ЖОЛ ҮСТІ «ЕРКЕЛІКТІ» КӨТЕРМЕЙДІ

0 142

Алдыңды жын ұрғандай кесіп өтер…

0988
Бүгінде астыңда желмен жарысқан темір тұлпарың болмаса, ойға алған шаруаның маңдымайтынын екінің бірі түсінеді. Сондықтан қазір көпшілік жеңіл көлікке бұрынғыдай байлықтың көзі деп емес, қажеттіліктің өзі деп қарайтын болды. Тіпті кейінгі кезде бір отбасында төрт-бес машина мінген жандарға көзіміз үйрене бастауы содан болса керек. Әсіресе, кәмелетке жасы жетіп, өзі-өзіне келе бастаған жиырманың о жақ, бұ жағындағы жастар бір-бір «сәйгүлікті» «тақымдарына баспаса», ішкендері бойларына тарамайтындай мазасыз күй кешетінді шығарды. Ата-­аналарының арқасы ма, әлде қолы ашық қолдаушыларының «батасы» ма, көздің жауын алатын қымбат көлік тізгіндеген қыз-келіншектер кез келген көшеде алдыңды кескестеп, көстеңдейді-ақ.

Қымбат көлік мінген жақсы. Алай­да астамшылық жасап, жал­пыға ортақ жол ережесін көпе-көрінеу бұзу жақсы емес, жол үсті «еркелікті» көтермейді.
Астана қаласында ресми тіркелген 279 мың автокөлік бар екен. Бұған қалаға күн сайын кіріп, шығып жатқан, келімді-кетімді машиналарды қоссаңыз, бұл сан еселене түсері сөзсіз.

Миллиардтар мекендеген аспан асты елінің Чжай Чжиган атты бір білікті инженері «техниканы жүргізуді меңгерген адамның бойында ең бірінші ішкі мәдениет қалыптасуы қажет, ал олай болмаған жағдайда көшенің кез келген жерінен алдыңнан қауіп-қатер шыға келуі әбден мүмкін» деген екен.
Жақында Қазақстан Респуб­ликасы Ішкі істер министрінің орынбасары Берік Бейсенқұ­лов­тың Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында еліміздегі жол апатына байланысты келтірген мәліметтері жаға ұстатады. Биыл алғашқы тоқсанда жол-көлік оқиғасы салдарынан республика көлемінде үш жүзден аса адам көз жұмып, төрт жүзден аса адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алған. Астана қаласында да бұл бағыттағы жағдай мәз емес. Шаһарда күніне оннан жиырмаға дейін жол-көлік оқиғасы тіркеледі.

Оған көбіне «жол менікі, берсең де бересің, бермесең де бересің» деген кейіпте жылдамдықты шамадан тыс көтеріп, алдыңнан жын ұрғандай қыс­тырыла, қымтырыла кіретіндер кінәлі екенін көз көріп жүр.

Жақында ғана Тұрар Рыс­құлов көшесінің бойын­да­ғы №2 қалалық ауруханаға тақау маңда «BMW» автокөлігінің жүргізушісі, 22 жасар жігіт асыққаны сонша, жылдамдықты сағатына 120 километр­ге дейін көтерген. Салдарында қиылыстан бағдаршамның жасыл шамына шығып келе жатқан «Тойота» автокөлігіне соғылып, жол жиегінде тұрған бір адам сол жерде көз жұмды. Төрт адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Ең бір өкініштісі, мұндай мысалдар жиі кездесіп отыр.

Кейінгі кезде жол жүру ережесін өз бетінше оқып, сынақты өз бетінше тапсырып, жүргізуші куәлігін «өз бетінше алып» жатқандарды естігенде, «осындай жан түршігерлік оқиғалардың бірден-бір себепкері осылар емес пе?» деген ойға қаласың.

Жиырма бес жыл жүргізушілік тәжірибесі бар Ермұқан Ғайсиннің: «Жүргізуші жолға шыққан соң өз өміріне ғана емес, өзгелердің өміріне де жауапты. Осыны көлік тізгінін ұстаған кез келген адам нақты түсінгені жөн. Жол-көлік оқиғаларының 70-80 пайызы жылдамдықты шамадан тыс асырудан болады. Бұл – дәлелденген ақиқат.

Екінші бір мәселе – ережеге бағынбайтын тентек жүргізушілердің көбеюі. Жолдың қарсы бетіне шығып кету, жөнімен келе жатқан көліктің алдын қасақана кесіп өту өзге жүргізушілерді сыйламау болып табылады. Жолда жүру мәдениеті әркімнің өзіне байланысты. Бірақ қоғам, мемлекет тарапынан ішкі мәдениетті қалыптастыру шараларын үнемі назарда ұстап отырса, мектептерде жолда жүру мәдениетіне арналған сабақ жүргізілсе» деген пікірімен толық келісесіз.

Жол белгілеріндегі жымысқылық
Жоғарыда айтылған келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында Үкімет айыппұлды көтеріп еді, бірақ одан жүргізушілердің тәртібі түзеліп кете қойған жоқ. Тіпті көбі оны айлап, жылдап төлемейтін күйге жетті. Өткен жылы бір «Ленд Крузер Прадо» иесінің жол ережесін бұзған айыппұлы 500000 теңгеге жетіп, тиісті органдар бір жылдың ішінде төлете алмағандықтан, «судан құп-құрғақ шыққандығын» да естідік.

Рас, жүргізушілердің көпшілігі айыппұл мөлшерінің жоғары екендігін айтып, шағымданады. Мәселен, жылдамдықты белгіленген шектен сағатына он шақырымнан жиырма шақырымға дейін көтергеніңіз үшін он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейсіз. Бұл дегеніңіз – 22690 теңге деген сөз. Ол ол ма, байқамай қалып, көлігіңізді мүгедектерге арналған жерге қойып қойсаңыз, бірден 106000 теңгеге шығындандым дей беріңіз. Мұндай орындар, әсіресе, халық көп келетін вокзалда, супермаркеттер мен ойын-сауық кешендерінің, қалалық әкімдік пен халыққа қызмет көрсету мекемелерінің маңайында жиі кездеседі. Дұрыс, ережені кез келген жүргізуші мүлтіксіз сақтауы қажет. Алайда осы жерге қойылған жол белгілері кейде күмән туғызады. Айталық, «Еуразия» сауда кешенінің жанында осындай жол белгісі қойылған да, «4м» деп жазылған. Ал қай жағынан бастап төрт метрге дейін мүгедектер көлігінен басқаларға тұруға болмайтыны тайға таңба басқандай көрсетілмеген. Екі жағынан да тұруға болмайтын болса, өзі тұрақтан тапшылық көріп жатқан қала үшін мүгедектерге алдын ала 8 метр орын бөліп қою көптеу емес пе деген ой келеді. Біздіңше, бұл жерде бір жымысқылық бар сияқты. Өйткені тап осы жерден көктен түскендей әп-сәтте зыр етіп келе қалатын жол полициясы қызметкерлеріне деген өкпе-ренішті талай жүргізушіден естідік. Әрине, тәртіп бұздың – жауап бер. Дегенмен жол белгісі де нақты қойылуы керек қой.

Мұндай жайды қалалық әкімдіктің алдынан да кездес­тіресіз. Төңіректе ине шаншар орын болмайды. Кезек күтесің. Шыққан көліктің орнына машинаңды қойсаң болды, нөміріңнен айырыласың. Елу метр жерде тыйым салынған жол белгісі тұр. Сонда бұған дейін белгінің астында тұрған автокөліктің иесі неге жазаланбаған?

Сондай-ақ, Абай даңғылын бір бағытты көлік қозғалысына ауыстырды. Сол-ақ екен, қала әкімдігі ғимаратының тұсындағы жаяу жүргіншілер жолағы да жойылды. Енді сіз жолдың келесі жағына өту үшін жүз метр жердегі көше қиылысына барып, бағдаршамнан өтуіңіз керек. Оны сақтап жатқан кім бар? Көбі машиналардың арасынан саңылау тауып, жүгіріп өтеді. Бұл – жол ережесін бұзу. Заң бойынша айыппұл төлеу керек. Осы төңіректе айқай-шу, дау-дамай қаншама… Айта берсе, мұндай жол белгілерін қою­дағы көпшіліктің мүддесіне кереғар мәселелер жетіп артылады. Осыны кеңінен ойласып шешуге болмас па еді?!

Заңға бағынған дұрыс, бірақ…
2015 жылы жеңіл көліктерге балалар арбасын орнату міндеттелді. Жұрт дүкендердегі автокреслоларды жапа-тармағай сатып алып, бір дүрлікті. Таласып, тартысып сатып алғанымен, оны орнату тағы қиындық туғызды. Көптеген автокөліктерге балалар арбасын орнату үшін қосымша құрылғылар қажет болды. Содан келіп наразылық, арыз-шағым басталып еді, міндеттеу­ді алып тастады.

Кейінгі кезде көпшілік арасында автокөліктің жақын қашықтықтағы шамын күндіз жағып жүру де талқыға түсе бастады. Өкілетті адамдардың айтуынша, «күндіз шам жағып жүргелі, елді мекендерде жол-көлік оқиғасы азайған» көрінеді. Алайда қаншаға азайғанын тап басып ешкім айта алмайды.
Ал зиянын жүргізушілер сау­сақ бүгіп санап беріп отыр. Ең бірінші, бұл автокөліктің қуат көзіне күш түсіреді. Екіншіден, бензинді артық шығындайды. Қала берді, күндіз-түні жанып тұрған соң көліктің шамы тез күйіп кетеді. Бұған қоса, әр аялдаған сайын өшіріп, қосып жүруді ұмытып кетсеңіз, айыппұл төлейсіз. Ал жасы ұлғайған адамдар ұмытшақ келетіні тағы бар.

Ендігі бір мәселе – «бұдырлы доңғалақ» («шипы») белгісі. Өткен жылы аяқастынан «көлігіңнің артқы әйнегінде «Ш» белгісі болмаса, 6700 теңге айыппұл төлетеді екен» деген сөз шығып, жүргізуші біткен жаппай дүрлікті. Ал биыл осы белгіні жаз мезгілінде алып тастамаса, жүргізушілердің жазаланатыны тағы айтылуда.

Бірақ заңгер Мұса Әлімұлының айтуынша, шегесі бар доңғалақтармен жүрген автокөліктерге «Ш» белгісін тағу керектігі «Жол қозғалысы ережесі туралы» заңда баяғыдан бар көрінеді. Оны жол полициясының тек өткен жылы ескеріп, қадағалағаны түсініксіз. Ал «Ш» белгісін жазда алмаған жүргізушілерге жаза қолдану заңда қарас­тырылмаған. Алайда жол полициясы мұндай таным белгілерімен жүру заң бұзушылық болып табылатынын айтады. Сонда кімге сенеміз?

Таңатар  ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + ten =