ЖОЛАҚЫ ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН

0 108

DSC_9791

Қалалық мәслихаттың отыз тоғызыншы кезектен тыс сессиясында қоғамдық көліктердегі жолақы құнының қымбаттау мүмкіндігі қарастырылды.

Осыған орай қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рашид Аманжолов баяндама жасады. Жолаушылар мен жүктерді автомобильмен тұрақты тасымалдаудағы кейбір мәселелерге тоқтала келе, басқарма басшысы соңғы алты жылда жанар-жағармай бағасының екі есеге дейін өсіп, автокөлікке техникалық қызмет көрсету құны қымбаттағанда, жолақы тарифі бір деңгейде тұрақты ұсталғанын, соның салдарынан қазіргі таңда тасымалдаушылар шығындарын өтей алмай отырғанын жеткізді.

«Осы мәселені шешу үшін арнайы комиссия құрылды. Барлық қажетті үдерістер мен есептер жүргізілді. Нәти­жесінде қаладағы қоғамдық көлікте жол жүру құны ересектерге 90 теңге және балаларға 40 теңге ретінде белгіленді» деді Р.Аманжолов.

Қазіргі уақытта жолаушылар тасымалымен қалалық 50 бағыттағы 8 компания айналысып келеді. Онда барлығы 890 автобус шоғырланған. Желіге жаңа автобустар шығару қажеттігі де туындап отыр. Бұл ретте «электронды билет» жаңа жүйесін енгізу жобасы әзірленуде.

Талқыланған мәселеге орай, депутаттар Н.Мещеряков, С.Жақсыбеков, Т.Оразақов, З.Шибкенов пікір білдірді. Қоғамдық көлік қызметінің қаладағы өзекті мәселелердің бірінен саналатынын тілге тиек еткен Мирас Шекенов алдағы уақытта жүргізушілердің жалақысын 20-30 пайызға арттыруды ұсынса, «Әділет» тұ­тынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қабыкен Закарьянов бұл салада кондукторларсыз жұмыс істеуге көшудің тиімділігін алға тартты. Қалалық мәслихаттың хатшысы Сансызбай Есілов болса елорда басқа өңірлерге барлық жағынан үлгі болуы үшін қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында жолақының қымбаттауын қолдайтынын атап өтті.

Сонымен бірге сессия бары­сында Астана қаласы мәс­ли­хатының 2013 жылғы 10 қыр­күйектегі «Астана қаласында жер учаскелерін беру жөніндегі комиссияның құрамы туралы» шешіміне өзгерістер енгізіліп, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алуға байланысты жер учаскелерін немесе жылжымайтын өзге мүліктерді сатып алу туралы шарт­тардың жобалары келі­сілді. Сондай-ақ, Астана қала­сы әкімдігінің жанындағы Кәсіп­керлік мәселелері жө­нін­­дегі сараптамалық кеңес пен Астана қаласының агро­өнер­­кәсіптік кешені субъек­тісі ин­вестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыс­тары­ның бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау мәселелері жөніндегі комис­сияның құрамы өзгертілді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + 20 =