Жолдың жыры таусылмай тұр…

0 88

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен облыс әкімдеріне 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруді тапсырды. 2019 жылдан бастап еліміз бойынша жол салуға жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінетініне тоқталған Мемлекет басшысы «Бірақ нәтиже жоқ. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мердігерлер өздерінің кепілді міндеттемелерін қалай орындап жатыр? Жол жасау жұмысына ұзақ жылдар бойы тек белгілі бір мердігерлер ғана қатысатыны қалай?! Бұл сұраққа Үкімет жауап беруі керек» деп салмақты мәселені қозғады. Осылайша ұзақ жылдардан бері сапасыз жолдардың бетін басып, сіресіп жатқан сеңнің көбесі сөгілді.

Тапсырма түспесе жұмыс бітпей ме?

Президент жол сапасына қатысты мәселені осы жолы ғана көтеріп отырған жоқ. Бұдан бұрын да жолдың сапасына және жұмысы аш ішектей созылып, не бітпейтін, не тоқтамайтын жолдарға қатысты қатаң сын айтып, жауапты тұлғаларды жұмысынан да босатқан еді. Мемлекет басшысының 9 сәуір күні өзінің Тwitter-дегі парақшасында «еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр. Үкіметке, әкімдер мен құқық қорғау органдарына жағдайды реттеу үшін жүйелі шаралар қабылдап, оның есебін беруді тапсырдым» деп жазғаны әне соның айғағы.

Президенттің сынынан соң

«Қаз­АвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Алыпов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақов, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдерінің орынбасарлары қызметінен босатылды.

Қазақстанда жоғарыдан айтпаса, тапсырма бермесе, ешбір жұмыс маңдымайтын сияқты. Сосын да шығар, біздің елде Президентке хат жазып, көмек сұрайтындар көп. Себебі бізде жергілікті билік жоғарыдан жарлық түспесе, өздері біліп, осы елдің ісін оңға бастырайын, өндірісін өркендетіп, халықтың тұрмысын жақсартайын деп жанын салмайтын секілді. Алдына барған халықты сөз бұйдаға салып шығарып салу да салтқа айналғандай. Әйтпесе, жол сапасына байланысты халық тарапынан аз сын айтылып жатқан жоқ. Әлеуметтік желіні аша қалсаң, былтыр салған жолдың биыл ойылып кеткені; қаржы бөлініп, бірақ жол салынбай, жұрттың әлі батпақ кешіп жүргендігі жайлы ақпараттан шалынып жығыласың. Соны біздің үкімет, жергілікті орындардың басшылары көрмей, білмей отыр ма?! Әрине, біледі, бірақ олардың дені «бюджет деген теңіз, ебін тауып жеңіз» деген ұстаныммен күн көретін сыңайлы. Әйтпесе, неге қаржысы бөлініп, жоспары жасалған жолдар уағында бітпейді?! Сонша жыл уақыт жұмсап салғанда, сапасында айтар жоқ болса бірсәрі, бәрінің демесек те, көбінің сапасы сын көтермейтіні қалай? Мәселен, Солтүстік Қазақстанның облыс орталығынан Қайранкөл ауылына дейінгі 18 шақырым жолды салуға бюджеттен 2019 жылы 600 миллион теңге бөлінген. Алайда астына құм-шағыл төкпей, бетіне 3 сантиметр асфальт жатқызып, көзбояушылықпен салған жол бір жыл болмай ойылып-ойылып қалған. Мұндай мысалды республиканың кез келген жерінен келтіруге болады. Сонда осы сапасыз жолдарды қандай компания салды? Қандай құзырлы орган осы жолдың сапасын тексеріп өткізіп алды? Бәрі «Балық үндес, бақа тілдес болмаса», жол сапасын бақылау орнының сынағынан сапасыз жол қалай сүрінбей өтіп кетті?! Сұрақ көп, жауап жоқ…

Қолданыстағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы:

1991 жыл  – 86 км; 2021 жыл – 96,8 км.  30 жылда республикалық маңызы бар 13,4 мың км автокөлік жолы салынды. 

Ақылы жолдан түскен түсім: 2020 жылы – 5,7 млрд.  2021 жылы – 29 млрд.

 

Жолдың сапасы сын көтермейді

Жол – ел экономикасына қан жүгіртетін қантамыр. Өндірісің өркендеп, шаруашылығың шалқып, туристік орындарың қанша керемет болса да, жолы нашар, қатынасы қолайсыз болса, бәрінің күні қараң. Жерінің ол шеті мен бұл шетіне ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның аяғы талатын Қазақстан үшін де жол мәселесі аса өзекті. Кеңес Одағы кезінде біраз жолдар салынғанымен, қазақ жерінде жол жетпеген өңірлер жетерлік еді. Салынған жолдар көп уақыт күтім көрмегендіктен, Қазақстан тәуелсіздікке де қырық шоқпыт, қиқы-шойқы жолмен жетті. Сондықтан жол мәселесі еліміз экономикасын өркендетудегі басты тетік болатын. Бұл жөнінде Елбасы ­Н.Назарбаев «Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек» деп атап көрсеткен болатын. Алайда Қазақстанда жыл сайын жол салынғанымен, көп жолдың сапасы сын көтермейді. Себебі мемлекет қазынасынан миллиондап, миллиардтап бөлінген қаржының дені ұстағанның уысында, тістегеннің аузында кетеді. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» басшыларының мәліметінше, жыл сайын республикалық қазынадан, жергілікті бюджеттен және қаржы институттарынан бөлінетін қаржыны қосқанда 711 млрд теңге осы салаға жұмсалады екен. Алайда осынша қаржы жұмсалғанымен, көп жолдың кемшілігі жетерлік. Яғни, еліміздегі республикалық маңыздағы жолдың 20 пайызы, ал өңірлердегі жолдардың 30 пайызы нашар. Ал жол салынбай, әлі күнге дейін Кеңес Одағы кезінде салынған қырық шоқпыт жолдарға қарап отырған ауыл, елді мекендер қаншама?!
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы автомобиль жолдары мен елді мекендердегі көшелер желісінің ұзындығы 157 мың шақырымды құрайды. Мұның 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар болса, 71 мың шақырымы – жергілікті маңызы бар жолдар. Ал көше-жол желісі – 61 мың шақырым. Өкінерлігі, біздің жолдардың саны бар, сапасы жоқ болып тұр. Айталық, Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 2014 жылы Қазақстан жолдың сапасы жағынан әлем бойынша 117 орында болса, 2017 жылы 115 орынға, 2020 жылы 93 орынға жайғасты. Демек, біз «дамыған 30 елдің қатарына кіреміз» деп мақсат еткенімізбен, жолымыздың сапасы елдің дамуынан 3 есе кейін қалған.
Жолымыздың сапасыздығы экономиканың дамуына тұсау болып қана қоймай, жол апатының көптігіне себеп болып отыр. Елімізде жыл сайын 10 мыңнан астам адам жол апатынан бақилық болады екен. Биыл жыл басынан бері жол апатынан қайтыс болғандардың саны 12 пайызға артқан. Осыған байланысты Президент жол апатының жиілеуіне алаңдаушылық білдіріп, жауапты орындарға тапсырма да берген еді.
Бақ беттеріндегі мәліметтерге сүйенсек, Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың 70 пайызы сапасыз болса, Атырау облысында да ақаулы жолдар аз емес. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте өңірдегі жолдардың жағдайы республикалық орташа көрсеткіштен төмен екенін айтты. «Аймақтағы республикалық маңызы бар жолдардың 85 пайызы және облыстық маңызы бар жолдардың 61 пайызының жағдайы орташа немесе жаман емес деуге болады. Бірақ бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен» деді президент.
Елімізде жол сапасын тексеру және жол саласындағы жемқорлықтың тамырына балта шабу мақсатында 2019 жылы наурыз айында Үкімет қаулысымен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» құрылғаны белгілі. Құрылғанына екі жылдан асқан бұл орталық қазірге дейін еліміздегі жолдарға 12709 рет тексеру жүргізіп, 10 мыңға жуық заң бұзушылықты анықтаған. Мұның басым көп бөлігі жол сапасына қатысты.
Қазақстандағы жолға қатысты екінші мәселе – жол салу жұмысының ұзаққа созылып, уағында аяқталмайтындығы. Мәселен, жүргіншісі ең көп, еліміздегі аса маңызды жолдардың бірі «Нұр-Сұлтан – Алматы тас жолының» және Шығыс Қазақстан облысына қарасты «Қалбатау-Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен» тас жолының салынып жатқанына бірнеше жыл болды. Бірақ жолдың ертең-бүгін бітетін түрі жоқ. Әрі-бері жүрген жолаушылар ақ шаңы аспанға шыққан жолмен жүріп зықысы шықты. Жұрттың жанайқайы Мемлекет басшысының құлағына да жетсе керек, жақында Тоқаев «Нұр-Сұлтан – Алматы» автожолын жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмағанын сынға алады. «Бұл жол елордамызды 8 миллионнан астам тұрғыны бар оңтүстік өңірлермен байланыстырады. Жұмыс қарқынын күшейтіп, осы жолды 2023 жылы пайдалануға беруді тапсырамын. Шын мәнінде, жол салу және оны жөндеу жұмыстары сапасыз атқарылып жатқанын мойындаған жөн» деді Мемлекет басшысы.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «2021-2022 жылдары Үшарал – Дос­тық, Қалбатау – Майқапшағай, Қос­танай – Денисовка, Петропавл – РФ шекарасы (Курган) сияқты әлеуметтік маңызы бар транзиттік жобалар кезең-кезеңмен аяқталады» деп отыр. Бірақ жоспар уағымен орындала ма, жоқ па, оны да уақыт көрсетеді. Онсыз да жұмысы сылбыр жол жасау жұмысына әлемді жайлаған індеттің де салқынын тигізгені рас. Бірақ жұмысы кешіккен жолдың бәріне пандемия сылтау бола алмайды.
Қазақстандағы автожолдарды басқару және оның сапасын бақылау жұмыстарымен айналысатын «Қаз­АвтоЖол» ҰК»-ға қатысты дау-дамай да аз емес. Яғни күні бүгінге дейін жолдың сапасыздығына байланысты бұл мекеме ешқандай жауапкершілікке тартылмаған. 2019 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тексеруіне қарағанда, аталған мекеменің көп жұмысы сыбайлас жемқорлыққа қатысты екені анықталған. Бірақ ол жөнінде де ешқандай заңды жұмыстар жүргізілмеген. Оның үстіне, бұл мекеме 162 миллиард теңге қарызын төлеуге қауқарсыз болғандықтан, бұл шығын да ел бюджетінен өтелуі мүмкін. Жол жұмысын қадағалайтын білдей мекеменің сиқы осы болса, әрине, жолымыз сапасыз болмай қайтсін?!

Ақылы жолдың артықшылығы көп

Қазақстанда ақылы жолдардың пайда болғанына ұзақ уақыт болған жоқ. 2021 жылғы қаңтарға дейін ел бойынша 4 жолда ақы алу жүйесі енгізілді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, өткен жылы осы 4 жолдан 5,71 миллиард теңге қаржы жиналған. Демек, ақылы жолдың да артықшылығы аз емес. Осыған байланысты елімізде ақылы жолдарды көбейту көзделген. Яғни, алдағы жылдары ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 11 мың шақырымға жеткізіледі деп жоспарланған. Оған 25 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, 13 жолды ақылы қылудың жұмыс жоспары жасалған. Сол жоспар бойынша, Павлодар, Қостанай, Ресейдің Тройцк қаласына дейінгі жол ақылы жолға айналады. Сонымен қатар Орал – Саратов, Қапшағай – Талдықорған, Тараз – Қайнар, Қызылорда – Шымкент – Тараз, Шымкент – Өзбекстан шекарасы, Орынбор – Ақтөбе – Қызылорда автожолдарында көлік жүргізушілерінен ақы алу жүйесі іске қосылады. Бұдан бөлек, Ақтөбе – Орал – Самара, Павлодар – Омбы, Ақтау – Бейнеу, Павлодар – Семей – Қалбатау, Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасының жолы да ақылы жүйеге көшеді.
Ақылы жобаны екі кезеңде енгізу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде 2020-2021 жылдар аралығында 6 мың шақырым жол ақылы автожол қатарына қосылса, 2022 жылдан бастап 2023 жылға дейін қалған 5 мың шақырым автожолды ақылы жолға айналдыру жоспарланып отыр.
Әрине, сапалы жол салып, одан ақы алу арқылы жолды ұстап тұру немесе жаңа жол салуға қаржы жинау – дұрыс қадам. Бұл тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем қолданып, игілігін көріп отырған жоба деп айтуға болады. Мәселен, көрші ел Қытайдағы жолдардың көбісі ақылы. «Қарыз алып жол жасап, ақы алып қарыз қайтарамыз» деген ұранды ақы алу орындарының маңдайшалығына жазып қойған Қытайда ең арзан жолақысы он юаньнан (650 теңге) басталады. Жол ұзарған сайын ақы да артып отырады. Үрімжіден 200 шақырым жердегі Шонжы ауданына дейін 60 юань, яғни 3900 теңге алады. Ал Қазақстанда жолақы өте арзан. Астанадан 200 шақырым жердегі Бурабайға дейін небәрі 300 теңге ақы алынады. Демек, біздің елде де ақылы жолдарды молайту керек. Алайда одан түскен қаржы да біреудің жемсауында айналып кетпей, жаңа жолдар салуға немесе сол жолды күтуге, қыста қарын күреп, жазда шаңын сыпыруға жұмсалғаны дұрыс.
Қазақстанда жүк тасымалының басты үлесі теміржолға тиесілі болса, екінші орында автокөлік тасымалы тұр. Елімізде әуе, ішкі су жолдары, теңіз тасымалы көрсеткіштерінің төмен болуына, біріншіден, тарифтің жоғарылығы, екіншіден, елдің гео­графиялық сипаты әсер ететінін ескерсек, Қазақстанның автокөлік және теміржол тасымалын дамытудан өзге мүмкіндік те жоқ. Ал жол жасауға қаржы жетпей жатқан жоқ, бөлінген қаржы үйлесімді жұмсалмай жатыр. Асқынған жемқорлық пен өз мүддесін ғана ойлайтын шенділердің кесірінен кейбір маңызды жобаларды іске асыра алмай отырмыз. Мәселен, Балқаш көлінің үстінен жол салынса, Нұр-Сұлтан – Алматы жолы 200 шақырымнан артық қысқарып, жолаушылар уақыттан, жанар майдан ұтар еді. Бірақ бұл да қазір арман болып тұр…

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × two =