Жолаушылар тасымалындағы жаңашылдықтар

0 29

Нұр-Сұлтан қаласының автобус­тар паркі шығындарын жабу үшін алдағы үш жылда 47 млрд теңге субсидия қажет. Бұл туралы «Астана ­LRT» ЖШС төрағасы Бекмырза Игенбердинов мәлімдеді.Былтырдан бері жолда жүру ақысы үшін саралан­ған тариф енгізгелі авто­парктердің кірісі күрт кө­бейді. Егер оған дейін жы­лына 12 млрд теңге табыс табатын болса, дифтариф белгіленгеннен кейін ол 16,5-17 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар шығындарының да көлемі арта түскен. Серіктестік төрағасы оны нарықта жанар-жағармайдың, қосалқы бөлшектер құнының, жалға алу төлемінің қымбаттауымен, персонал жалақысының көтерілуімен түсіндіреді.

Серіктестікке субсидия не үшін қажет?

Мәселен, жүргізушілер жалақысы 180 мың теңгеден бірден 300-350 мыңға дейін өскен. Оның себебі де бар. Өйткені жауапкершіліктің қатаңдығына байланысты автобустың тізгінін ұстау­ға көпшілік жүргізуші онша қызығушылық таныта қоймайды. Бұл туралы
өткен жылы қыркүйек айы­­ның соңында «Адалдық алаңында» қоғамдық көліктің проблемаларына арналған бір жиында кәсіп­орын төр­аға­сының орынбасары Бауыр­жан Сейітов айт­қан болатын. Ол қаланың авто­парктеріне 600-дей жүргізуші жетіспейтінін жеткізген. Қазір жағдай одан көп өзгере қоймағаны анық.
Кәсіпорынның шығындар бөлігінде жалақыдан кейін (33 пайыз) екінші орында үстеме шығындар (20 пайыз) тарауы тұр. Оған бюджетке төленетін алым-салықтар, әкімшілік-басқару персоналының еңбекақысы кіреді. Атап айтқанда, диспетчерлік пункт, техникалық қызмет, күзет, қауіпсіздік, бухгалтерия, заңгерлік блок бар. Биылға дейін оларға субсидия қа­рас­­тырылмаған. Бірақ автопарктің аталған қызметтерсіз жұмыс істей алмайтыны түсінікті. Сондай-ақ оған көліктерді жалға алу, жуып-шаю, ғимараттарды күтімде ұстау және байланыс қызметін және қосыңыз.
Көлемі жағынан үшінші орында тұрған шығынды тарау – жанар-жағармай (17 пайыз). 2017 жылдан бері солярка бағасы 20 пайызға өскен. Сонымен қатар өткен екі жыл ішінде автобустар саны да, қалалық маршруттар саны да көбейді. Яғни жағармай бағасының қымбаттауы өз алдына, көлікке сатып алынатын отын мөлшері бұрынғыдан көп ұлғая түскен.
Шығындар статьясында көліктің амортизациясына, оларға техникалық қызмет көрсету және жөндеуге де жұмсалатын қаржы көлемі қомақты. Қорыта келгенде, осының бәріне жылына 15-15,7 млрд теңге жұмсалады екен. Мұның 11 млрд теңгесі – таза шығындар да, 4 млрд теңге – автопаркті дамытуға арналған қаржы.
– Әлемнің барлық елінде қоғамдық көліктер субсидияланады. Қай елде де жергілікті үкімет тасымал­даушылардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға ұмтылады. Тұрғындардың қоғамдық көлікті неғұрлым көп пайдалануына барлық елдердегі қала билігі мүдделі. Өйткені жекеменшік автомобиль көбейген сайын еш мемлекет көше жолдарын қайта-қайта кеңейте бермейді ғой. Оның үстіне автобустардың толымдылығы тек «қарбалас сағаттарда» ғана жақсы, басқа уақыттарда ондай жолау­шылар тасқыны жоқ. Автобустар салонының іші 10-20 па­йыз болса да жүрісін тоқтатпайды ғой, – деді Бекмырза Игенбердинов.Автобустар паркі қалай жаңартылады?

Елордада жолаушылар тасымалдау саласында қызмет көрсететін 8 автопаркте (оның бірі – мемлекеттік) 900-ге жуық қоғамдық көлік бар. Жыл басынан бері олардың қатарына экологиялық зиянсыз, экономикалық тұр­ғыдан үнемді және шусыз электробустар қосылды.
Нұр-Сұлтан қаласы Көлік және жол-көлік инфра­құ­рылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Тайбергеновтің айтуынша, алдағы жаз айларына дейін электробустардың санын 100-ге жеткізу жоспарланған. Электро­бус­тар 7 жылға жалпы құны 18 млрд теңгеге есептеліп сатып алынған.
Қалалық автопарк әдісте­меге сәйкес жылына 8 пайыз жаңартылып отыруы тиіс. Автобустардың қызмет көрсету жарамдылығы – 14 жыл. Бірақ қалалық жерлерде, әсіресе, жолаушы ағыны қатты Нұр-Сұлтан мен Алматыда олар толық мерзімінде жұмыс істей алмайды, жылдам тозады. Сондықтан, серіктестік автобустардың тауарлық түрі жоғалмай тұрғанда, оларды 7 жылдан кейін сатып жіберіп, жаңасын алуға тырысады.
Басқа көліктермен салыс­тырғанда электробустардың артықшылығы тіпті ерекше. Оларға жағармайдың қажеті жоқ. Оның үстіне бүгінде сатылып жатқан солярканың сапасы да кү­мәнді. Техниканы бұзатын да, мерзімінен бұрын тоз­дыртатын да – сол. Көп жағ­дайда дизель аппаратурасы істен шығады. Ал нарықта машина бөлшектерінің бағасы қымбат, оны жөпелдемеде жөндете қоюға әркез ақша табыла бермейді. Соның кесірінен автобустар маршруттарға шықпай қалады. Бұл өз кезегінде қоғамдық көліктердің тапшылығына соқтырады.
Сондай-ақ адами факторды да жоққа шығаруға болмайды. Жасыратыны жоқ, көлденең жатқан нәрсені қағып кеткісі келіп тұратын қолының «жүгіртпесі» бар жүргізушілер де кездеседі. Ал электробустардың ұрлайтын бөлшектері жоққа тән. Қозғалтқышы жоқ, механизмдер орналасатын қорабы жоқ. Көлікті қуаттайтын электр энергиясын қалтаңа салып әкете алмайсың. Тек төрт дөңгелегі бар демесең.
– Автопаркті жылына 8 пайыздың межемен жаңарт­­­­қанда, бізге 2022 жылға дейін 483 автобус сатып алу қажет. Ол жағдайда бюджетке лизинг арқылы күш түсірмес үшін әкімдіктің тасымалдаушыларды субсидия­лағаны дұрыс. Сонда тасымалдаушылары осы қаржыға шығындарын өздері жауып, техниканы да өздері сатып алар еді, – деді «Астана LRT» ЖШС төрағасы Бекмырза Игенбердинов.

Жолақы қалай төленеді?

Жолда жүру тарифтері ҚР Индустрия және даму министрі бекіткен әдістеме бойынша белгіленеді. Онда шығындар қайдан құралады, жолаушы ағымының саны, амортизация – бәрі ескеріледі.
– 2018 жылы біз жолақы бағасы бойынша 301 теңге есептік тарифіне шыққанбыз, бірақ комиссия үстеме шығындар мен амортизацияны 10 пайызға шегеріп тастады, жалақыны да көтертпеді. Соның нәтижесінде бір реттік жол жүру құны 198,8 теңгеден айналды. Комиссия отырысында жолақының ақшасыз төлем түрін 90 теңгеден қалдыруға шешім шығарылды, ал жетіспейтін соманы әкімшілік толтыратын болды. Бірақ әкімдік 110 теңгенің орнына қазіргі күнге дейін тек 30-35 теңге ғана төлеп отыр, – деді «Астана LRT» ЖШС төрағасы.
«2020 жылы бюджеттің мүмкіндігіне қарай қо­ғам­дық көлік тарифтері мін­детті түрде талқыланатын болады» деген еді төраға қазан айында жол­ақы бағасы туралы сауалы­мызға. Сол сөзімен биыл оның құны қымбаттауы мүм­кін екенін жоққа шығармады.
Жолаушылар жолақы құнын бірнеше тәсіл арқылы төлей алады. Атап айтқанда:
• қолма-қол;
• Astra Plat арқылы;
• SMS-пен;
• QR-код арқылы;
• үш ұялы қосымша ар­қылы;
Қазіргі кезде автобустарда жолақысын Visa картасымен төлеу қанатқақты жобасы сынақтан өткізі­ліп жатыр, ол сәтті өтсе, алдағы күндері бұған MasterCard картасымен де төлеу жүйе­сі қосылатын болады. Сондай-ақ FacePay жүйе­сімен, яғни автобусқа кіреберісте орнатылған арнайы камераға жүзін көрсетіп-ақ жолақы төлеу мүмкіндігі қарас­тырылуда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 2 =