ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖАЛҒАСАДЫ

0 180

Қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәжілісінде Астана қаласы Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин ағымдағы жылдың жол жөндеу жұмыстары жайлы баяндады.

4354353

Көлік қозғалысы шектеледі
«EXPO-2017» халықаралық көрмесіне дайындық аясында елордадағы жол жөндеу жұмыстарына 5,5 млрд теңге бөлінді. Қаражат тас жолдың үстіңгі жабынын ауыстыруға, шұңқырларды тегістеу­ге жұмсалады. 15 сәуірден 30 мамырға дейін қаланың 14 көшесінде жол жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 11 көше сол жағалауда, ал қалғаны оң жағалауда орналасқан. Әкімдік Қабанбай батыр даңғылында су құбырларының және кәріз желілерін салу бойынша жұмыстарды бастап кетті. Құбырларды тарту EXPO нысандарын сумен жабдықтауға және кәріз ағындарды шығаруға және болашақта ауданның дамуына мүмкіндік береді. Аталған жұмыстардың жүргізілуіне байланысты бірқатар көшелерді жабу жоспарланған. Атап айтсақ, сәуірдің 15-25 күндері Алматы көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысы, 26 сәуірден бастап 10 мамырға дейін Керей-Жәнібек хандар көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысы және 10-15 мамырда Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің арасындағы жол жабылады.

Қаланың сол жағалауын жылумен жабдықтау мақсатында 5-кезектегі жылу магистралінің құрылысы басталады. Осыған байланысты 15 сәуірден бастап бір ай көлемінде Н.Тілендиев даңғылы мен Ш.Бейсекова көшесі қиылысында қозғалыс шектеледі. Ал 16-26 мамыр аралығында Ш.Бейсекова көшесінде Н.Тілендиев даңғылынан С.Сейфуллин көшесіне дейін көлік қозғалысы уақытша жабылады.

566546546

Сондай-ақ, 10 сәуірде Сарайшық көшесі бойында орналасқан «Арқар» (М-1) және Сығанақ көшесіндегі «Арыс» (М-3) көпірлерін жөндеу жұмыстары басталды. Атап айт­сақ, қоршауларды сырлап, деформациялық жіктерді алмастырып, тосқауыл қоршауларын қайта жаңартады. Ал жылдың екінші жартысында тағы 50 көшенің жолы жөнделеді.
Жолдардың сапасына жа­уап беретін басқарма басшысы Асхат Қарағойшин жолға қолданылатын битум 3-5 жылға дейін шыдайтынын айтты.

Газет көтерген ­мәселе
Газетіміздің алдыңғы сандарында қаладағы жолдардың сапасы жөнінде біраз әңгіме қозғаған едік. Осыған орай, оқырманнан көптеген пікірлер мен сауалдар келіп түсті. Тұрғындарды өздері жүріп өтетін жолдың жағдайы алаңдататыны белгілі. Сол себепті Автомобиль жолдары басқармасынан кейбір көшелердегі жолдардың сапасына қатысты жауап алдық. Соның нәтижесінде И.Павлов көшесіне қатысты «Жоспарлау жобасына сәйкес, бұл көшені жөндеу келешекте қарастырылмаған» деген қысқа жауап келді. Ал оның жалғасы Шара Жиенқұлова көшесінде асфальт­бетон жабынындағы жарықшақтарға орташа жөндеу жұмыстары 2008 жылы жүргізілген. «Бұл көше бойында «Астана су арнасы» кәсіпорны биыл бірнеше жер телімінде су құбырының апаттық жарылу салдарынан қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Асфальтбетон салуға қолайлы ауа райы болған уақытта Ш.Жиенқұлова көшесіне жөндеу жүргізіледі» делінген хатта.

Асан қайғы көшесіндегі жол мәселесі көптен бері айтылып келеді. «А.Кравцов көшесінен Тархан көшесіне дейінгі жер теліміне Асан қайғы көшесін салу» жобасы жасалғанына бірнеше жылдың жүзі болды. «Бірақ әзірленген жоба бар да, оны жүзеге асыруға қаржы жоқ» деп отыр басқармадағылар. Егер қаржыландыру бөлінсе, биылғы жылдың екінші жартысында жол жабыны жаңартылады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + seven =