай тіркелуге болады?

– Миссионерлiк қызметтi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар – миссионерлер, яғни дін таратушылар деп аталады. Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын адамдарды тіркеуден өткізетін уәкілетті орган Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы болы табылады. Біздің мекен-жайымыз Қабанбай батыр даңғылындағы №33 үйде орналасқан. Байланыс телефондарымыз: 55-75-71, 55-74-53.

Нұрбол:

– Арамызда жат ағымдарға еріп, санасы уланып, еліміздің саясатына қарсы шығып жүрген жастар да жоқ емес. Олармен қалай күресіп жатырсыздар?

– Бүгінгі таңда Астана қаласында білікті дінтанушылар, сарапшылар, психологтардан тұратын үш ақпараттық ағарту тобы қызмет атқарады. Қазіргі кезде осы топпен бірлесе үш жүзге тарта іс-шара ұйымдастырылып, 100 мыңға жуық адам қамтылды. Оның ішінде мектеп оқушылары, студенттер де бар.

Әсемгүл:

– Діни бірлестіктердің басқа коммерциялық емес ұйымдардан қандай айырмашылығы бар?

– Діни бірлестіктердің коммерциялық емес ұйымдардан негізгі айырмашылығы атқаратын қызметіне байланысты. Қазақстан Республикасының «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы»                   заңының 1-бабының 4-тармағында дiни бiрлестiк Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде дiни қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен бiрiккен ерiктi бiрлестiгi болып табылатындығы көрсетілген.

Мұрат Қасым:

Ғибадат үйін салу үшін қай жерден рұқсат алуыма болады және ол үшін қандай құжаттар қажет?

– Ғибадат үйін салуға рұқсатты М.Әуезов көшесіндегі №6 үйде орналасқан Астана қаласы әкімдігінің Сәулет және қала құрылысы басқармасынан аласыз немесе осы мекеменің қабылдау бөліміне 919-424 телефоны арқылы хабарласып, толық ақпаратқа қанығасыз. Сонымен қатар, қажетті құжаттарды adilet.kz сайтынан қарауыңызға да болады.

Қуандық:

– Мұсылманға қажетті тауарлар (косметика, әтір, басорамал, т.б.) сатумен айналысқым келеді. Ол үшін не істеуім керек, қандай кеңес бересіздер?

– Діни мақсаттағы заттар – ғибадат етуге, діни жоралар мен рәсімдерді өткізуге қажетті, сондай-ақ діни рәміздегі элементтерден тұратын заттар, бұйымдар және атрибуттар. Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату жайы арнаулы нұсқаулықта айтылған. Сол себепті біздің басқармаға жоғарыдағы телефондар арқылы хабарласа аласыз.

Айсара:

– Астанадағы орталық мешіттің жанынан «Дұғалар» деген кітапты сатып алған едім, ішіндегі сүрелер дұрыс емес екен. Қазіргі таңда сатылымда жүрген кітаптарды тексеріп, қадағалайтын орталық бар ма?

– Діни әдебиет арнаулы сараптамадан өткізілу қажеттігі бәрімізге белгілі. Әсіресе, дін тәлімдерін үйрететін кітаптарды басып шығару үшін алдымен оны Қазақстан Республикасының Дін істері комитетіне өткізу қажет. Арнаулы заңның 4-бабының 6-тармақшасы бойынша дінтану сараптамасын жүргізуді Дін істері комитеті жүзеге асырады. Ал, комитеттің дінтану сараптамасынан оң қорытынды алған әдебиеттер тізімі ресми «din.gov.kz» сайтында жарияланады.

Динара:

– Кез келген діни әдебиеттің дұрыс немесе тыйым салынғанын қалай анықтауға болады?

– Жоғарыда айтылған заң талаптарына сәйкес, Дінтану сараптамасынан оң қорытынды алған кітаптар дұрыс әдебиет қатарына жатады. Оның дұрыс не бұрыс екендігін Дін істері комитетінің ресми «din.gov.kz» сайтынан біле аласыз. Ал, қолыңыздағы кітап ол тізімде жоқ болған жағдайда Дін істері комитетіне хабарласуыңызға болады.

Дайындаған:

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × two =