Жолдар қалай жөнделіп жатыр?

0 53

Апта басында Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары қаладағы жолдарды салу мен жөндеу барысын тексерді. Сол кезде халық қалаулыларында біраз сұрақ туындаған еді. Сондықтан осы мәселені мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысының күн тәртібіне шығарды. Отырыста қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев баяндама жасады.– Биыл басқармамыз жолдар мен инженерлік желілерді салу бойынша 18 жобаны іске асыруды бастады. Соның аясында Сәтбаев, Ақыртас көшелері, Қошқарбаев, Тәуелсіздік даңғылдары бойында тиісті жұмыстар жүргізіледі. Бұған республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. №27 көшеде Ш.Бейсекова көшесінен Тұран даңғылына дейінгі аралықта жол салынады. Бұл жобаларды осы жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Ж.Сапарбаев.
Оның айтуынша, биыл су құбырының 10,7 шақырымы, нөсер сулары кәрізінің 11,6 шақырымы, тұрмыстық кәріздің 10,9 шақырымы, жылу құбырының 5 шақырымы салынады. Республикалық бюджеттен 3160 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы 6 жобаны іске асыруға жұмсалады.
– Тәуелсіздік даңғылы бо­йындағы Есіл өзені арқылы өтетін автокөлік көпірін жобалау жұмысы аяқталды. Қазіргі таңда аталмыш жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізіп жатырмыз. Оң шешім шыққан жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстарына байқау жарияланады, – деді баяндамашы.
Бас қалада ауызекі тілде «Чугунка» деп аталатын шағын аудан бар. Жақында осы ауданда жол салынды. Алайда нөсер суы кәрізі мүлде жоқ. Орталықтандырылған су жүйесі болса да, кәріз салынбаған. Мәслихат депутаты Алмат Жүнісов осының жайын сұрады. Мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Батыр Котырев баяндамашыға жолдар мен инженерлік желілер құрылысының ағымдағы жағдайына талдау жасап, қорытындысын осы тұрақты комиссияға беруді ұсынды.
Депутат Ғабит Сәтмағамбетов №305 көше қашан ашылатынын сұрады. «Бұдан бұрын бұл көше Қала күніне дейін ашылады деп хабарланды. Үлгересіздер ме? Бұл мәселе шаһар тұрғындарын толғандырады. Себебі сол маңайда үнемі кептелістер болып жатады. Әсіресе, адамдар көшеде көп қатынайтын уақытта көліктер ұзақ тұрып қалады. Мердігерлер құрылысты аяқтау мерзімін айтпай отыр. Бәлкім, біздің тараптан жолдар құрылысын қайтадан тексеру керек болатын шығар» деді депутат.
iKomek қызметінің мәліметтері негізінде мәслихат депутаттары талдау жасады. Оның қорытындыларын мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов жариялады.
– Осы жылдың 1 қаңтарынан 29 сәуірге дейін іKomek-ке жолдар мен жол-көлік шаруа­шылығына қатысты 6600-ден астам шағым келіп түсті. Соның 2262-сі жолдардың төсемі мен тротуарларға қатысты болды. Қаланың коммуналдық қызметтері жолдарда проблемаларды туындататыны көпшілікке аян. Олар апатты жағдайларды жою жұмыстарын аяқтағанда, әсіресе, қыс мезгілінде жолдарды бүлдіріп кетеді. Шағымдардың көбісі Пушкин, Үшқоңыр, Бөкейхан, Қордай, Сығанақ, Бектұров көшелері, Қабанбай батыр, Тұран даңғылдары, Қорғалжын тасжолы бойындағы тұрғындардан келіп түскен. Барлық жинақталған материалдарды Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына жібереміз. Жағдайды сараптап, тиісті шараларды қолданыңыз­дар, – деді мәслихат хатшысы.
Жолдар құрылысына қатыс­ты 2014 және 2015 жылдардан бері созылып кетіп, аяқталмай қалған жобалар да бар екен. Сондықтан бұл жобаларға да талдау жасап, проблемалы учаскелерді анықтау, соның ішінде тұрғын алаптардағы проблемаларды тап басу өте өзекті болып отыр. Жолдар құрылысына жыл сайын қомақты қаржы бөлінсе де, осы тараптағы проблемалар ­азаяр емес. Сол себептен депутаттар Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына осындай түйт­кілді жобаларға да талдау жасауды тапсырды.
Отырыс барысында қала жолдары бойындағы үлкен олқылықтарды жөндеумен Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы, ал қаланың коммуналдық қызметтері ұсақ кемшіліктерді реттеумен айналысатыны айтылды. Атап айтқанда, «Астана су арнасы» кәсіпорнында бұл үшін арнайы бригада құрылған, ал «Астана-Теплотранзит» тендер өткізу арқылы екі мердігерді белгіледі.
Жалпы жауапты басқарма жолдар құрылысын жүргізу, қайта салу және жөндеу кезінде атқарылған жұмыстардың сапасын бақылайтын ұйымды анықтады. Бұл – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автокөлік жолдары комитеті жанындағы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы. Қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы осы жұмыстың 35 пайызын қаржыландырады.
Депутаттар жолдарды күтіп ұстау жүйесі реттелгенін, тек қана тиісті жұмыстардың орындалу сапасы ақсайтынын атап өтті. Соның салдарынан жол қозғалысында қауіпті жағдайлар орын алып жатады. Осы орайда нашар жолда жол-көлік оқиғасы болған жағдайда оған кім жауап береді деген сұрақ туындайды. Сондай-ақ маусымдық жол жөндеу жұмыстары болып тұрады. Сол кезде салғырттық салдарынан бұл жұмыстардың еш жол белгілерінсіз немесе еш қоршаусыз атқарылатын кездері болады. Депутаттардың пікірінше, осындай жағдайда апат болатын болса, көліктердің иелерін ғана кінәламай, жол жөндеушілерді де жауапкершілікке тарту керек.
Халық қалаулылары жолдарды салу және жөндеу кезінде нысандар паспортының болмауына да назар аударды. Сол себептен бұл жұмыстармен қай компания айналысып жатқанын бірден білу мүмкін емес. Сонымен қатар осындай жұмыстар кезінде жаяу жүргіншілердің өміріне де қауіп туып жатады. Жалпы қалалық Жол полициясы бақармасының мәліметінше, қалада 47 қауіпті қиылыс анықталған. Аталмыш басқарма жылына екі рет – көктем мен күзде Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасымен бірге жол қозғалысына талдау жасайды. Соның қорытындысында қауіпті аймақтарды жою үшін бюджеттік сұраныс әзірленеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − eight =