Жолдарың болғай жорытқанда

0 138

Мектеп қабыр­ғасында жүргенде Ұлттық бірыңғай тестілеуден сү­рінбей өтсек, «үл­кен өмір» дейтін алтын сарайдың қақпасы айқара ашылып, «бақыт» құсы арқасына мінгізе салып, алып ұшатындай, табаныңды жерге тигізбестен кең дүниені шарлататындай, шаттықтың шырқау биігіне шығарып, адам қызығына тоймас әлемге кіргізіп жіберетіндей сезінетінбіз. 

Мұғалима апайлардың айтқандарына шүбәсіз сеніп, «бол» дегеніндей болуға тырысып, алдағы күндердің де олар айтқандай болатынына еш күмән келтірмейтінбіз. Мәселен, тест тек жақсы дайындалған оқушы ғана сәтті тапсыратынына сенетінбіз, еш «шпор» қолданбасақ еш кедергіге кез болмаймыз деп санайтынбыз. Ал, шындығында, өмір олар айтқандай әділ ме еді? Тестілеу тезінен қара терің төгілмейінше құтылмайтының рас, оны білгенімізбен, қалада өтетін сыннан бәрі бірдей адал еңбегімен өтпейтінін білмеп едік, әттең!…

Менің үш жыл қатарынан тест тапсырғанымды, ақыры қоймай жүріп оқуға түскенімді ауыл ерлік санайды, үлгі етіп те бағады. Ал, «олардың» мен сияқты дайындалып жүретін мұршасы болмады, жесір анасы мен әкесіз өскен қарындастарының қамы үшін нәпақа табу үшін кірісті де кетті жұмысқа…

Біз сол жылы тест өтіп жатқанда ұялы телефон арқылы сыртқа байланыс жасап отырған оқушыларды көріп, сынақ әділетсіз өтті деп шығып едік. Сөйтсек, әділетсіздіктің көкесі басқаша болып жатыпты ғой. Кейін Жаңақорғандағы жағдайды естіп жағамызды ұстадық. «Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң 2 қызметкеріне ҰБТ-ның сұрақша кiтаптарын 5 миллион теңгеге сатты деген айып тағылған көрiнедi» деп «Жас Алаш» жар сала жазды. Қасқырға қой баққызған қайран ел! Осылайша, қарауға қойған адамы қамауға алынды.

Нюрнберг процесі кезінде Герман лидерлерінің бірі: «Біздің бар айыбымыз – жеңілгендігімізде!», – деген екен. Олардың да бар айыбы – ұсталып қалғандығында. Ұсталмай қанша рет сатқандығын, қаншаға сатқандығын бір Құдай білер! Өкініштісі, өмірге енді ғана қадам басқалы тұрған түлектердің тағдырына балта шабылған жағдайлар (суицид) орын алды. Әзірше, 9 жыл бойы өткізіліп келе жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеулердің ішінде 2008 жылғы ҰБТ ғана әділ өткен тест ретінде ел есінде. Біздің де «бағымыз жанған» жыл – сол жыл. Келесі жылында қайтадан көрсеткіштер өз қалпына келе қалды. Сол бір құтты жылы небары 58 балмен «Медициналық академияға» грантқа түсіп еді ауыл жастары. Республикалық конкурс республикалық тест көрсеткішіне тәуелді дүние екендігі белгілі. Сонда, бір жылдың ішінде оқушылардың білім деңгейі күрт өсіп кеткен бе? Немесе 2008 жылғы түлектер шетінен су ми (төмен балдармен таңдаулы мамандықтарға грантқа түсетіндей ) болған ба? Шындықты көлегейлеп әлі де «шымылдық» тұр.

Қош, өткенге салауат! Ендігі меже – ел болып түлектерге әділ түрде өтетін ҰБТ-ны ұйымдастырып беру. «Көш жүре түзеледі» демекші, бүгінгі тест өтетін аудиторияларда ұялы телефон желілерін тұншықтыратын небір қондырғылар орнатылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері де «жауап» сатқанды доғарды деп сенеміз. Бізге бар керегі – ертең елімізде тестен өтіп жатқан оқушылар шынайы бағасын алып шыққандығы. Оларға айтарымыз да қысқа: жортқанда жолдарың болғай, іні-қарындастар!

Ербол Жанат,
erbol-kerei@mail.ru

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 3 =