Жол қауіпсіздігін қалай арттырамыз?

0 15

Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында жол қауіпсіздігі мәселесін көтеріп, электросамокаттардың қауіпсіз пайдалану тәртібін реттеуді талап етті.

ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАЛАЙ АРТТЫРАМЫЗ

Ресми деректер бойынша биылғы 8 ай ішінде осындай қозғалыс құралдарының кесірінен 387 оқиға тіркеліп, нәтижесінде 25 адам қаза тапты, ал 411 азамат жарақат алған.

– Жол жүрісі туралы заңның 64-бабына сәйкес, осы құрылғылар уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Сонда қалай болғаны? Жылдамдығы автокөлік жылдамдығымен пара-пар, кейде сағатына 60 шақырымнан асатын электросамокаттар ешқандай көлік санатына жатпай ма? Қазіргі уақытта нормативтік актілерде осы типтегі құрылғылардың жіктеуі жоқ, – деп атап көрсетті Н.Жүсіп. Айта кету керек, былтыр Мәжіліс депутаттары электросамокаттарға шектеу қоюды орынсыз деп есептеп, оларды велосипед жолдарында ғана жүруге міндеттейтін заң жобасын қабылдамай тастаған. Аталмыш заң жобасында микромобильді көлік жүргізушілеріне велосипед жолдары мен велосипед жолақтарын қоспағанда, жолда, тротуарларда, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және жолдарда қозғалуға тыйым салу ұсынылған. Депутат Ирина Смирнова оларды велосипед жолдарында ғана жүруге міндеттейтін заң жобасын қабылдамау себебін веложолдардың аздығымен түсіндірген. Жалпы техникалық құралдар тез дамып жатқан кезде заңдар қаншалықты жылдам бейімделіп жатыр? Мәселен, Ұлыбританияда жекелеген аумақтан басқа жерлерде самокаттарды пайдалануға тыйым салынған. Мәскеуде адамдар көп шоғырланған жерлерде жалға алатын самокаттардың жүру жылдамдығы сағатына 15 шақырымға дейін шектелген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − nine =