ЖӨНСІЗ ТЕКСЕРУГЕ ЖОЛ ЖОҚ

0 122

бизнес

Ағымдағы жылдың 2 сәуірінен келер жылдың 1 қаңтарына дейін еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілеріне жөнсіз тексеріс жүргізуге тыйым салынды. Аз уақыт бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнаулы Жарлыққа қол қойды. Онда Елбасы: «Жар­­лыққа сәйкес, мен 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субьектілеріне тек­серу жүргізуге мораторий жария­лаймын. Мен қазақ­стандықтардың бизнес жүргізуі үшін қажетті жағ­дайды одан әрі жақ­сарта түсу мақсатында Үкі­метке бірқатар нақты шара­лар қабылдауды тап­­сырдым», – деп атап көр­сетті. Сондай-ақ Президент биз­нес өкілдеріне тек жос­­парлы тексеру тәжірибесі ғана қолданылатынына тоқталды.

Демек, мораторий аяқ­талғаннан кейін де, яғни 2015 жылдан бастап заңнамаларды бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлер ғана тек­серіледі. Егер кәсіпкер заңның барлық талабын орындайтын болса, тексеруші органдар оның жұмысына мүлде араласпайтын болады.

 

Қажеттілік неден туындады?

Соңғы үш жыл бойы Үкімет бұл салаға тиісті шаралардың бәрін қолданғаны белгілі. Бірақ, олқылықтардың орны әлі толмай келеді. Құзырлы орган өкіл­­­­дерінің заңсыз тексерулері кәсіп­­керлерді әбден мезі қылған. Бір ғана статистикалық дәлел, шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп жүрген әрбір екінші азаматтың құқы бұзылады екен. Мәселен, өткен жылдың өзінде Бас прокуратура бірнеше мыңдаған кәсіпкердің жұмысын салық пен қаржы полициясы сияқты органдардың орынсыз тексергенін  анықтаған. Осындай кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін жайттар еліміздің барлық  өңірлерінде көрініс тауып отыр.

Осыдан екі жыл бұрын Парламент Мәжілісінде шағын және орта бизнестің жағдайы тал­қы­ланған еді. Онда екінші деңгейлі банктердің шағын және орта бизнеске берілуге тиісті несиені бермей жатқандығы айтылды.
Бұл заң бұзушылық кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауална­мадан кейін белгілі бол­ған. Осы мәселеге қатысты тиісті орын­дар біраз зерттеу жүргізді. 2011 жылдың бірінші жар­тыжыл­ды­ғында қаржы полициясы бақы­лаушы органдармен бірге 1139 кәсіпкерге тексеру жүр­гізсе, 2012 жылы 2 есеге дейін қыс­қар­­ған еді. Ал, былтыр бұл тек­серу­лер саны 143-ке немесе 4 есе­­ге
дейін азайғандығы айтылған. Алайда, Ақордада өткен кеңей­тілген отырыста Елбасы кәсіп­кер­­лерден аяқасты тексерулер жө­нінде шағымдардың әлі де тү­сіп жатқанын айтты. Бұл жолы Пре­зидент мемлекеттік органдар мен Президент Әкімшілігі келісе отырып, тексерулердің әлемдік стандарттарға сай жүйесін жасайтынын мәлім етті.

Кәсіпкерлікті дамыту коми­тетінің төрайымы Ғалия Жолдыбаева Мемлекет басшысының қабылдаған шешімі уақыт талабынан туындап отыр деп санайды. Өйткені, заңда атқарушы органдардың қандай жағдайда жоспарсыз тексеріс жүргізе алатындығы жазылғанына қара­мастан, мұны белден басып кел­гендер көп екен. Мәселен, шағын және орта бизнес өкіл­деріне салынған айыппұлдың 90 пайызы жоспарсыз тексеріс ке­зінде рәсімделіпті. Өткен жылы салаға 182 мыңнан астам тексеру жүргiзілген. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 25 пайызға аз. Десек те, ел аумағында жүргізілген тексеріс атаулының 92 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі болып отыр. Ғалия Тағыбердіқызы шағын және орта кәсіпкерлер бизнестің ең аз қорғалған тобы екенін айтады. Өйткені, күні кешеге дейін құзырлы органдар жоспардан тыс тексеріс кезінде қатысы жоқ мәселелерге де басын сұғып келген. «Мәселен, көр­шісі нысанда шуыл деңгейі жо­ғары екенін айтып шағымданса, СЭС мамандары келеді де, тек шуды емес, сол мекеменің бүкіл қызмет көрсету саласына тексеріс жүргізеді, яғни кәсіпкердің қалыпты жұмыс істеуіне маза бермейді», – дейді ол.

 

Нәтижесі қандай болмақ?

Мемлекет басшысының айтуынша, тексерулер жүргізу форматын түбегейлі қайта қарау кәсіпкерлерге қойылатын талаптар санын 30 пайызға қыс­қартуға мүмкіндік береді. Сол үшін Үкіметке тексеру жүргізудің барлық регламентін қайта қарау қажеттігі тапсырылды. 2015 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап, елдегі тексерулердің үштен бірі тиесілі болып отырған шағын және орта кәсіпкерлік саласын жабу рәсімдері де оң­тайлан­ды­ры­лады. Сондай-ақ, нысан­ның құрылысына рұқсат беру және инженерлік жүйелерге қосылу рәсімдері де 50 пайызға қысқа­ра­тын болады. «Келер жылдан бас­тап, жер телімін рәсімдеу мер­зімі 30 күннен аспауы керек», – деп тапсырды Елбасы.

Президенттің кәсіпкерлерді қолдау туралы мәлімдемесі осы салада еңбек етіп жүрген барша жұрттың көңілін серпілтті. Ас­таналық кәсіпкерлер қауымы: «Бұл – Қазақстанның әлемдегі барынша дамыған 30 елдің қатарына қосылуы жолындағы тағы бір ма­ңызды қадамы» деп бағалайды.

 

Салық бюджет қоржынын молайтады

Сонымен, Елбасы Жарлығымен шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялануы эко­номиканың дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Мемлекет бас­шысы шағын және орта бизнесті ұзақ мерзімге несиелендіру үшін Ұлт­тық қордан 1 триллион теңге бөлінетінін айтып, Үкіметке қайта өңдеу саласын дамытуға айрықша көңіл бөлуді тапсырғаны белгілі. Ал, мораторий кезінде кәсіпкерлер де заңды бұзбай, салықты уақтылы төлеп, өзіне жүктелген міндеттерді орындап отырулары тиіс екені айтылды. Расында да, шағын және орта бизнес кәсіпкерлері  салықты дер кезінде төлеп отырмаса, бюджет қоржыны молаймайды. Салықтан жалтарудың түбі жақсылыққа апар­майды. Елбасы айтқандай, егер кәсіпкер барлық талаптарды орындайтын болса, ешқандай тексерудің де керегі жоқ. Жұмысы тұрақты әрі жемісті кәсіпкерліктер ғана елге де, өзіне де пайда келтіретіні анық. Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысудың жеңілдетілуі, жер телімдерін рәсімдеу мерзімінің қыс­қаруы, сөз жоқ, жұмыстың ке­дер­гісіз жүруіне септігін тигізеді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 13 =