Елордада биыл 150 көше жөнделеді

0 9

Елордада биыл жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын 150 көшенің жолдары жөнделеді. 100 көше тұрғын алаптарда болса, елуі қаланың орталық бөлігінде орналасқан. Қазіргі кезде жөндеу жұмыстары қарқын ала бастады.

Қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Нұрлан Солтамбековтің айтуынша, бас қалада жыл сайын жөнделетін жолдар 5-10 шақырымға көбе­йеді. Оның есептеуінше, бұл аз көлем емес. Карантиннен кейін көшелерде көліктерден кәдімгі тасқын пайда болады. Жолдарды жөндеу үшін бірқатар көшелер уақытша жабылады. Орташа жөндеумен қатар шұңқырларды бітеу, бағдарлы жөндеу дегендер де бар. Қазіргі кезде Республика даңғылынан Сарыарқа даңғылына дейінгі учаскеде Кенесары және Абай көшелері 7 мамырға дейін жабылды.
Тиісті жұмыстар екі учаскеде басталды. Оның бірі Қ.Сәтбаев көшесінде Б.Момышұлы көшесінен бастап, Қ.Мұңайтпасов көшесіне дейінгі аралықта, «Евразия» базары аумағында болса, екіншісі – Бөгенбай батыр даңғылында. Алдағы бір апта, он күннің көлемінде тоғыз тұрғын алапта жолдарды жөндеу жұмыстары басталады. Қазір бұл жолдарда қиыршық тастар жатыр, көлікпен жүру қиындау. Оның орнына асфальт төселеді, – дейді Н.Солтамбеков.
Жалпы, «Өндіріс» тұрғын алабында – 16 көше, «Кирпичныйда» – 12 көше, «Агроқалашықта» – 21 көше, «Көктал-1-де» – 12 көше, «Промышленныйда» – 8 көше, «Оңтүстік-Шығыста» – 18 көше, «Ақбұлақта» – 7 көше, «Пригородныйда» – 4 көше, «Заречныйда» 2 көше жөнделеді.
Бір атап өтерлігі, Қабанбай батыр даңғылы биылғы жолдарды жөндеу жоспарына енгізілген жоқ. Бұл көше келесі жылы жөнделеді. Себебі даңғылды күрделі өзгеріс­тер күтіп тұр. Бұл көшедегі екі учаскеде жолды кеңейту жұмыс­тарын жобалау жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде мұндағы жолдар сегіз жолақты болады.

Жалпы, «Өндіріс» тұрғын алабында – 16 көше, «Кирпичныйда» – 12 көше, «Агроқалашықта» – 21 көше, «Көктал-1-де» – 12 көше, «Промышленныйда» – 8 көше, «Оңтүстік-Шығыста» – 18 көше, «Ақбұлақта» – 7 көше, «Пригородныйда» – 4 көше, «Заречныйда» 2 көше жөнделеді.

– Қабанбай батыр даңғылы-Қорғалжын тасжолы және Қорғалжын тасжолы-Тұран даңғылы қиылыстарында екі көлік торабы, шағын жолайрық болады. Бұл аумақта жерді қаздырамыз. Тиісті жұмыстарды келесі жылы бастаймыз ба деп отырмыз. Өйткені қазір Қабанбай батыр даңғылы болашақта қандай болатынын шешіп жатырмыз. Көше жолдары кеңейетін болған соң, сол жағалауда біржақты жолдарды енгізу мәселесін қараймыз. Соның ішінде Достық, Ақмешіт, Түркістан көшелерін қарап жатырмыз. Бірақ әлі нақты шешім шығармадық. Биыл Есіл өзені арқылы өтетін көпір құрылысы аяқталады, – дейді басқарма басшысы.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − nine =