ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

0 83

Әр жылдары оқу үдерісіне жаңа өзгерістер енгізіліп, оны игеру ісіне талап қойылуда. Бұл жолы да елордадағы мектептер қызу қарбаласқа толы. Санаулы күндерден кейін шәкірттеріне есігін айқара ашатын №15 мектеп-лицейінде бұрын-соңды болмаған күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

 

Көп жылдан бері күнге қақталған терезелер мен сапасы сыр берген есіктер жаңаланды. Тас еденге плита төселді. Қазір сырлау, әрлеу жұмысы аяқталуға таяу. Аталмыш білім ордасының директоры Бауыржан Қапарұлының айту­ынша, барлық атқарылатын жұмыстарға 108 миллион 800 мың теңге бөлінген. Тарихы әріден басталатын бұл ғимарат бұрын бір қабатты болған екен. Бала саны көбеюіне сәйкес, 1963 жылы қосымша төрт қабат қосылған. Сол кездегі жоба бойынша бұл білім ошағы 700 оқушыға арналған. Қазіргі кезеңде олардың саны екі есеге өсіп отыр.

Атауынан белгілі болғандай, мұнда физика мен математика пәні тереңдетіліп оқытылады. Нәтижесі жаман емес, ғылыми жобалары бойынша өткізілген халықаралық жарыстарда ағайынды Риза, Роза Ысқақ есімді жасөспірімдер топ жа­рып, сертификат алды. Биылғы ҰБТ-ға 73 бала қатысып, ор­таша балл 78-ге жетті. Өткен жылы бітірген түлектердің 90 пайыздайы әртүрлі оқу орын­дарына түскен. Соның ішінде 35 бала грант иегері атаныпты.

Қазір инновациялық тех­нологияны меңгеру мәселесі алғы кезекке қойылып отыр.

Соның ең басты тармағы болып саналатын пәндер осы мектепте кең мазмұнда оқытылуда. Оқушылардың ғылыммен айналысуына жан-жақты мүмкіндік жасалған. Спорттағы жетістігі де көңіл толарлықтай.

– Елбасы өз Жолдауын­да бұқараны спортқа тарту мәселесін қозғады. Әрине, жастайынан дене шынықтыруды қолға алған адамның мүмкіндігі өте зор болады. Соған орай біз соңғы жыл бедерінде волейбол, баскетбол, футбол алаңдарын талапқа сай етіп жөндедік. Ал спорттың бірнеше түрінен жетістікке жеткен оқушылар баршылық. Мәселен, каратэден Мадина Шакирова екі дүркін Қазақстан чемпионы және Фа­риза Шәкенова тауға өрлеуден күміс жүлдегер атанды. Жалпы, олардың қатарын тағы бірнеше есімдермен толықтыруға бола­ды, – дейді мектеп директоры Б. Жәркенов.

Биыл мектептің кіреберісі кеңейтілуде. Жылу жүйесі тазаланып, барлық техникалық құралдар қайта тексеруден өткен. Ғимарат сырты да толық жөндеуден өткізіледі. Жаңадан мектепке қабылданатын 120 балаға осы жаңа өзгеріс ерекше әсер етеді дейді мектеп ұжымы.

Мұндағы жұмыстар тамыздың 20-да аяқталады. Құрылысшылардың қарқынына қарап, межелі күнде бітіреді деген ой түйдік. Мұғалімдер тілші келгенін пайдаланып, барлық жетістігін санамалап айтып шықты. Соның ішінде біз мектеп сайтына айрықша мән бердік. Электрондық га­зетке оқушылар мен ата-аналар тілек, өтініштерін жазыпты. Бір сөзбен айтқанда, бұл сайт тығыз қарым-қатынастың құралына айналған.

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + 8 =