Жол қозғалысы уақытша өзгереді

0 81

01

Үстіміздегі жылдың 20-сыншы шілдесі күні кешкі сағат 20.00-де «Астана Арена» алаңында «Астана» футбол клубы мен литвалық «Жальгирис» командалары арасында қарымта матч өтеді.

Осыған орай матч өтетін күні 19.00-ден бастап Қабанбай батыр және Тұран даңғылының Керей Жәнібек хандар көшесінен Хусейн Бен Талал көшесіне дейін жол қозғалысы уақытша тоқтатылады. Шектеу ойын аяқталғанға дейін созылады. «Жүргіншілерге осы мерзім аралығында Орынбор көшесі арқылы айналып өту қозғалысы ұсынылады. Жергілікті полиция қызметі жүргізушілерден жолда мұқият болуын және жеке жол көліктерінен бас тартып матчқа қоғамдық көліктермен баруды сұрайды. Сондай-ақ, Халықаралық әуежайға жол жүруді жоспарлаған азаматтар мен сол маңайдағы аудан тұрғындарына алдын ала баламалы жол қозғалысын жоспарлап алуды ұсынамыз» дейді Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Малыбаев.

Есесіне матч өтетін стадионға арнайы рейстер ұйымдастырылмақ. Бұл рейстерге «Қазақстан» СК, Қалалық цирк, Мұңайтпасов атындағы алаңның көлік тұрақтарынан, сондай-ақ, «Хазірет Сұлтан» және «Нұр Астана» мешіттерінің алдынан отыруға болады. «Футбол матчының жанкүйерлерін жинау және жеткізу мақсатында жасақталған арнайы рейстер кешкі 18.00-ден бас-тап жүре бастайды. Жол жүру құны әдеттегідей 90 теңге. 21.30-дан бастап күшейтілген режимдегі тағы 100 автобус қосатын боламыз. Нақты айтар болсақ, 10, 12, 27, 37, 40, 43, 53, 51 секілді тағы 8 түрлі маршрут қатынайды» деді «Астана LRT» ЖШС жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Бейбіт Есжанов.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × three =