Жолы жарқын Жақсылық

0 45

Қазақ жұртының жайсаң азаматы, Қазақстан спортының жарқын жұлдызы Жақсылық Үшкем­піров 2 тамыз күні 70 жасқа қараған шағында жарық дүниеден өтті. Қазаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның жақындарына көңіл айтты. Спорттың жекпе-жек түрлері бойынша қазақ спортшыларынан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров қазақ елінің спортшы қауымынан бірінші болып «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары мәртебесіне ие болған еді.
Белгілі журналист Қыдыр­бек Рысбекұлының әлеу­меттік желідегі атақты спортшының өмірінен өрілген мөлтек сырын жариялауды жөн көрдік.«Бір жапырақ кеудесіне бүкіл қазағын сыйғызған Жақсылық ағатайым Жаратқан иеміздің құзырына қайтыпты. Жанарымыз жасқа шыланды. Көкіректі мұнар шалды.
Жақсылық ағатайым ұлтының тарихындағы ірі тұлғаның бірі ғой. Ол кісінің басынан өткен мына бір екі сәттерді қайта жаңғыртып көрейікші.

ЖЕҢІС БАР,  ЖОЛДАМА ЖОҚ

1975 жыл Жақсылық үшін сәтті болды. Қолтоқпақтай ғана қазақ балуаны КСРО халықтарының спартакиадасында жеке-дара шықты. КСРО чемпионатының алтын медалі де Жақсылыққа бұйырды. Үшкемпіров классикалық күрес­тен (қазір грек-рим күресі) Кеңес одағының спартакиадасы мен чемпионатын ұтқан тұңғыш қазақ балуаны екенін ескерсек, бұл табыс­тың бәсін ұғу қиынға түспейді.
Бұған дейін екі жыл қатарынан одақ чемпионатының жүлдегері атанған Жақаңның көкейінде енді Олимпиада ойындарына, әлем чемпионатына барсам деген арман оты тұтанды. Себебі, 1976 жылы Монреаль олимпиадасы өтеді. Спартакиада мен одақ чемпионатының «алтынын» қатарынан қанжығаға байлаған Үшкемпіров жетпіс бестегі әлем чемпионаты мен Монреаль олимпиадасына барудан бірден-бір үміткер еді. Оның үстіне, спартакиада бітісімен КСРО құрамасының аға жаттықтырушысы Виктор
Игуменов: «Осы бабынан таймаса, Монреаль олимпиадасына
Жақсылық барады» деген.
Жетпіс бестегі әлем чемпионаты екі-үш айдан кейін Минскіде өтті. Бұл сынға әлемнің үш мәрте чемпионы Владимир Зубков қатыс­ты. Жарайды, бапкерлер алқасы тәжірибелі тарланға сенім артты, Зубков төртінші рет топ жарды.
Жетпіс алтыдағы Еуропа чемпио­наты Ленинградта өтті. Жақсылық тағы да құрамадан тыс қалды. Бұл жолы Ресей құрамасының бас жаттықтырушысы Геннадий Сапуновтың шәкірті Алексей Шумаковтың жолы болды.
АҚШ-тағы Әлем кубогынан тағы сырт қалды. Көкейде күмән бой көтерген. Бірінші нөмірлі балуанның үш бірдей ресми бәсекеге ілікпеуі жақсылықтың нышаны емес. Яғни, одақ құрамасының бапкерлері Монреальға мұны апармайды. Бапкерлердің сөзі жай алдаусырату ғана.

УКРАИНАДА АТАҢНЫҢ БАСЫ БАР МА?!

Дәл осы тұста Украина жаттықтырушылары қолқа салды. «Бізге ауыссаң, Монреальға барасың. Үй, көлік, бәрі шешіледі. Қазіргі стипендияңнан екі есе артық жалақы аласың». Жақаң кәдімгідей толқыды. Үй мен көлік өзінде де бар. Керегі – Олимпиада жолдамасы.
Украиндардың «сәлемін» көп жыл «Қайрат» қоғамын басқарған Қабыш Омаров ағасы естіп қойыпты. Бір күні ойда-жоқта салып-ұрып жетті. Келген бойдағы залда тер төгіп жүрген інісін айнаның алдына алып барды да: «Қарашы, сен кімге ұқсайсың?» деді. «Мен әжемнің баласымын. Әжеме ұқсаймын». «Сен дұрыстап қара, қай ұлтқа ұқсайсың?» «Қазақпын, аға! Оны неге сұрадыңыз?» «Қазақ болсаң, Украинада атаңның басы бар ма?!» Жақсылық қысылғанынан жерге кіріп кете жаздады… «Ал, бара ғой Киевке. Бар! Сен оларға уақытша ғана керексің. Сіңбейсің оларға, сіңірмейді. Ертең спортты доғарған соң ешкімге керексіз боп, далада қаласың. Сонда өзіңді алақанына салып, әлпештеп өсірген туған еліңе қай бетіңмен қарайсың?!..»
Украина мәселесі осымен тәмам болды.

БІР ЖАПЫРАҚ…

Олимпиада жолдамасы көзден бұл-бұл ұшқан. Жақсылық қатты торықты. КСРО құрамасындағы үзеңгілестері «терпеливый Жак» атаған жігіттің төзімі әбден шегіне жеткен. Содан талайлардың қолы жетпей жүрген КСРО құрамасына үш ай ат ізін салмай, Алматыда жатып алды.
Бір күні ойда-жоқта республикалық спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақбаев мұны мәшинесіне отырғызып алып, Қазақстан Компартиясының орталық комитеті орналасқан зәулім боз үйге бір-ақ тартты. Бұларды Дінмұхаммед  Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежанов күтіп алды. Мұндайды күтпеген Жақсылық кәдімгідей қобалжиын деді.
Ақбаев бастап екеуі атшаптырым кабинетке қадам басқан. Төрағаның соңынан ілескен балуанның тізесі дірілдеп қоя берді. Сан майданда сыр бермеген жүрегі кеудесін жарып шығардай, бұлқына соғады. Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев қарағайдай боп қызмет үстелінің қасында тұр екен. Ауыр ой құрсауында екенін тұнжыраған қабағы айтып тұр.
Екеуінің сәлемін қабыл алған Қонаев жұдырықтай Жақсылыққа төбесінен төне қарап:
– Әй, Аманша, чемпионың осы ма? Өзі бір жапырақ қой, мына денесімен қалай күреседі?, – деді Ақбаевқа қарата.
– Дінмұхаммед Ахметұлы, өзі кішкентай болғанымен, күшті балуанымыз осы! Осы жігіттен бірдеңе шығады. Батаңызды беріңіз!
– Ә-ә, жарайды, отырыңдар, – деді Қонаев орындығына жайғасып жатып.
– Ал, Жақсылық, мен күніне төрт сағат ұйықтаймын. Кезінде Өзбекстанға кеткен аудандарымыз бар. Соны қайтару керек. Мына жақта тың игеріп жатырмыз. Қой басын елу миллионға жеткізу міндеті тағы тұр. Малшы ауылдарға қаншама жол, қаншама электр жарығын тартып жатырмыз. Күні-түні елімді, жерімді ойлаймын. Ата-бабадан аманат байтақ жеріміз бар. Мен Брежневпен (Кеңес одағының бас хатшысы) күнде сөйлесіп отырамын. Елімді сақтап, көркейтіп, өркендету үшін ол кісімен дос болуым керек. Осының бәрі маған оңай дейсің бе? Ал, сен неге жаттығуға бармай жүрсің. Қазаққа Олимпиада чемпионы керек! Сені болады деп жатыр ғой. Қазір кезек тимесе, енді төрт жылдан кейін тиеді. Дұрыс­тап дайындал! Мен сені қадағалап отырамын. Тек әділдік болсын! Таза болсаң, барасың.
– Жарайды, түсіндім, ата, – деді Жақсылық қапелімде аузына басқа сөз түспей.
– Өзіңе не керек, пәтерің бар ма?
– Бар.
– Мәшинең бар ма?
– Бар. Бірақ тозып қалып еді…
– Әй, Аманша, Жақсылыққа мәшине бер! – деді Димекең Ақбаевқа қарап.
– Ал, енді сен дайындал.
– Жақсы, ата, – деп Жақсылық лып етіп орнынан тұрды.
Сол мезет Жақсылықтың тұла бойы ду-ду етіп, мыңға жалғыз шабардай шабынып тұр еді.
…1980 жылы 29 жастағы Жақсылық Үшкемпіров Мәскеу олимпиадасында топ жарса, 1981 жыл 30 жасында әлем чемпионы атанды, ал, 1982 жылы 31 жасында Әлем кубогын қанжығаға байлады. Бұл спортшылық жасы ұлғая бастаған тұстағы ең ақырғы үш мүмкіндік еді. Жақаң зарығып зорға жеткен сол үш мүмкіндікті қалт жібермей, қағып түсті.
Мәскеу олимпиадасынан олжамен оралған Жақсылықты туған халқы әлпештеп алақанына қондырды. Ал, Дінмұхаммед ағасы чемпионды «Бір жапырағым!» деп еркелеткен екен».

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + seven =