©2020 Астана Ақшамы
Жолдардың құрылысы жалғасады
Былтыр «Үркер» тұрғын алабында құрылған қоғамдық кеңес елді мекендегі өзекті мәселелерді шешуге белсене атсалысуда. Жуырда өткен аталмыш кеңестің отырысына Астана әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхамбетов, Есіл ауданының әкімі Төлеген Закариянов, үркерліктер қарайтын №11 сайлау округінен сайланған қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов қатысты.
ҚҰРЫЛЫС КАРТАСЫМЕН ТАНЫСА АЛАДЫ
Отырысқа шақырылған «Астана су арнасы» МҚК, «Астана-РЭК» АҚ, жол және инженерлік инфрақұрылымдарды салумен айналысатын мердігер ұйымдар – «Құлагер» ЖШС және «ЦСК НС» ЖШС, қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері тұрғын алабын қайта жаңғырту жобасы аясында атқарылған және жоспардағы жұмыстармен таныстырды.
Жалпы, «Үркердің» кез келген тұрғыны №69 орта мектепке келіп, елді мекендегі жол мен инженерлік желілер құрылысының картасымен таныса алады. Қайта жаңғырту жобасына сәйкес тұрғын алабындағы 83 көше тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі керек.
Отырыста 2017 жылға дейін 57 көшеге жол салынғаны, соның ішінде 39 көше асфальтталып, 18 көшеге қиыршық тас төселгені айтылды. Жоспарға сай биыл 34 учаскеге бөлінген 26 көшеде жол құрылысы
жалғасады. Атап айтсақ, сондай көшелердің қатарына Наурызбай батыр, Жайлаукөл, Ақжайлау, Кейкі батыр, Шопан ата, Махамбет, Батыр Баян, т.б. көшелер енгізілді.
Қоғамдық кеңес мүшелері тұрғын алабын жарықтандыру, көліктердің жылдамдығын тежейтін жол белгілері мен аялдама павильондарын орнату, тротуарлар мен спорттық-сауықтыру кешені құрылысы мәселелерін көтерді. Отырыста көгалдандыру мен бірінші және екінші кезектегі кәріз-сорғы стансалар бойынша мәселелер шешілді. Аудандағы екі бекетке арналған өрт сөндіру бөлімдерін ашу мәселесі талқыланды.
Күн жылынған соң сенбіліктер басталғаны белгілі. Отырысқа қатысушылар тұрғын алабының халқын елді мекенді тазалауға, ағаштарды отырғызуға белсене қатысуға шақырды. Соның ішінде әр тұрғын үйінің ауласын таза ұстау керектігі қаперге салынды.
СПОРТТЫҚ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ
«№11 сайлау округіне қарайтын халықтың жағдайын жақсартуға қатысты бағдарламам бар. «Үркер» тұрғын алабы бойынша жолдар мен инженерлік желілер құрылысын, жарықтандыруды аяқтауға септесуді өзіме басты міндет етіп қойдым. Шыны керек, мұндағы көптеген көшелер нашар жағдайда, біраз жолдардың жабыны жоқ. Дегенмен құрылыс маусымының басталуымен осында жол жұмыстары белсенді жүргізіледі. Мердігер ұйымдар қазір дайындық жұмыстарына кірісті. Соңғы жылдары тұрғын алабында балабақшалар, емхана салынды. Мектеп бой көтеріп, оған автобустар берілді. Биыл мектеп маңында спорттық-сауықтыру кешені салынады» дейді Мирас Шекенов.
Жалпы, қалалық мәслихат депутаттары осы күндері тиісті заңға сәйкес халыққа есеп беру кездесулерін өткізуде. №11 сайлау округі бойынша «Жағалау» шағын ау-
даны мен Е-16 көшесінің бойында тұратын халық депутатқа Ш.Айтматов көшесінде бағдаршам орнату және осы көшедегі тротуарларды абаттандыру, қазіргі заманға сай жылы аялдама павильондарын салу, №101, 17 және басқа да автобус бағыттарының аялдамаларға келу уақытын қысқарту өтініштерін жеткізді.
Халықты өрт қауіпсіздігі мәселесі де толғандырады. Кездесуде анықталғандай, осы аудандағы тұрғын үй кешендерінде өртке қарсы шүмектер, түтік құбырлар мен өрт сөндіргіштер жоқ және өрт дабылы жұмыс істемейді. «Жағалау-3» тұрғын үй кешені тұрғындары қызмет көрсету ұйымдарының жұмысына шағымданды. Оқушылар үшін спорт секцияларын ашу мәселесі көтерілді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ