ЖОЛДАСЫН ЖАУ ҚОЛЫНДА ҚАЛДЫРМАҒАН

0 119

original

Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысқан қайын атамыз Шәутен Тәженұлы егер тірі болғанда биыл 91 жасқа келетін еді. Мен келін болып түскенде ол кісі науқас екен. Сондықтан өз аузынан сыр тарта алмадым.

Жолдасым Нұрсұлтанның айтуынша, атам мінезі салмақты, аз сөйлейтін, қазақша, орысшаға бірдей, өте сауатты жан болыпты. Кітап жинағанды жақсы көріпті. Әсіресе, қазақ фольклорына, соның ішінде эпостық жырларға қатты қызыққан. Балаларын да кітап оқуға баулыған. Демалыс күндері күйтабақты қойып, күні бойы тыңдайтын әдеті тағы болған. Атап өтерлік ерекше қасиеті, ешқашан адам баласын жамандамайды екен. Осындай игі қасиет иесі тек алты жасына дейін ғана бақытты балалық шақты басынан өткеріпті. Одан кейінгісі дәуір дүрбелеңіне толы.
Әлқисса, атамыздың әкесі – Тәжен кезінде тақуалығымен Арал өңіріне аты жайылған Оразалының баласы Қуантайдан туады. Ата-баба жолын жалғастырған Тәжен де өте иманды, діндар, ортасына сыйлы жан болған. Дәстүрлі дала тұрмысына қол салып, шырқын бұзған 1930-жылдардағы ұжымдастыру науқанына қарсы шыққан Қарақұм көтерілісіне қатысқан. Орынбордан шыққан жазалаушылар көтерілісшілерді қынадай қырып, тарыдай талқандағаннан кейін, амалы таусылған Тәжен Қуантайұлы отбасын кейін көшіріп алам деген оймен Өзбекстандағы Термез қаласының маңынан Ауғанстанға өтіп кетуге мәжбүр болған. Кейін шекара жабылып қалып, содан хабарсыз кетіпті. Артында бес баласы мен әйелі Рабиға қалады.
Әкесінен тірілей айырылған кезде атамыз Шәутен алты жаста екен. Көп ұзамай анасы Рабиға далада қалып қойып, суықтан үсіп өледі. Сол кезде жанашыр адамдар атамыз Шәутенді «тірі қалсын» деген тілекпен Қаскелеңдегі балалар үйіне өткізіп жібереді. Сол кеткеннен атамыз 1939 жылы 7-сыныпты бітіріп, туған жеріне, яғни, Қызылорда облысындағы Арал қаласына оралады. Өзі секілді бір топ жетім балалармен бірге жүк тасып, күн көреді.
1941 жылы сұрапыл соғыстың басталғанын естіген бойда от пен оқтың өтіне өзі сұранып, майданға жедел аттанған сол жетім балалардың арасында 17 жасар Шәутен атамыз да бар екен.
1942 жылдың қаңтарында 1-Украина майданы әскерінің құрамында соғысқа қатысады.
Ертеректе атамыз балаларына:
– Майданның қызған кезі. Жау бізді тықсырып, өзенге әкеп тіреді. Амал жоқ, бәріміз жанталаса арғы бетке өтуге тырыстық. Ротада екі-ақ қазақпыз: мен және аты есімде жоқ, Ақтөбенің Есетов деген жігіті. Теңіз жағасында өскен маған жүзу онша қиынға соқпайтын, жақсы малтимын. Бірақ, Есетов жүзу білмейді екен. Жолдасты жолға тастау салтымызда жоқ, бас сауғалап қашу – ер жігіт үшін өліммен тең… Оны демеп, оқ бұршақша жауған қанды өзеннен жүзіп өтуім өмірімдегі естен кетпес бір уақиға еді. Сол жерде арғы бетке ұмтылған 200-дей солдаттың небәрі жиырма шақтысы ғана тірі өтіпті, – деп естеліктерін айтып отыратын еді.
Тағы бірде:
– Варшава түбінде ауыр жараланып, есімнен танып қалыппын. Есімді жисам, медбике ат арбамен алып келе жатыр екен. Ол менің құлағыма төніп, «госпитальге дейін шыдасаң, аман қаласың, саған қан құю керек» дейді. Шыдадым, тірі қалдым. Жазылған соң тағы да майданға аттанып, соғысты чех астанасында аяқтадым. Праганың шеткі көшелеріне кірген кезімізде: «қаладағы неміс гарнизоны тізе бүкті, атысты тоқтатыңдар!» деген бұйрық келді. Сөйтіп, Жеңіс күнін біз сол жерде қарсы алдық, – деп отыратыны есімде қалыпты.
Иә, атамыз жан аямай соғысып, ота­нымызды жаудан азат ету жолында талай ерлік көрсеткені үшін бірнеше орден-медальдармен марапатталған. Соғыс біткен соң Севастопольдегі Қара теңіз әскери флотында бір жыл қызмет еткен.
Жалынды жастық шағын сұрапыл соғыстың жалыны шарпыған аға буынның ерлік жолы бүгінгі ұрпаққа Отан қорғаудың зор үлгісі ретінде мәңгі есте қалатынына, жыл сайын келер Жеңіс мерекесімен жадымызда жаңғыра береріне сенімдімін.

Анаргүл САДИЫҚҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × one =