Жолақыны тегін еткені – тұрмысты жеңілдеткені

0 39

28 наурыздан бастап ­Нұр-Сұлтан қаласының 18 жасқа жетпеген барлық жас тұрғындарына қоғамдық көлікте жүру тегін болады. Бұл жеңілдік қала маңынан 50 шақырымнан аспайтын қашықтықта қатынайтын балаларға да қарастырылып отыр. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің бұл шешімін жыл жаңалығы десе де болғандай.Бұл туралы бұрынғы «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы ­Бекмырза Игенбер­диев хабарлады. Бұрынғы дейтініміз, енді серіктес­тік «City Transportation Systems» деп аталады. Мағынасы – «Қалалық көлік жүйесі». «Елорда көлік кешенінің дамуы: кеше, бүгін, ертең» деген тақырыптағы көрме-конференция барысында айтылған жағымды хабар ел ішіне жылдам тарап кетті.

 Бұл мәселе туралы қала басшысы Алтай Көлгінов өзінің инстапарақшасында былай деді: «Елорда тұрғындарымен кездесулерде үнемі көтерілетін сұрақтың бірі – қоғамдық көлікке жеңілдік мәселесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Жолдауда айтылған әлеуметтік мәселелерді шешу туралы тапсырмасына сәйкес, қаладағы тасымалдаушылармен кездесу барысында кәмелетке толмаған балаларға жол жүруді тегін ету туралы келісімге келдік».
Ел ертеңі – балаларын қолдаған бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі құрамының елорда тарихында осы оң өзгеріспен қалатындығы әлеуметтік желілерде жиі жазылуда. Отбасылық бюджетті үнемдеуге айтарлықтай үлес қосқалы отырған бас қаланың бастамасын елдің барлық өңірлері іліп әкетсе деген үміт те жоқ емес. Балалардың жолда тегін жүруі – тасымалдаушыларға шығын келтіретіні белгілі, соған қарамастан жол жүру құны өспейді деп сендірді көлік компаниясының өкілдері. Бұл жеңілдіктің мерзімі шексіз және оны балалар каникул кезінде де пайдалана алады. Қазіргі таңда көліктік жүйе базасында қаладағы қоғамдық көліктерді пайдаланатын 130 мыңға жуық бала бар екен. Табыстан бұрын келер ұрпақтың эмоционалдық саулығын бірінші кезекке қоямыз деген тасымалдау­шы бұл шешімге бірден келе қоймаған. Шығындар есебі мен компания беделіне нұқсан келтірген факторларды зерделей келгенде жол жүру құжаты жоқ балаларды жолдан түсіріп кету, соның кесірінен олардың бірнеше рет жоғалып кету жайларынан кейін компания еңбегінің төмен бағалануы соңғы шешімді шығаруға әкелді. Тегін жүру үшін балалар ата-анасымен бірге көлік компаниясының орталықтарына барып, атаулы карта аштырады да, соны кәмелет жасқа жеткенше пайдалана береді. Автобуста тегін жүретініне қарамастан міндетті түрде валидация жасау керек.
«Астана мәртебесіне ие болған сәттен бастап елордаға көптеген мемлекеттік құрылымдар мен ірі компаниялардың жаппай көшіп, шоғырлануы ішкі көші-қонды жылдам дамытты. Қала халқының саны тек 2030 жылдарға таман ғана миллионға жететіндігі туралы бастапқы болжам бұрыс шықты. Ол қазірдің өзінде 1 млн 200 мыңды алқымдады. Соңғы 10 жылда елорда халқы 2 есе өсті. Аяқасты өсімнен қордаланған мәселелерді жергілікті билік түрлі деңгейде шешіп келеді. Әсіресе, халықты қоғамдық көлікпен қамтамасыз етудегі мәселелер жиі туындайды. Көптің сұранысына сай елорданың бүгінгі әкімі тасымалдау­шылармен келіссөздер жүргізіп, биылғы көктемді жан жадыратар жаңалықпен бастауға ықпал етті. Елімізде қоғамдық көліктерде тегін жүретін жеңілдікке ие азаматтардың 6 санаты бар, олар – зейнеткерлер, мүгедектер, мүгедектерді алып жүретін тұлғалар, соғыс ардагерлері, көпбалалы аналар. Бұрын бұл санаттағылар тек қала көлемінде ғана ақысыз жүрсе, енді олардың қала маңы бағдарлары бойынша да қоғамдық көлікте тегін жүре беруіне болады» дейді Бекмырза Игенбердиев.
Іс-шара компанияның ребрен­дингі және жаңа тарифтік жоспарлардың іске қосылуына байланысты өткізілген екен. «CTS» серіктестігі басшысы мекеме атауын өзгертіп, ребрендинг жасау – компания дамуындағы жаңа бір вектордың бастауы деп санайды. Бекмырза Қайыргелдіұлы компания құрылған сәттен бастап елорданың көлік кешенінің дамуы туралы мәлімдеді. Сондай-ақ ол компанияның жаңа логотипі мен атауын таныстырды. «Астана LRT» компаниясы құрылғалы бері 9 жылда өзінің жұмыс форматын түбегейлі өзгертті – қызмет аясы айтарлықтай кеңейді. Бұрынғы атауы оның барлық қызмет әлеуетін толық көрсетпей қалды. Сол себепті қала басшылығы компания атауын өзгертуге шешім қабылдапты. Компанияның логотипінде қоғамдық көлік бейнесі бейнеленген, ал әріптер болса жолдармен байланыстырылған. Жасыл түс тұрақты қозғалысты және алға қойған мақсаттарға жетуді білдіреді.
Жаңа тарифтік жоспарларды жасау барысында отбасылардың қаражатына баса көңіл бөлініпті. Көлік карталарын пайдаланушылар үшін іске қосылатын жаңа тарифтік жоспарлар қатарында 1, 3, 5, 15 күндік, жол жүру тарифтері «Қала+экспресс», «Қала+экспресс+қала маңы» және тағы басқалары бар.
Компания өкілдері қазір елордалықтар үшін еуропалық үлгідегі жайлы автобуста жүру қалыпты жағдайға айналғанын айтады. Ал осыдан 7-8 жыл бұрын ондай автобу­старға міну таңсық еді. Автопаркті жаңарту міндеті мойнына жүктелген серіктес­тік сол сенімді бүгінде ақтап келе жатырмыз деп есептейді. Паркті жаңарту үшін қолданыс­тағы автобустардан бөлек тағы 100 көлік алса, артық болмайды. Сол үшін жаңа автобустар сатып алуға келісімшарт жасалды. Қала тоқтаусыз өсіп келе жатқандықтан жыл сайын 100-200 дана автобус сатып алу қажеттілігі бар. Перспективада 2022 жылға дейін паркті 500 автобусқа жаңарту жоспары тұр. Автобустарды жаңартудан бөлек, оны жүргізетіндер мәселесі одан өзектірек. Үш ауысымдық қатынау­ды қарастырғанда бүгінде оларға 700-ге жуық жүргізуші жетіспейді.
– Бұл – өте үлкен проблема. Соңғы 10 жылда «Д» санаты бойынша мамандандырылған көлік жүргізушілерін дайындау форматын жоғалттық. Кәсіби сапалы жүргізуші табу өте қиын. Көп адам келеді. Бірақ кейбіреулері тіпті қарапайым жол жүру ережесінің өзін толық білмей жатады. Өзге облыстардан мықты жүргізушілер табылады. Алайда олар өңірлердегі жеңіл трафикке үйреніп қалған, астананың тығыз көлік ағынында жұмыс істеуді қиынсынып, екі аптадан кейін кетіп қалады, – дейді Бекмырза Игенбердиев.
Нұр-Сұлтан қаласында жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйе­сі 2016 жылы іске қосылды. Компанияның басқарушы директоры Дәурен Нұралиевтің айтуынша, бұл жолаушылар көлігі жұмысындағы қаржылық айқындылыққа қол жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгінде қолма-қол төлемсіз ақы төлеу үлесі 97%-ды құрайды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Соның ішінде SMS және QR-код арқылы төлем жасау да бар. Тек 3% жолау­шы ғана жолақысын қолма-қол төлейді. Бірақ бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын әлі де болса азая түс­пек. Төрт айдан бері №20 және №32 бағдарларда VISA және Master Card төлем жүйелерінің банк карталары арқылы жол жүру ақысын төлеу сынақтан өткізілуде.
Осы күнге дейін 1,5 млн көлік картасы пайдалануда жүр. Күніне жолаушылар ағынының орташа көрсеткіші 700 мың жол жүруді құрайды. Ал ең көп көрсеткіш – 830 мың жол жүру.
Елорданың көлік кешенін дамыту туралы баяндаған компания төрағасының орынбасары Бауыржан Сейітов 2019 жылдың негізгі қорытындыларымен таныстырып өтті. Оның айтуынша, қалада бүгінде 6 тасымалдаушы компания бар. Былтыр жаңадан 8 бағдар іске қосылған. 13 бағдар сызбасы жетілдірілген. 10 көше мен 9 телімде қызмет көрсету жақсартылды. 18 бағдар бойынша авто­бустар саны 32 бірлікке көбейтілді. Биыл бағдарлар санын 92-ден 105 бірлікке дейін жеткізу көзделуде. Автобус­тарды бағдарға шығару жоспары 870 бірлікті құрайды. Тізбелей берсе, бұл бағытта атқарылған жұмыс­тар көрсеткіші өте көп. Қатынас сызбаларын әркез жетілдіріп, автобустардың санын арттыру, қамту аумағын кеңейту сынды тағы да басқа жұмыстар жүргізілуде. Біз тек соның негізгілеріне тоқталып өттік. Осы ретте 11 бағдар бойынша жол жүру сызбаларын төтесінен жүретіндей етіп өзгерту қарастырылып отырғанын айта кеткен жөн. Бұл жолаушылардың автобустарды күту уақытын қысқартып, бағдарлардың бірін-бірі қайталау жағдайларын азайтады. Мысалы: №12 бағдар Қонаев көшесінен Мәңгілік ел көшесіне бұрылғаннан кейін Алматы көшесіне тағы да бір бұрылыс жасамай, тіке кете беретін болады. Яки Керуен сауда үйі, Азия парк ойын-сауық орталығы сынды аудандарға бармайды. Бұл бір жағы аталған бағдардың соңғы аялдамаға дейінгі жүру уақытын да қысқартады. Осындай төтесінен жүру өзгерістері №2, 7, 18, 13, 40, 46, 51, 52, 61, 81 бағдарларын да қамтымақ. Бұл интервалды 8-18%-ға қысқартуға, тәулігіне 100 мың жол жүру бойынша қызмет көрсетуді жақсарта түсуге мүмкіндік бермек. Сол сияқты бағдарларды модификациялау (7 бағдар), «Sport shuttle bus» бағдарының танымалдылығын арттыру,
автобустар паркін электробус­тармен жаңарту, жолаушыларды ақпараттандыру көздерін көбейту сынды тағы да басқа көптеген жұмыстар жоспарланып отыр.
«Бүгінде жолаушылар «Senim», «Smart Astana», «AstraBus», «2GIS», «Яндекс Транспорт» сынды қосымшаларды белсенді пайдаланады. Бұл ақпараттандыру жұмыстарында біз үшін таптырмас құрал болып отыр. Оған қосымша қаламыздың барлық ауданында аялдамалар жанында бағдарлардың нөмірі мен келу уақытын көрсетіп тұратын 180 табло орнатылған. Жоғарыда айтылған ақпараттық қосымшаларды біз де пайдаланамыз. Оларды көп ретте жұмыс сапасын қадағалау мақсатында қолданамыз. Бағдарларда жүретін контролер қыз­меткерлеріміз жұмыс сапасын қадағалау жұмыстарын аяқтай жүріп жүзеге асырады» дейді көрме-конференцияда сөз сөйлеген ЗТЖ эксплуатациялық қызмет басшысы Данияр Алдабергенов.
Жиында CTS серіктестері Mastercard, Halyk Bank, Rahmet App, BalaPay, Kcell, CityPass Kazakhstan компанияларының және елорданың урбанистика орталығының өкілдері қоғамдық көлік саласындағы өз жобалары мен қызметтерін ұсынды.

 Райхан РАХМЕТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 1 =