Жол картасын талқылады

0 31

Nur Otan партиясының елордалық мәслихаттағы фракциясының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламаны іске асыру бойынша Жол картасын талқылау жиналысы өтті.

Жиынға партияның қалалық филиалы төрағасы, елорда әкімі А.Көлгінов, мәслихат депутаттары Т.Нәрікбаев, Д.Байсеркина, Г.Жапарова, А.Әбдыров, А.Айтхожин және мәслихат хатшысы Е.Каналимов қатысты.
Кездесуде 2020 жылғы қараша айында бекітілген Сайлауалды бағдарламаның негізі сайлаушылардың тілектері мен елорда тұрғындарын мазалайтын өзекті мәселелерден құралғанын айтқан Алтай Көлгінов бағдарламаның басым бағыттарына тоқталды.
«Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» бағдарламасының негізіне 13 басым бағыт алынды.
Бірінші, жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. 2021-2025 жылдар арасында жыл сайын 10 мың әлеуметтік пәтер беріледі. 125 тұрғын үй кешені мен 150 лифтіні жөндеу, 300-ден аса отбасын апатты үйлерден жаңа үйлерге көшіру мәселесі тұр.
Екінші, үлескерлер мәселесін шешу. Бір жарым жыл ішінде «сақалды» құрылыс саны екі есе төмендеді. Қалған 22 құрылысты 2021-23 жылдары аяқтау жоспарлануда.
Үшінші, әлеуметтік сала. Бес жыл ішінде 50 мектеп салу жоспарланып отыр. Болашақ педагогтарды ынталандыру үшін, орта білім алуға жыл сайын 800 гранттан, жоғары білім алуға тағы 300 грант бөлу қарастырылады. Сондай-ақ балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту үлесі жоспарлы түрде артатын болады.
«Қадамдық қолжетімдік» принципіне сәйкес, 30 қосымша «Үй маңындағы дәрігер» нысаны ашылады. Сонымен қатар 5 медициналық мекеме салынады.
Төртінші, елді мекендер. 6 мектеп, бірқатар медициналық орталықтар, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді. Бұдан басқа 130 шақырым сумен жабдықтау және су жеткізу желілері, 85 шақырым нөсер кәрізі, подстанция және 177 шақырым электр желілері, 23 шақырым жылумен желілері, нөсер кәріздерін тазартатын 3 кешеннің құрылысы жүреді. Мұның бәрі қала тұрғындарының өмір деңгейін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ елді мекендерде аулалар абаттандырылып, 50 саябақ пен сквер, 123 шақырым веложол салынады. Бесінші, газдандыру, жол инфрақұрылымы, нөсер кәріздері және т. б. деді ол.
Партияның сайлауалды бағдарламасында қаланы газдандыру, жолдарды жөндеу, нөсер кәріздерін салу, экология және қоршаған ортаны қорғау, шағын және орта бизнесті қолдау және басқа да бағыттар көрсетілген. Депутаттар Жол картасының әрбір тармағына нақты депуттаты, фракция мүшесін бекіту туралы шешім қабылдады.
«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасы жоғарыдан төменге емес, керісінше Праймериз арқылы, «Есіктен есікке» акциясы арқылы қаламыздың тұрғындарынан тілектер мен ұсыныстарына сүйене отырып жасалды. Ендігі уақытта біз осы сайлауалды бағдарламадағы мәселелерді шешу үшін 13 бағыттан, 107-ден аса тармақтар мен бөлімшелерден тұратын нақты істер Жол картасын жүзеге асырамыз» деді Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Кәрібек.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − eight =