©2020 Астана Ақшамы
Жолдамасыз жеңіс
Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы олимпиада ойындарына іріктеуді қорытындылады. Ұлттық құрама соңғы ойында Ұлыбританиямен айдынға шығып, шамасы келгенше шайба салды. Қорытынды есеп – 6:0. Бірақ бұл көрсеткіш бізге жолдама алып бере алмады.
Қазақстан осыған дейін Францияны ұтып, Латвиядан ұтылған еді. Осы екі құрамаға әу бастан тағдырымыз байланып тұрған болатын. Себебі, француздар бізді жеңген латыштықтарды жеңсе, үміт оты қайта жанардай еді. Сондықтан соңғы сәтке дейін Францияның тілеуін тіледік. Тіпті, француздар ойынның бірінші бөлігінде 2:0 есебімен алға шыққан кезде «Еуропаның қазақтарына» жанкүйер болып та кеткенімізді байқамай қалдық. Бірақ айдын иелері есепті теңестіріп, кейін ойын овертаймға ұласты. Бізге керегі, Францияның негізгі уақыттағы жеңісі еді. Осылайша, Сочи олимпиадасының жолдамасы көзден бұлбұл ұшты. Ал Латвия ақ олимпиадаға барады.
Ербол ЖАНАТ