«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жолыңнан жаңылма, жүргізуші!

немесе ережеде қандай өзгерістер бар?

0 185

Өткен аптада әлеуметтік желілердің бірінде жолда жүру ережелеріне енгізілген өзгерістер туралы бейнебаян тарап, ол көптеген жүргізушілердің назарын аударған болатын. Өйткені бейнекөріністе «жол қозғалысы ережесіне өзгерістер қараша айынан бастап енгізілді» делінген, бірақ жылы көрсетілмеген.

Осыған орай біз ҚР ІІМ Әкімшілік полициясы комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Ирина Лукьянинаға хабарласқанбыз:
«Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережесінде бірқатар өзгеріс пен толықтыру болғаны рас. Алайда ол 2017 жылдың 11 қарашасынан бастап қолданылуда. Ал 2018 жылдың 9 қаңтарынан жол ережесінің жаңа тәртібі белгіленіп, әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне бірқатар түзету енгізілді. Атап айтқанда, жылдамдықты арттыру, жаяу жүргіншіге жол бермеу, көлігін сақтандырмау секілді заң бұзушылықтарға қатысты айыппұлдар көлемі біршама азайды. Сондай-ақ жүргізушілерге айыппұлдарын төлеу жолдары да мейлінше жеңілдетілді» деді.
Енді осы жол қозғалысы заңына енгізілген өзгерістердің кейбірін оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.

27 жаңа жол белгісі

Аталған жол жүру ережесінде – 4.1.2 Оңға қозғалыс; 4.1.3 Солға қозғалыс; 1.33 Қауіпті жол жиегі; 1.34 Кептеліс; 3.17.3 Бақылау; 4.5 Велосипед жолы немесе велосипед қозғалысына арналған жолақ; 4.5.1 Велосипед жолының немесе велосипед қозғалысына арналған жолақтың соңы; 5.9.1 Қоғамдық көліктерге арналған жолақтың соңы; 5.22а Елді мекенді аймақтың басталуы; 5.23а Елді мекенді аймақтың соңы; 5.42 Фотобейнефиксация, тағы басқа да жаңа жиырма жеті ескерту белгісі пайда болды.

Ереже бұзылғанын нақты дәлелдеуі қажет

Бұрын көлікті тоқтатқан полиция қызметкерінің автокөлікке бірден жақындауы керек екені айқындалмаған болса, енді көлігіңізді тоқтатқан полиция қызметкері бірден көлікке келіп, өзін таныстырып, егер талап етсеңіз, қызметтік құжатын көрсетіп, тоқтату себебін түсіндіреді. Әрі ереже бұзғаныңызды растайтын дәлелдерді көрсетуі тиіс. Егер ондай нақты дәлелі болмаса, айыппұл сала алмайды.

Өз қалауыңызға қарай

Өткен жылдары Әкімшілік полиция комитеті темір тікенді доңғалағы бар көлік жүргізушілеріне «Ш» белгісін тағуды міндеттеген еді. Тіпті ереже бұзылса, айыппұл да салатын.
Енді, темір тікенекті доңғалақ қолданатын жүргізушілер мұндай белгіні көлікке өз қалауымен ғана жапсыра алады. Егер ол жоқ болса, ешкім жауап­қа тартылмайды.

Велосипед пен мопед жолы

Ережеге бұрын болмаған «велосипедші», «велосипед жолы», «велосипедке арналған жолақ» деген сөздер енгізіліп, сонымен қатар «мопед», «жол жиегі» деген сөздердің түсінігі барынша кеңейтілді.
Велосипед жолы және велосипед жолағы бойынша жасы 14-ке толған велосипед жүргізушілеріне қозғалыс рұқсат етілген. Сонымен бірге бұл жолдармен мопед те жүре алады.
Сондай-ақ олар маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен де, қоғамдық көлікке арналған «BUS LANE» жолағының шетімен де жүруіне болады.

«Фотобейне тіркеу» белгісі

Жаңа ережеде «Фотобейне тіркеу» ақпараттық-нұсқағыш белгісі енгізілген.Жол ережесінің бұзылғандығы автоматты түрде жұмыс істейтін бейне құрылғылармен тіркелсе, ол жерде «Фотобейне тіркеу» белгісі болмаса да, айыппұл төленеді. Астанада бұл «Сергекке» көбірек қатысты.

Айыппұл жеңілдіктері

Жол жүру ережесіне енгізілген өзгерістерде жүргізушілерге біраз жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, көлік жүргізуші жылдамдықты рұқсат етілгеннен сағатына 10 шақырым асырса, бұрынғыдай 10 емес – 5, сағатына 20-40 шақырым асырса – 10, сағатына 40 шақырымнан да асып кетсе, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Ал жолдың қарсы бетіне шығып кетсе, бұрынғыдай куәлігінен айырылмай, 30 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлмен құтылады.
Бұған дейін полиция қызметкерінің қатты жазалайтын белгісі – мүгедектер орнына тұру болатын. Енді оның ақысы 50-ден 10 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 113 450 теңгеден 24 050 теңгеге төмендетілген.
Жаяу жүргіншілер жолағына қатысты тәртіп бұзу жазасы да екі есеге азайған. Жүргіншілерге жол бермесе, жүргізушілер бұрынғыдай 20 емес, 10 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл төлейді.
Айыппұлдарды төлеуде де көптеген жеңілдіктер бар. «Еgov» порталына тіркеліп, жеке идентификациялық коды мен құпия сөзін енгізіп, кәдуілгі сайт қолданушысы ретінде онлайн төлем жасай аласыз. Төлемнің мобильді қосымшалары да қарастырылған.
Тағы айта кетерлігі, айыппұл төлемдеріне түбіртек алу қажет емес. Өйткені барлығы электронды түрде базаға тіркеліп тұрады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды