«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жөнсіз жеткіншектер жүгенделмек

0 234

Ағымдағы жылы кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыстық құқық бұзушылық саны Астана қаласы бойынша 150-ге жуықтаған. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басқарма басшысы Руслан Әлкенов мәлімдеді.

ҚР Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми сайтында құқық бұзушылық картасы орналастырылған. Ондағы мәліметтерге жүгінсек, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық құқық бұзушылық жағынан Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр екен. Яғни 415 қылмыс тіркелген. Жасөспірімдер қылмысы бойынша ОҚО-дан кейінгі орында ШҚО (274 қылмыс) мен Алматы облысы (254 қылмыс) тұрған көрінеді. Ал ең аз қылмыс тіркелген өңір – Павлодар облысы. Яғни Керекуде тіркелген қылмыс саны 52-ні құраған. Бұл тұрғыда Астанадағы жасөспірімдер арасындағы бұзақылық бо­йынша Алматы ауданы алдына қара салмай тұрған кө­рінеді. Нақтырақ айтқанда, жыл басынан бері Алматы ауданында 69 қылмыстық іс тіркелсе, Сарыарқа ауданында – 64, Есіл ауданында 18 құқық бұзушылық анықталған.
Руслан Әлкеновтің сөзіне сүйенсек, елордадағы 14-15 жастағы балалардың қолы­мен 25 қылмыс жасалса, 16-17 жас­тағылардың 121-і заңға қайшы әрекетке бар­ған. Құқық бұзғандардың 40-ы – мектеп оқушысы, 46-сы – колледж студенті, 46-сы жоғары оқу орындарының студенті болса, қалған 14-і еш жерде оқу оқымайтын және жұмыс істемейтін бозбалалар мен бойжеткендер болып шыққан. Ресми деректерге сүйенсек, қылмыс жаса­ғандардың басым көпшілігі ұрлық жасау мен тонау ісі бойынша қолға түскен. Бұл көрсеткіш былтыр­ғымен салыстырғанда едәуір ұлғайған көрінеді. Мәселен, өткен жылы кәмелеттік жасқа тол­­­маған­дардың адам тонау қыл­­мысы бойынша 65 рет заң бұзушылық орын алса, биыл бұл көрсеткіш 75-ке жеткен. Мамандардың айтуынша, өздерін «жазадан оңай құтыламыз» деп ойлағандықтан, жас жеткіншектердің теріс жолға түсуі жиі кездесетін сыңайлы. Соның салдары­нан жасөспірімдердің қылмыс жасау деңгейі азаймай тұрғанын айтады мамандар. Жалпы, 2016 жылғы есепке сәйкес, республика бойынша кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі соңғы бес жылда алғаш рет өскені байқалған. Осы ретте жеткіншектер жетесіз кетпес үшін жасөспірімдер тәртібін күшейту мақсатындағы шаралар жүйелі түрде өткізілмек.

Нұрдәулет Кәкішев

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды