«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жол қауіпсіздігі назардан тыс қалмайды

0 112

Астанада өткен жылы 2017 жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары 9,4 пайызға, жолда қаза тап­қандар 43,3 пайызға, жарақаттанғандар 10,4 пайызға азайды. Нақтырақ айтқанда, былтыр 16929 жол апаты тіркелсе, алдыңғы жылы 17607 оқиға тіркелді. Бұл – ел бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі, яғни елордада жол-көлік оқиғалары мен ондағы қайғылы жағдайлар басқа аймақтармен салыстырғанда сирек кездеседі. Мәселен, өткен жылы 100 мың тұрғынға шаққанда бас қалада жолдағы өлім-жітім 3,3 пайызды құраған. Ал бұған қатысты республикадағы орташа көрсеткіш – 11,5 пайыз. Астанадағы жол қозғалысының қауіпсіздігі – Амстердам (3,2) мен Нью-Йорк (3,2) қалаларының деңгейінде.


Астанада өткен жылы 2017 жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары 9,4 пайызға, жолда қаза тап­қандар 43,3 пайызға, жарақаттанғандар 10,4 пайызға азайды. Нақтырақ айтқанда, былтыр 16929 жол апаты тіркелсе, алдыңғы жылы 17607 оқиға тіркелді. Бұл – ел бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі, яғни елордада жол-көлік оқиғалары мен ондағы қайғылы жағдайлар басқа аймақтармен салыстырғанда сирек кездеседі. Мәселен, өткен жылы 100 мың тұрғынға шаққанда бас қалада жолдағы өлім-жітім 3,3 пайызды құраған. Ал бұған қатысты республикадағы орташа көрсеткіш – 11,5 пайыз. Астанадағы жол қозғалысының қауіпсіздігі – Амстердам (3,2) мен Нью-Йорк (3,2) қалаларының деңгейінде. Осындай статистиканы жолдағы қауіпсіздік мәселесіне арналған қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының көпшілік тыңдауында Астананың Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Елжан Чупеков келтіріп, жол-көлік оқиғаларының себептерін, онда кімдер кінәлі болып танылғанын атап өтті.

– Көлік жүргізушілерінің кінәсінен 373 оқиға орын алып, 22 адам қайтыс болды. Жаяу жүргіншілер 155 жол апатына себеп болып, 12 адам қайғылы қазаға ұшырады. Жол-көлік оқиғаларының себептерінің бірі жүргізушілердің реттеушісі бар қиылыстардағы ережелерді бұзуымен байланысты болып отыр. Атап айтсақ, жүргізушілер қарсы келген көлікті өткізбеген. Осындай жол апаттары кезінде 4 адам көз жұмып, 69 адам әртүрлі жарақаттарды алған, – деді ол.
Оның айтуынша, қалада жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында өткен жылы 15 қиылыста солға бұрылыстар алынып тасталды. Бұл шараны қолдануға мүмкін болмаған 24 қиылыста қосымша бағдаршамдар орнатылды. Осы жұмыс биыл да жалғасады. Мұның үстіне жаяу жүргіншілер өткелдеріне реттеушілерді көбейту керек.
Баяндамашы жүргізушілердің ұялы телефонмен сөйлесіп келе жатып, жол апаттарын тудыратынын растады. Жалпы, былтыр 4 мыңнан астам жүргізушіге айыппұл салынды. Өткен жылы шаһар тұрғындары 4,8 пайызға көбейіп, көлік саны да 25 мыңға артқан. Жол-көлік желісі кеңейген. Алайда тұрғын үйлердің құрылысы жол-көлік желісін салудан әлдеқайда ілгері келеді. Бұл жағдай бағдаршамдарды орнатуды кешеуілдетіп, жол-көлік оқиғаларын тудырып жатыр.
Қалада орнатылған «Сергек», «Райдспид», «Вокорд», «Интегро» бейнекамералары жол-көлік оқиғаларын анықтауға үлкен септігін тигізуде. Мәселен, өткен жылы олар­дың көмегімен 500 мыңға жуық құқық ­бұзушылық анықталған. 2017 жылмен салыстырғанда бұл 6 есеге көп. Биыл тағы 4 мыңнан астам «Сергек» бейнекамераларын іске қосу жос­парланып отыр. Осы қондырғылар 332 қиылыста орнатылады.
Алдындағы отырыстарда қалалық мәслихат депутаттары «Сергек» бейнекамераларын шеткі аймақтарда орнату мәселесін бірнеше мәрте көтерді. Атап айтқанда, депутат Мирас Шекенов «Үркер» тұрғын алабында бейнекамера керек екенін жеткізген. Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров «Үркерде» тиісті талапқа сәйкес бағана орнатылатынын мәлімдеп, бұл мәселе шешілетінін айтты.


Сондай-ақ қазір қалада веложолдар құрылысы жақсы жүріп жатқанын айтқан М.Шекенов бұл жұмыста бір нәрсе ескерілмегенін жеткізді. «Веложолдарды салдық. Дұрыс. Бірақ олардың күре жолмен қиылысатын тұстары мүлде ескерілмеген. Бұл қиылыстарда тиісті белгілер жоқ. Осы жағдай велосипедті пайдаланушыларға қауіп тудырып отыр» деді депутат.
Оның әріптесі Саят Батпенов осы орайда «Үркер» тұрғын алабы аумағында жақсы веложол салынғанын, алайда көлік жүргізушілері соны ескермей, сол аумақта жол-көлік оқиғалары орын алатынын айтып, бұл жағдай қалай шешіліп жатқанын сұрады. Бірінші сұраққа жауап берген Көлік және жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин веложолдар мен күре жолдар түйісетін жерлерге белгілер салынатынын жеткізді. Е.Чупековтің сөзінше, «Үркердегі» веложол аумағы да бақылауға алынған.
Қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары былтыр 18 пайызға азайған. Алайда қазір қалада автобус жүргізушілеріне қатысты жағдай күрделі. Бүгіндері сегіз автопарк­те барлығы 1678 жүргізуші жұмыс істесе, тағы 796 жүргізуші жетіспейді. Мұны «Астана LRT» ЖШС өкілі Жеңіс Қуандықұлы баяндады. Осы себептен жүргізушілерге түсетін салмақ ауыр боп тұр. Олар төрт күн жұмыс істеп, бір күн ғана демалады. Жол-көлік оқиғаларын тудыруларына осы жағдайдың әсері үлкен.
Көпшілік тыңдауда мәслихат депутаттарында қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты біраз сауалдар туындады. Бұл мәселе бөлек қаралатын болып ұйғарылды. Жалпы алғанда, осы отырыстан кейін қалада жол қауіпсіздігі мәселесі қанағаттанарлық деген ой түйдік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды