Жолаушылар проблемасы күн тәртібінен түспейді

0 21

Елорданың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының кезекті отырысы болып өтті.Бүгінде бас қалада қоғамдық тасымалдаумен 6 автопарк айналысады (олардың біреуі – коммуналдық). Оларда жалпы саны 1024 көлік бар, соның 870-і жолаушы тасымалдауға қатысады. Дегенмен қысқы маусымның жайсыздығына және техниканың ескілігіне байланысты күнделікті рейске олардың тек 85-90 пайызы ғана шығатын көрінеді.
– 2019 жылы жолаушы тасымалдау бойынша жаңадан 7 маршрут ашылып, 13 маршруттың бағдарлары жетілдірілді. Сондай-ақ Өндіріс алабына, Талапкер ауылына жаңа маршруттар жіберілді. 2020 жылдан бастап қоғамдық тасымалдауға 15 электробустар қосылды, – деді «Нұр-Сұлтан қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ басшысы Нұрлан Солтамбеков.
Қазіргі кезде жолаушылар жолақы құнын бірнеше тәсілдер арқылы төлей алады. Атап айтқанда, қолма-қол ақшамен, Astra Plat арқылы, SMS-пен, QR-код арқылы, үш ұялы қосымша арқылы. Былтыр­ғы жылдың қорытындысы бойынша 97 пайыз төлем аталған жүйелерге негізінде жасалады екен, қолма-қол ақшамен жолаушылардың тек 3 пайызы ғана есептеседі. Сонымен қатар автобустарда жолақысын Visa картасымен төлеу қанатқақты жобасы сынақтан өткізіліп жатыр. Ол сәтті өтсе, алдағы күндері бұған MasterCard картасымен де төлеу жүйесі қосылатын болады. Оған қоса, FacePay жүйе­сімен, яғни автобусқа кіреберісте орнатылған арнайы камераға жүзін көрсетіп-ақ жолақы төлеу мүмкіндігі қарастырылуда.
Қоғамдық тасымалдауға қатыс­ты сын-ескертпе, арыз-шағым қай кезде де толастаған емес. Соның бірі – автобустардың белгіленген кестеден ұдайы кешігіп жүретіндігі. «Халықтың осы арызы сіздердің құлақтарыңызға жете ме? Автобус­тардың интервалы кейде тіпті 1 сағаттан асып кетеді» деді депутат Зейнолла Шібкенов. Оған «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Сейітовтің жауабы төмендегідей болды:
– Сауалыңыз орынды, біз қай маршрутқа қанша автобус шығуы, олардың аралық интервалы қандай болуы керек екені жөнінде жоспар жасаймыз, жоспарды Көлік басқармасы бекітеді. Өкінішке қарай, бәрі қағаз жүзінде көрсетілгендей болмайды. Автобус парктері бекітілген жоспарды орындай алмай жатады. Біріншіден, қоғамдық көліктердің саны жетіспейді, олардың өзі қысқы мерзімде жиі жөндеуде тұрып қалады. Екіншіден, жүргізушілер жетіспейді. Қазіргі күні қаланың автопарктеріне 600-дей жүргізуші керек. Үшіншіден, автобустар жеткілікті болып, кестеге сай жүргеннің өзінде қардың қалыңдығынан төрт жолақты жол – үшке, үш жолақты жол екі жолақты болып тарылып қалады, қар тазалаушылар оны дер кезінде тазалап үлгермейді. Сондықтан маршруттар бойында кептеліс орнап, автобустар кес­теден кешігуге мәжбүр, – деді ол.
Депутат Қарақат Әбден де осы мәселеге тоқталды, ол №84 және №85 мектептерге қатынайтын №60 маршруттың кешігіп жүретініне байланысты ата-аналар арызын жеткізді.
– Бұл бағытпен 8 автобус жүрген, біз оны 10-ға дейін көбейттік, интервал қысқарды. Бірақ кейін осы бағытқа қызмет көрсететін №2 автопарк жабылып, оның көліктері №1 автопаркке берілді. Ауыс-беріс бойынша қаржыландыруға қатысты шешімін таппай жатқан мәселе бар, қоғамдық тасымалды ұйымдастыруға осы қолайсыздық тудырып тұр. Наурыз айынан бастап осы бағытқа электробус­тарды жіберуді ойластырып жатырмыз,– деді Бауыржан Сейітов.
Кездесуде жоғары сынып оқу­шыларының қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүру мәселесі де қаралды. «Астана LRT» ЖШС басқарма мүшесі – басқарушы директор Дәурен Нұралиевтың айтуынша, қазіргі кезде жоғары сынып оқушылары үшін жолда жүру бағасын арзандатудың түрлі жолдары қарастырылып жатыр.
– 7-15 жас аралығындағы мектеп оқушылары қалалық автобустарда 50 пайыздық жеңілдіктермен жүреді. Сонымен қатар мәслихаттың шешімі бойынша 6 түрлі санатқа кіретін азаматтар (мүгедектік бойынша, көпбалалы аналар, зейнеткерлер, т. б.) 100 пайыз жолақы төлемінен босатылған. Ендігі кезде 15-18 жас аралығындағы оқушылардың жолақы төлемін арзандату үшін түрлі тарифтерді қарастырудамыз. Ол бюджетке еш салмақ салмау керек. Бұл жөнінде тасымалдаушылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз,– деді Дәурен Нұралиев.
Айта кетейік, қалалық Білім беру басқармасының есебі бойынша елордада 25 мыңнан астам 15-18 жас аралығындағы оқушы бар екен. Олардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруін қамтамасыз ету үшін 857 млн теңге қаржы қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды