©2020 Астана Ақшамы
Жолдау аясында қолдау көп
Талғат ЕРҒАЛИЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты
– Талғат Файзоллаұлы, сіздің бір сұхбатыңыз қоғамда бірталай пікір туғызды. Нақты айтсақ, «елімізде жұмыссыздар жоқ, жатыпішерлер бар» деп мәлімдедіңіз. Сіз бұл пікіріңізді қандай дерекке сүйеніп айттыңыз? Әйтпесе, Астанада отырған депутат аймақтардағы жағдайды қайдан біледі?
– Мен депутаттыққа өндірістен келдім. Сіз айтып отырған сұхбатымда өз ойымды айттым. Бүкіл Қазақстан бойынша алсақ, бір өңірде жұмыссыздар көп. Енді кейбір дамып жатқан аймақтарда мамандар жетіспеушілігі байқалады. Жұмыссыздарды кадр тапшылығы бар қалаларға жіберіп, теңестіру арқылы ел бойынша жұмыссыздар жоқ деп айтуға болады. Бүгінде жұмыспен қамту, мамандарды қайта даярлауға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Елбасының Жолдауында да осы жұмыспен қамтуға қатысты көп айтылған. Тәуелсіздік алғаннан бері инженерлік мамандарға деген сұраныс артып келеді. Ал, кеңестік кезеңде ол қоғамдағы ең беделді кәсіп болатын. Соңғы жылдары ғана қоғамның техникалық мамандарға деген қызығушылығы пайда бола бастады. Оның бір себебі, Президенттің тапсырмасымен «Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қолжетімді баспана» сынды бірнеше бағдарламалар қабылданды. 2010 жылдан бері 2 трлн теңгеге 400 жаңа инновациялық мекеме ашылды. Міне, осы кәсіпорындарға жұмыс қолы керек. Сондықтан, қазіргі уақытта инженерлік мамандар өте қажет.
Астананың өзінде ертеде инженерлік-құрылыс институты болған-ды. Соны педагогикалық институтпен қосқан кезде, жылу-газ, вентиляция және сумен жабдықтау факультеттері жабылып қалды. Жиырма жыл сол мамандық өкілдері дайындалмады. Қазір жылу беру, ауа алмастыру, сантехника, су жабдықтау мамандары жетіспейді. Құрылыс саласында да сондай проблема бар. Қарап отырсақ, жұмыссыз жүргендердің басым бөлігінде жоғары білімі бар. Сол жұмыссыздар қайта даярлаудан өтсе, екі қолға бір күрек таба алады.
Ал, сұрағыңызға оралсақ, әріптестеріңіз қате жазыпты. Менің лексиконымда «тунеядцы» деген сөз атымен жоқ.
– Жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясын жариялады. Бүгінде әлеумет бұл бағдарламаның әлеуетіне қал-қадірінше баға беріп, жер-жерде талқылап жатыр. Сіз бұл бағдарламаны қалай қабылдадыңыз?
– Енді, кез келген адам өз өмірін жоспарлайды ғой. Сол сияқты мемлекет те әр қадамын нық басу үшін жоспарлап отырады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – елдің ертеңгі күні жарқын болуы үшін қабылданған құжат. Жолдау жүктеген міндеттерді орындау үшін ел болып жұмылуымыз керек. Жолдауда еліміздің әр саласы кеңінен қамтылып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған міндетте белгіленген. Ең бастысы, сол құжатта жүктелген мәселелерді орындау – баршамызға міндет. Жалпы, Жолдау аясында кез келген саланы дамытуға мүмкіндік беретін қолдау көп.
– Өзіңізге белгілі, аталмыш құжатта діттеген мақсаттарға жету жолындағы мерейлі міндеттер көбіне мемлекеттің негізгі тірегі қазақтарға жүктеліп отыр. Соның бірі ана тіліне қатысты айтылған. Айтыңызшы, қазақ тілінің аясын кеңейту үшін не істеу керек?
– Осыдан 30-40 жыл бұрын орыс тілін білмесең, болашақ жоқ деген көзқарас болған. Жетпіс жыл бойы орыс тілін үйрендік. Ол кезде қызметте өсуіңе, қоғамда өз орныңды табуға көмектеседі деп ойлайтын. Елбасы өз Жолдауында 2025 жылы мемлекет түгелімен қазақ тілінде сөйлеп, істі мемлекеттік тілде жүргізеді деп қадап айтты. Меніңше, бұл – өте жақсы бастама. Бірақ, осы кезде ескеретін бір жайт бар. Ол аудармаға қатысты. Кейбір халықаралық терминдерді қазақшалап аударудың қажеті жоқ. Оны аударып тілді қиындатпау керек, керісінше, жеңілдетуіміз керек.
Тәуелсіздік алған кезде дінге қатысты мынадай мәселе болды: молдалардың арасында айтыс орын алды. Бірі «жастарды мешітке жібермеу керек, кіргізбеу керек,өйткені, олар дәрет алмайды» дейтін. Сол кезде есті азаматтар «Егер біз жастарды қазір кіргізбесек, ертең дінге жақындата алмаймыз» деген болатын. Ал, қазір намаз уақытында мешітке барсаңыз, адам ішіне сыймай, сыртында отырады. Олардың дені – жастар. Сол сияқты қазір тіл үйренемін дегеннің жұмысын қиындатпай, керісінше, оған көмек қолын созуымыз керек. Бәрі бір күнде қазақша сөйлеп кетпейтіні де белгілі. Біртіндеп, діттеген мақсатымызға жететінімізге сенімдімін. «Сіз қазақша сөйлей алмайсыз, ендеше, сіз қазақ емессіз» деп адамның бетін қайтармауымыз керек. Егер асығыстық жасасақ, уақытты созып алуымыз мүмкін. Сондықтан, оларға «қазақ тілін меңгерсең – өсесің» деген қажеттілік тудыра отырып, үйретуіміз керек.
– Елбасының бастамасымен «Қолжетімді баспана» бағдарламасы қабылданды. Аталмыш бағдарлама елімізде баспанасыз жүрген жұртты басыбайлы пәтерімен қамтамасыз етеді деген үміт көп. Бұған дейін сіздің құрылыс компаниясының жетекшісі болғаныңызды білеміз. «Қолжетімді баспана» қарапайым халық үшін қаншалықты қолжетімді?
– Осы күнге дейін мемлекетіміз шекарасын бекітіп, экономикасын жаңғыртып, әлемдік өз орнын қалыптастырды. Елдің алдындағы үлкен мәселе – халықты бас-панамен қамтамасыз ету. Бұған дейін де мыңдаған халықты баспанамен қамтыған бағдарлама болды. «Қолжетімді баспана» бағдарламасының діттегені де – сол бұқараны басыбайлы баспанамен қамту. Бағдарламаның бағыты жақсы деп айта аламын. Әрі бағдарламаның орындалу барысы ашық болады деп те сенемін. Құжаттың үтір-нүктесіне дейін оқып таныстым. Өйткені, біз өзіміздің жұмыс тобымызда оны егжей-тегжей талқыладық. Парламенттік тыңдауда да өз ұсынысымызды жеткіздік.
– Ол қандай ұсыныс?
– Ұсынысымыз көп. Біріншіден, тұрғын үй тұрғызылатын аумақтың инфрақұрылымын дамыту. Екіншіден, тұрғын үйді салатын компанияларға алдын ала жер телімін бөліп беру керек. Жыл сайын қанша пәтер тапсыруымыз керек болса, соншалықты жерді алдын ала дайындауымыз керек. Бағдарламаның әкімшілері тарапынан қатаң бақылауға алу. Бұл – біздің үшінші ұсынысымыз. Бағдарлама барысын тексеріп отыру үшін ұлттық комиссия құрған жөн. Ол айына бір рет тексеріп отырады.
– Бұған дейінгі бағдарламалар белгілі бір санаттар бойынша іске асырылатын. Сәйкесінше, бөлінген пәтерлер мемлекеттік қызметкерлер, жас отбасылар мен бюджеттік мекеме қызметкерлерінен аспайтын. Алдағы бағдарламаның санатына нендей өзгерістер енгізілді?
– Дұрыс айтасыз. Бізде бұған дейін өзіңіз атап көрсеткен санаттар мен әлеуметтік қорғауға алынған жандар ғана қатысатын. Меніңше, әлеуметтік топтарға жататын азаматтарға жағдай жасаған дұрыс. Сондай-ақ, біздің ұсынысымыз – бағдарламаға өндірістік кәсіпорындарының қызметкерлері үшін арнайы санат ашып қосу болып отыр.
– Сізді кәсіпкер ретінде де білеміз. Осы саланы дамыту үшін қандай мәселелерді бірінші кезекте шешу керек? «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының орындалу барысы туралы не айтасыз?
– Біздің елімізде кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіліп келеді. Өзіңіз айтқан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы – соның дәлелі. Өткен жылы бағдарлама аясында 400-дей адам арнайы оқу оқыды. Соның біршамасы шетелге барып, біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасты. Бүгінде осы бағдарлама туралы көп кәсіпкерлер білмейді. Не себепті десек, олардың көбі ақша табу жолында жүр. Ақша табу оңай шаруа емес. Қолдары қауырт жұмыстан босамайтын кәсіпкерлерге түсіндіріп, бағдарламаның мүмкіндіктерін насихаттау керек.
Әңгімелескен: Айнұр САНАБЕК