Жоқ іздеген жазушы

0 428

Қалихан Ысқақов «жалғыз» деп атаған бір жазушы бар. Ол… расында да, жалғыз. Азаматтық болмысы, қаламгерлік келбеті жағынан да ешкімге ұқсамаған. Біртуар тұлға. Өзгеден ерекшелеп, оқ бойын озық етіп тұрған бір қасиеті – үнемі жоқ іздеп жүреді. Асқардай Асқар Сүлейменовтің оған «Арыстың суынан акула іздейсің» дейтіні де сондықтан болса керек.

Біз әңгіме еткелі отырған қаламгер – Дулат Исабеков. Бұл есімге тізбектеп алған атақтары мен марапаттарын қоса айтудың қажеті де жоқ. Әйтпесе, «жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлық иегері…» болып, кете берер еді.  

1997 жыл болса керек. Арыс қаласындағы Теміржолшылар клубында Ұлжан Қолдауова түсірген «Намыс» («Тауқымет») көркем фильмі қойылатын болды. Кино сценарийі Дулат Исабековтың «Тіршілік» атты повесі желісімен жазылған екен.

Қазақ киносы бұл уақ тұралап жатқан кез. Көпшілік фильмді демін ішіне тартып отырып тамашалады. Кітаптардан «Тіршілікті» жан-жүрегі шымырлап, қаншалық әсерленіп оқыса, киноны да солай қабылдады…

Бұдан бұрынырақта, яғни, 1975 жылы Шәріп Бейсембаевтың режиссерлігімен «Гауһар тас», ал 1986 жылы Асанәлі Әшімовтың режиссерлігімен «Дермене» атты кинолардың жарыққа шыққанын жұрт біледі. Әр секунды іш пыстырмайтын сюжеттермен өрілген аталған фильмдер де Дулат Исабековтың шығармалары негізінде түсірілген. Қазақ киносының жауһарларына айналды.

«Намыс» фильмінен кейін көрермендер жазушы қаламының құдіреттілігін тағы да мойындай түсті.

Алайда, фильмнің таратылуы кемшін болды. Бүгінгі күні ол фильм туралы ақпарат табу қиын. Бұған, әрине, фильмді түсіру жұмыстарының жетім қыздың тойындай жүргізілгені себеп болуы ғажап емес…

* * *

2002 жыл болса керек. Туындыларымен талай рет сезімімізбен ойнаған, бірде көзімізге жас алдырса, бірде көркем ойға, тәтті қиялға, әдебиет әлеміне жетелеп, әйтеуір әсерсіз қалдырмаған қаламгерді Алматыға іздеп бардық. Ол кезде ағамыз Мәдениеттану ғылыми зерттеу институтының директоры болып істейді екен.

Өзімнің Арыстың қызы екенімді айтсам да, әйел баласы болғандықтан ешқандай жершіл де, рушыл да емес екенімді аңғартқан болсам керек. Ағам әңгімесін журналистиканың көп жағдайда қаламгерді көркем ойлаудан алыстатып жіберетінінен бастап, әрі қарай шығармашылық туралы ойларын жайып салды.

– Негізі журналистерден жақсы жазушы шығуы екіталай. Өйткені, баспасөз адамға басқаша талап қояды. Газеттік стиль қаламгердің қанына сіңіп алады. Оны өмір көрсетіп отыр, – деді.

Әйтсе де, қазақ жазушыларының көпшілігі газеттен шыққан. Кезінде Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров журналист болып қызмет еткен. Тіпті, біздің толқынға дейін арқасүйер аға болып келе жатқан Шерхан Мұртаза, Дидахмет Әшімхан, Жүсіпбек Қоғасбек, тағы басқа ағаларымыз да.

Айтылған пікірімен келісе алмай, іштей екіойлы күйде қалсам да, Дулат ағаның әңгімесінен ол кісінің болмысын танығандай болдым. Түсінгенім, Дулат Исабеков қаймақты сарысудан бөлек алып пайдаланғанды жөн көретін сияқты. Рас, қаймақ – құнарлы. Ал, өз кезегінде сарысу да көп нәрсеге пайдалы. Мәселен, ем-шипалық жағынан ағарғаннан бөлінетін сарысу бауырды, өтті тазалайды, теріні жұмсартады, жасартады деп жатады… Десе де, әр нәрсені өз шыңына шығара білгенді қалайтын қаламгеріміз талғампаз да, талапшыл адам болса керек. Қаймақты – қаймақ, сарысуды сарысу күйінде, өз орнымен қолданғанды жөн санайды. Сондықтан, газеттік стиль газетінде қалып, көркем шығарманың стилі өз қазанында қайнауы керек деп есептейді.

Бұл талапшылдық – өз қамшысы да. Дулат Исабеков өз бойындағы жазушыдан да көп талап етеді. «Әдебиет оқылмайды» деп зар қақсағандардың заманы туғанда да, «шарықтау кезің өтті» деп салды суға салған жоқ. Өз бойындағы жазушыға маза бермеді. Жаңа жол іздеді. Заман талабына лайық бола білуге ұмтылды. Уақытқа бейімделуге талпынды.

Қай кезде де, Иранғайыпша айтқанда, «өзін өмірге сүргізіп» қоймай, уақыт үніне құлақ аса білді. Бұл тұрғыда қаламгер көптің бел ортасында елеусіз қалып қоймай, қашан көрсең көш бастап келеді…

Айтпақшы, әлгі әңгімелескен күні жазушы өз өресіндегі ойдың біразын ақтарған. Шынымды айтсам, ол қозғаған ой мен әңгімеге ілесе алмай, өзімнің балаңдығыма мойынұсынып, үнсіз ғана тыңдап отыра бердім. Сондағы Дулат ағам орнынан тұрып кетіп, асықпай басып әрі-бері сөйлеп жүргені көз алдымда:

«Жазушылар жазу керек, жаңа шығарма тудыру керек. Бірақ, не жазасың? Бұрынғыдай комсомол, партия белсенділері дейтін жоқ. Ауылдың, елдің белсенділері қайсы, кім үлгі етуге лайық тұлға, оны танып болмайсың. Тіпті, кім жаман, кім жақсы екенін де ажырата алмай қалдық. Сонда әдебиеттегі кейіпкер кім болуы керек?..»

Дауыстап айтқаны болмаса, анығында бұл – жазушының ішкі үні. Ішкі әлеміндегі арпалыс.

Расында, сол уақ ол жазушы ретінде өз кейіпкерін іздеп аласұрып жатқан еді.

Ал мен болсам, «жазушыларымыз шынымен күйзеліске түскен екен ғой» деп, қамығып қалғам…

* * *

Кейбір қаламгерлер Дулат Исабеков жүрген жерде жасаған ұрлығын әшкерелеп қоятындай қуыстанып, бұғып кетуге дайын тұрады. Бұл әсілі қаламгердің турашылдығынан тайсалғандық болса керек. Өйткені, Дулат Исабеков, шынында да, қара қылды қақ жарған әділ, турашыл адам. Бұл тұрғыда әділдік, шындық – көпшілік үшін Дулат ағаның өмір бойғы түгендеп беріп жүрген тартуы.

Сүйсінерлігі, саяси құбылыстар, билік жөнінде де өзінің ой-пікірін ағамыз бүгіп қалмайды. Өзінің сол мінезі кейбіреулерге жақпайтынын да сезеді. Әйтсе де, сөзінен тайып, бұлғақтаған кезі болған емес. Сөйтіп алып: «Президент өткенде министрліктердің аппаратын бала-шаға қаптап кетті деп сынады. Осы сөзді мен айтайыншы, бәрі мені «оппозиционер болып кетті» деп айыптайтын еді…» – дейді тағы ағынан жарылып.

Турашыл, кесек мінезді бұл тұлғаны жастар сол үшін де жақсы көреді. Өздерінің болашағына алаңдайтыны үшін. Алаңдағаны былай тұрсын, қол қусырып отыра бермей, елдің жағдайына қарайлайтыны үшін. Құрқылтайдың ұясындай ғана өз отбасының, қара басының, өзінің балаларының қамын ойлап, үндемей қалмайтыны үшін. Қашан да елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, әділдік және көпшілік жағын таңдайтыны үшін…

* * *

Сол алғашқы әңгімесін тыңдағаннан кейін ұзамай Дулат аға жазушы ретінде іздеген кейіпкерін тапты.

Театр сахнасын көрермен санасына тікелей ықпал ету ұясы ретінде де көре білді. Сөйтіп, қаламгердің драматургиясы байыды. ≪Алтын тордағы тоты≫, ≪Құстар фестивалі≫, ≪Ескі үйдегі кездесу≫, ≪Жаужүрек≫, ≪Михаил Булгаковтың өмірі≫, тағы басқа пьесалар дүниеге келді. Исабековтың шығармалары Тәуелсіз қазақ елінің шекарасынан шығып, арнасынан тасыған өзен суындай болып, алыс, жақын шет елдерде де қойыла бастады. Омск, Петербор, Душанбе, тағы да басқа ірі қалалардың театрлары қазақ драматургінің еңбегін бағалап, көгіне көтерді.

Бұл әсілі Дулат Исабековтың жеңісі ғана емес, қазақ әдебиетінің жемісі. Қай елде болмасын, қазақ жазушысына сұраныстың болуы ол – қазақтың мойындалғаны. Бірақ қазақты бұлай көтеруге драматургтер қатарынан әзірге Дулат Исабековтың ғана шамасы жетіп тұр. Бұл тұрғыда да, Дулат Исабеков, Қалихан Ысқақов айтқандай, жалғыз.

≪Адамның бәрі – түптеп келгенде бір-бір жалғыз. Жалғыздық, оңашалық болмаса, шығарма тумайды. ≪Ақындардың бәрі жалғыз≫ деп Мұқағали айтып кетті ғой кезінде. ≪Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда≫ деп Абай да айтты. ≪Сұм өмір абақты ғой саналыға≫ деп Мағжан жырлады…

Ойлы адам өзгелер секілді ойнап-күліп, қызықтап, ішіп-жеп жүре беруі мүмкін. Бірақ, оның өз ойы өз ішінде. Қақпағы жабылған, қайнап жатқан қазан сияқты. Сол ішіңдегі ой-қазаныңа зер салсаң-ақ жалғыздығыңды сезінесің≫, – дейді жазушы жалғыздық туралы сұрағанға.

Одан бөлек, өзінің ≪Өкпек жолаушы≫ атты повесінде экспозицияға алынған бір шалдың бейнесі бар. Ол өзі Баракат деген ауылда тұрады. Өзі жалаңаш кеудесіне шекпенін жамылып алып, бір қолын таяғына сүйеніп бара жатады ылғи.

≪Бұл бала кезімде өзім куә болған оқиға. Әлгі қариядан бір кісінің: ≪Ата, қайдан келе жатырсыз? Күнде осы уақытта қайда барасыз?≫ деп сұрағанын көргенмін. Сонда ана қария: ≪Ей, алыста бір кеуіп қалған құдық бар еді. Соған барып, айқайлап келе жатырмын. Бұл ауылда сөз тыңдайтын адам қалды ма?≫ деген еді. Бейнесі көз алдымда қалып қойыпты. Ол кезде бес-алтыдағы баламын ғой. Кейін есейгенде сол есіме түсті. Сөйтіп, әлгі повесімнің лейтмотивіне айналды… Сол секілді, біз де құдық іздеп жүргендерміз. Әлгі шалдың басындағы трагедия бізде де бар. Әйтпесе күнделікті тірлікте: ≪анда бардым, мында бардым. Құдам бүйтті, құдам сүйтті, маған анадай берді, мынадай берді≫ дегеннен басқа әңгіме бар ма? Көпшіліктің айтатын әңгімесі осындай ғой. Одан өзге терең ой қозғайтын нәрселер айтсаң, тыңдай алмайды. Сондықтан, адамдардың бәрі – жалғыз≫, – дейді қаламгер…

* * *

Әдебиет әлемінде қандай белсенді болса, Дулат Исабеков қоғамда да сондай. Ел аузына қарағанда, қамқорлық танытып, сөзін сөйлейді деп сенгенде үнсіз қалуды азаматтық болмысына сын деп қарайды. Сондықтан, қашан да тайсалмастан турасын айтады. Өз пікіріне көпшілікті елітіп, халыққа адалдығын танытып келеді.

≪Жомарттың қолын жоқтық байлайды≫. Алайда, Дулат ағамыз дың қалтасынан қағып беріп, қамқорлық танытқан кездері де аз болмаған. Мәселен, Алматыда таудың етегінен салынған екі қабатты саяжайын он бала тәрбиелеп, баспанасыз жүрген оралмандарға сыйға тартқан.

* * *

Соңғы кездескенде Дулат аға қоғам, адам, мейірімділік пен мейірбандық туралы әңгімелеген. Газетімізге жарияланатын сұхбаттың сыртында да өзінің озық ойларымен, тың пікірлерімен, ашық әңгімесімен бөліскен еді.

Иә, Дулат Исабеков әлі жоқ іздеп жүр. Ең бастысы, қоғамнан, адам бойынан бір-біріне деген адалдық, риясыз ықылас, мейірім іздейді. Әдеттегідей күн сайын қажеттілігі арта түсетін әділеттілікті, отаншылдықты, ұлттық сана-сезімді жоқтайды.

Елбасының алдында да бұл тұрғыда бұғып қалған емес.

Арнайы қабылдауда әңгімелесіп отырып: ≪Қазақ үшін ең алдымен не істер едің?≫ дегендей сұрақ қойыпты. Дулат Исабеков: ≪ең алдымен халықтың санын көбейтуге мән берер едім≫ дегенге ұқсайды. ≪Қалай?≫ десе, ≪алдымен, сырттағы қазақтың бәрін көшіріп әкелер едім. Содан кейін бала тууды ынталандырар едім. Ол үшін барлық ірі қалалардың жанынан жер бөліп, үйлер салып берер ем. Ұрпақ өрбітіп, бала тәрбиелеу үшін алдымен баспана керек≫, – деген екен…

Иә, Дулат Исабеков әлі де жоқ іздеп жүр. Ол қазақтың алаңсыз, жайлы өмір сүріп, қоғамның дамуы үшін не қажет болса, соны көздейді. Қазақта не жоқ, соны іздейді.

Расында, ол – жоқ іздеген жазушы. Ол – менің Дулат ағам!

Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × two =