©2020 Астана Ақшамы
Жолсеріктің міндеті не?
2010 жылдың 18 қыркүйегіндегі «Астана ақшамы» газетінде менің «Жолаушылар мәдениетін көтерейік» деген мақалам шыққан еді. Сол мақаланы шенеуіктер оқымаған сияқты. Өйткені, айтылған мәселеге байланысты оң өзгерістерді байқай алмай жүрмін.
Сөзім дәлелді шығуы үшін болған жайларды айтып өтейін. Қалада тұрған соң жолаушылар көлігінің қызметін пайдаланамыз. Өзім де куәмін, басқалар да соны байқайды. Кейде автобусты ұзақ уақыт тосуға мәжбүр боламыз. Сонда жолсерікке неге кешіктіңіздер десеңіз, мынадай қысқа құлықсыз жауап аласың: «Білмеймін, біз кестемен келе жатырмыз». Немесе осы жаңа жылдың бірінші күні кешкі 19-бен 20-ның арасында «Көкталдың» бір аялдамасынан кішкентай бала көтерген ер адам менің жаныма отырып, жолсерікке «Неге осынша ұзақ жүресіздер?» деп еді. Жолсерік қазақ келіншегі қысқа ғана «Мүмкін емес» деді де әрі жүре берді. Тағы бір жағдай мен өзім 29 желтоқсан күні №21 бағыттағы автобусқа (нөмірі 940) міндім. Жолсеріктің аты-жөні – Абзал Ерденбаев. Уақыт таңертеңгі 9-дан 10 минут кеткен кез. Жолсерікті жаныма шақырып алдым да «Сіздің міндетіңізге не кіреді?» деп сұрадым. Үндемеді. Сосын айттым «Мына мен 73-ке келген қарт адаммын. Әне қарашы, жастар отыр, олар қозғалғысы келмейді. Сен неге айтпайсың: жастар үлкендерге орын беріңдер деп. Сонда біреуінің ұяты оянып орын берер». Менің бұл сөзіме Абзал былқ еткен жоқ. Мен сол «№17 гимназия» аялдамасынан «Өнер академиясына» дейін тұрып келдім. Осындай жағдай басқалардың да басынан кешіріліп жатқан шығар. Меніңше, жолсерік жолаушылар көлігі мекемесінің өкілі. Ол – мекеме мен жолаушылар арасындағы байланысшы. Біріншіден, өте мәдениетті түрде жолаушылар сұрағына жауап беру керек. Екіншіден, жолсеріктің жолақысын алумен ғана шектелмей, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға тырысқаны жөн болар еді. Үшіншіден, көлік мекемесінің басшылығы жолсеріктермен тәрбие жұмысын күшейтіп, автобус ішіндегі көрнекі жерге солардың міндеттерін іліп қойса, біз жолаушылар заңды талабымызды қояр едік. Астана – еліміздің бас қаласы. Басқа өңірден келген жолаушылар елорда жолсеріктерінің қызметін өз мекендерінде үлгі етіп айтып жүрсе қандай ғанибет. Біз осыған қашан жетеміз? Онымен қоса, жолсерік аялдаманың атын айтып, «Түсетіндер бар ма?» дейді. Жоқ десе, жүргізуші тоқтамай өте шығады. Аялдамадағы жолаушы амалсыздан келесі көлікті тосады. Осы келеңсіздіктерге қалалық әкімдіктегі жауапты қызметкерлер көңіл аударып, көлік мекемелері басшыларынан талап етіп отырса дұрыс болар еді.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
еңбек ардагері