ЖОЛАУШЫЛАР ҚАМЫ ҮШІН, АМАН ҚАЛАР ЖАН ҮШІН

0 166

Елімізде адам өміріне қауіп төндіретін жол-көлік оқиғалары жиі орын алатыны және артып отырғаны жанға батады. Әсіресе, республикалық маңызы бар жолдарда жол апаттары тыйылар емес. Мұндай қайғылы жағдайларда  зардап шеккендерге көрсетілетін алғашқы медициналық көмектің маңызы аса зор. 

Өткен жылдан бастап рес­публикамыздың күре жолдарының айтарлықтай қауіпті учаскелерінде күре жолдық медициналық құтқару пункттері жұмыс істей бастады. Бүгінде олардың маңыздылығы күннен-күнге арта түсуде.

Бұл жобаны Қазақстан Респуб­ликасы Төтенше жағдайлар минист­рлігінің «Апаттар медицинасы ор­та­лы­ғы» мемлекеттік мекемесі Елбасы Н.Назарбаевтың 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауында ай­тылған тапсырмасына және Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, сондай-ақ, жолдардағы жарақаттар мен өлім-жітімді азайту, жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендерге дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында қолға алуда. Ол өте жауапты да қарқынды жұмыс. Медициналық пункттердің мақсаты да белгілі. Бұл – адам өмірін ажал аузынан алып қалуға бағытталған әлеуметтік маңызды жоба, яғни, медициналық көмекті алғашқы сағатта көрсету, «алтын уақыт» үрдісін сақтай отырып, зардап шеккенді құтқара алатын жақсы мүмкіндікке қол жеткізу.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік және коммуникация, Ішкі істер министрліктерімен «Күре жолдық медициналық құтқару пунктінің жауапты аймағында жол-көлік оқиғалары кезінде өзара іс-қимыл тәртібі туралы» 4 жақты бұйрық әзірленіп бекітілді. Онда күре жолдық пункттердің жол-көлік оқиғалары кезінде жол полициясы бөлімшелері, жол пайдалану пункттерінің кезекші қызметтері мен медициналық ұйымдармен өзара іс-қимылы және хабарласу кестесі белгіленді.

Мүдделі министрліктер бірлесе отырып, күре жолдық медициналық құтқару пункттерін құруға лайық республикалық маңызы бар жолдардың айтарлықтай қауіпті учаскелерін белгіледі.

Бүгінгі таңда елімізде он екі күре жолдық медициналық құтқару пункті толыққанды іске кірісті. Олар Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Ақмола облыстарында орналасқан.

Алматы облысында «Жаңа Арна», «Тарғап», «Үшарал», «Күрті», Қарағанды облысында «Ақшатау», «Балқаш», «Сарышаған», «Ақсу-Аюлы», Оңтүстік Қазақстан облысында «Төрткөл», Жамбыл облысында «Шығанақ» және Ақмола облысында «Макинск», «Анар» күре жолдық медициналық құтқару пункттері жұмыс істеп жатыр.

Пункттің жалпы ауданы жүз қырық төрт шаршы метр. Әрқайсысы қажетті медициналық жабдық, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдары бар амбулаториялық медициналық модульден, реанимобильдерді орналастыруға және байланыс торабы, диспетчерлік бекет пен тұрмыстық аймақ кіретін медициналық құтқару қызметтік модулін жайғастыруға арналған гараждан тұрады. Сонымен қатар, тікұшаққа арналған алаң қарастырылып жатыр. Әр күре жолдық пунктінің тікелей телефоны жұмыс істейді.

Пунктерде 5 адам: дәрігер, фельд­шер, диспетчер және екі құтқарушы қызмет етеді. Реанимобильдер де сатып алынды. Олар құтқару және медициналық жабдықтармен жарақталған. Көлік бір мезетте 5-6 зардап шегушіні эвакуациялауға мүмкіндік береді.

Күре жолдық медициналық құтқару пунктінің шұғыл әрекет ету бригадасына қызмет ету аясынан 50 шақырым радиустағы учаске бекітілгеніне қарамастан, кей кездері ұзақ қашықтыққа да шұғыл көмек көрсетуге шығады. Олар тек жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге ғана емес, сондай-ақ, шұғыл көмекті қажет еткен адамдарға да жәрдемдеседі.

Мысалы, биыл Қарағанды облысында Алматы-Екатеринбург күре жолында орналасқан «Ақшатау» шұ­ғыл әрекет ету бригадасы Ресейден Қырғызстанға бағыт алған көліктегі толғағы жеткен жүкті әйелді босандырып алса, Алматы облысындағы «Тарғап» пунктінің шұғыл әрекет ету бригадасы Алматы облысы Горный кентінде цемент бункеріне түсіп кеткен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуге атсалысты.

«Жұмыла көтерген жүк – жеңіл» демекші, білікті және жедел қызмет ететін бригада қызметкерлерінің ұйымдасқан жұмысының арқасында көптеген адамдардың өмірін сақтап қалу мүмкін болды.

Республикалық маңызы бар күре жолдарда «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметінің және күре жолдық медициналық құтқару пункттерінің телефон нөмірлері көрсетілген ақпараттық қалқандар орнатылды.

Сондай-ақ, жолаушыларды ақпараттандыру мақсатында күре жолдық пункттердің орналасу орындары мен байланыс телефондары жазылған ақпараттық парақшалар әзірленіп таратылды. Олар жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге алғашқы көмектің дер кезінде көрсетілуіне үлкен септігін тигізбек.
Құрылысы жоспарланып жатқан кезекті 14 күре жолдық медициналық құтқару пункттері Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола, Қызылорда және Павлодар облыстарында орналасады. Ал, 2015 жылға дейін барлығы 40 пункт құрылатын болады.

Қорыта айтар болсақ, күре жолдық медициналық құтқару пунктері ел игілігі үшін қызмет атқаруда және болашақта да солай болмақ. Осылайша, Елбасы Н.Назарбаевтың әлеуметтік маңызды жобасы ойдағыдай іске асырылып, маңыздылығы арта түспек.

Ержан Ысқақов,
Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрлігі
«Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 5 =