«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жол картасына толықтырулар енгізілді

0 163

Жуырда Үкімет отырысында елімізде Жастар жылын өткізуге қатысты Жол картасына ұсынылған толықтырулар мақұлданды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ресми ашылуында бірқатар қатысушылардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, оны Жол картасына енгізуді тапсырғаны мәлім. Енді Жол картасына қандай өзгерістер енгізілгенін тарқатып айтайық.

Ең алдымен, Білім және ғылым министрлігімен бірлесеотырып, құжатқа «Өз қабілетіңді анықта!» атты жоба қосылады. Бұл жоба жастардың кәсіби қабілетін анықтауға мүмкіндік береді. Еліміздің әр өңірінде бүркітшілер орталықтары ашылады.
Екіншіден, жастарға өзін-өзі қорғауға қатысты тегін шеберлік сыныптары өткізіледі. Мұндай дәрістер жастардың спорттық клубтары аясында жүргізіледі. Бұған дейін мәлім болғанындай, еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждерімен бірлесіп, «Студенттік бастама» атты жалпырес­публикалық волонтерлік қозғалыс құрылады. Жас волонтерлер базасы мүгедектерге, қарттарға, жетімдерге, жалғызбасты жандар мен үйсіздерге көмектеседі.
Үшіншіден, отандық медиасаланың келешегі зор, танымал өкілдерін тарта отырып, Қазақстанның ұлттық брендін насихаттау мен көрсетудің жаңа құралдарын қалыптастыру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Жол картасы бес негізгі бағыт бойынша 89 тармақтан тұрады. Негізгі іс-шаралар: жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету, жастарды жұмыспен қамту, білім беру мен волонтерлікті дамыту, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, жас отбасыларды, жастардың денсаулығын, әлеуметтік инклюзивтілікті қолдау сияқты бес бағыт бойынша жүзеге асырылады.
Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында салынатын 1 мың пәтерді өндірісте, ауыл шаруа­шылығында, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін жас мамандар, ғалымдар, кәсібін ашқан азаматтар алады. Бұл жерде балаларының саны, отбасының құрамы, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеуі есепке алынады. Жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы іске асырылады. Үш жылда 60 мыңнан аса жастар кәсіпкерлік негіздерін оқиды. Ауыл жастарына 15 мың шағын несие беру жоспарланған. Жастардың жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруға 30 мыңнан аса мемлекеттік гранттар беріледі. Білім беру мен волонтерлікті дамыту бағыты бойынша «Жас маман» жобасы дайындалуда. Бұл жоба 100 индустриалдық және қыз­мет көрсету саласы мамандықтарын даярлауды көздейді. Еліміздегі 20 университет пен 180 колледж базасында өтетін бұл шараға 200 мыңнан астам жастар қатысады. Жоғары оқу орындары мен колледждер «Ашық университет» жобасына да қосылады. Сондай-ақ іргелі және қолданбалы зерттеулерді гранттық қаржыландыру жылына 3 млрд теңгеге ұлғаяды. Тағы бір жағымды жаңалық, волонтерлікпен белсенді түрде айналысатын студенттердің шәкіртақысы 30 пайызға көбейеді.
Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова қазіргі кезде Сенатта қаралып жатқан республикалық бюджетке өзгерістер енгізу туралы заң жобасында Жастар жылын өткізуге 24,6 млрд теңге қарастырыл­ғанын мәлім етті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды