Жол ережесін сақтасаңыз, айыппұл төлемейсің

0 34

 Қазір «Сергек» камерасын бәрі біледі, «Сергек» жүйесі жүргізушілердің қатал бақылаушысына айналды, ереже бұзсаң, айыппұл келеді, «нөлдік төзімділік» пен «жазадан жалтармау» қағидасы тағы бар. Полиция департаменті елордадағы жол-көлік оқиғаларының азаюына «Сергек» жүйесінің әсері мол дейді (Нұр-Сұлтан қаласында жолдан қаза тапқандар туралы нақты статистика соңғы жылы екі есеге азайған), дегенмен соңғы кездері жол үстіндегі «Сергек» камераларына, айыппұлдарға қатысты жүргізушілер тарапынан сұрақ көп болып тұр. Біз ұсынған кей сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Бауыржан Тоқжұманов жауап береді.

– Көлік иесіне сәуірден бері 140 мың теңге айыппұл келген, ол оның заңды-заңсыздығын қалай тексере алады, соттасуына бола ма?
–Әкімшілік құқық бұзушылықтарды тіркеу автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық құралдармен жүзеге асырылады. «Сергек» фото және видео жазба аппараттық-бағдарламалық кешендерінде тексеру нәтижелері негізінде «Қазақстандық сараптау және сертификаттау орталығы» ЖШС берген тексеру куәліктері бар, оған сәйкес өлшеу құралдары қолдануға жарамды және пайдалануға рұқсат етілген, сондықтан әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша қателіктер болуы мүмкін емес. Егер электронды үкіметтің веб-порталында көлік құралының иесі көрсеткен абоненттің ұялы телефон нөміріне мәтіндік хабарлама жіберілсе, тапсырыс тиісті түрде жеткізілген деп танылады.
– Қалада 68 км/сағ әлде 60 км/сағ жылдамдықпен жүреміз бе?
– Жол қозғалысы ережесінің 10-тарауының 2-тармағына сәйкес, елді мекендерде көлік құралдарының 60 км/сағ-тан аспайтын жылдамдықпен жүруіне рұқсат етіледі, тиісті жол белгілерімен белгіленген, бірақ 90 км/сағ-тан аспайтын арнайы қозғалыс режимін қоспағанда және тұрғын аудандар мен аулаларда 20 км/сағ-тан аспайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жол белгілері мен жол белгілерінің талаптарын сақтамағаны үшін айыппұл 3 АЕК құрайды.
– Егер жолдағы құқықбұзушылықпен келіспейтін болсам, не істеуім керек?
– Хаттама толтырылған сәттен немесе әкімшілік құқықбұзушылық туралы нұсқаулық келген уақыттан бастап 10 жұмыс күні ішінде мемлекеттік органға барып шағымдануға құқылысыз. Егер ол жол-көлік ережесіне қатысты заң бұзушылық болған жағдайда, онда ол ІІМ қарасты әкімшілік практика болып табылады.
– Бағдаршамға неше метр жетпей тоқтау керек?
– Нұр-Сұлтан қаласында қиылыстар­дың көпшілігі 5.33 «Тоқтату сызығы» ақпараттық-бағыттау белгілерімен және белгілеу сызығымен жабдықталған.
– Нұр-Сұлтанда «Сергек» камерасына түсіп қалған басқа қаланың машиналары болса, айыппұл қалай келеді екен?
– Басқа қаланың автокөлік құралдары үшін хабарлама әдеттегі режимде жүреді, SMS хабарлама жіберіледі немесе көлік құралының иесі тіркелген жеріне тапсырыс хат жіберіледі.
– «Сергек» камерасымен келген айыппұлдың 50 пайызын төлеуге бола ма?
– Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 811-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылған адам өзінің кінәсін мойындаған жағдайда 7 жұмыс күні ішінде айыппұл мөлшерінің 50 пайызын төлеуге мүмкіндігі бар.
– Машинаның нөмірі алдында да, артында да бар, ал мотоциклде артында ғана, мотоциклдер «Сергек» камерасына сирек түсе ме?
– «Сергек» аппаратымен автокөлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін артқы жағынан да танып құқықбұзушылықтарын тіркейді, сонымен қатар мотоцикл құралдарының да құқық бұзушылықтары анықталып, рәсімделеді. Заманауи жабдықтар жеткілікті деңгейде дамыған және қойылған міндеттерді шешуге қабілетті. Камера үшін бұл автомобиль немесе мотоцикл екені маңызды емес. Оның үстіне, автокөліктін нөмірі қасақана аударылса да, жүйе оны тани алады.
– «Сергек» жол ережесін бұзғанды неше метрден көре алады, оны алдау мүмкін бе?
– «Сергек» камералары бұзушылықтарды 50-ден 100 метр­ге дейін анықтап тіркейді, өйткені камералар іс жүзінде барлық қиылыстарда орналасқан, сергек камераларын алдау мүмкін емес.
– Шетелде болғанда камераларды сирек көрдім, мысалы Прагада, Парижде камера мүлдем аз… Осы Нұр-Сұлтанда қанша камера бар?
– Нұр-Сұлтан қаласында 6000-нан астам камера жол ережелерін бұзу фактісін бақылайды, сонымен қатар 7000-ға жуық камера қоғамдық қауіпсіздікті бақылайды.
– Айыппұлды банк арқылы төледім. Алайда egov.kz/qamqor.gov.kz ресурстарында айыппұл төленбеген деп көрсетілген. Не істеу керек?
– Мұндай жағдайда түбіртекті алып, ІІМ әкімшілік практика бөліміне жүгіну керек. Бөлім мамандары түбіртекті көрсету негізінде аталған айыппұлды тізімнен алып тастайды.
– Планшетте жазылған айыппұлды қалай төлейді?
– Алдымен тіркелген әкімшілік құқық бұзушылықты тауып алу керек. Ал оны тек ЖСН арқылы ғана іздеуге болады. Мұндай жағдайда айыппұл құқық бұзушылық тіркелген көлік иесінің ЖСН-іне жазылады. Егер көлік сіздің атыңыз­ға тіркелмеген жағдайда, онда өз ЖСН-іңіз арқылы айыппұлды іздеу мүмкін емес. Сондай-ақ, әкімшілік айыппұлдардың бар екендігі туралы барлық қажетті ақпаратты «egov.kz» электрондық үкімет порталында ЭЦП кілті арқылы онлайн режимінде тексеруге, төлеу­ге болатындығын, qamqor.gov.kz ақпарат ала алатынын хабарлаймыз. Онлайн төлем функциясы Kaspi.KZ төлем платформасында да бар.
Сөз соңында айтарым, ­Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес жүргізушілер жол белгілері мен жол белгілерінің талаптарын орындауға міндетті екенін еске салады.

КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Жұмағазы КЕНЖЕБЕК, қала тұрғыны

Ерінбей барып анықтау керек

– Өз басым айыппұл мәселесімен арнайы айналыстым. Автобус линиясына түсіп кете беремін, содан айыппұл келе береді. Сөйтсе, егер  жиі ереже бұзып, көлігіңіз осы негізде бірнеше рет тіркелсе, тіпті линияға түспей-ақ  сол жолды қиып өтсең де «Сергек» соны автоматты түрде қосып жіберуі де мүмкін екен.  Мен арнайы барып тексерттім. Егер бірінші линияда «Сергек» тіркесе, екінші «Сергек» те міндетті түрде тіркеу керек, соны анықтау қажет, ал егер бір «Сергек» тіркемесе айып­пұлды алып тастау мүмкіндігі бар, ондағы адамдар сол үшін отырады. Ол үшін алдымен Лесозавод жақтағы Жетіген көшесіндегі Әкімшілік полициясына бару керек, сонда барып талап-арыз жазасыз, сол талап-арыз негізінде ХҚКО-ға барып қаратасың. Ол Астрахан тасжолы бағытында қаланың сыртында орналасқан. Көбіне осы арнаулы халыққа қызмет көрсету орталығында кезек көп болады.  Кейде мәселеңді нақты анықтау үшін жарты күнің кетеді. Бұған көбінің төзімі жете бермейді сондықтан адамдар қолын сілтеп кетіп қалып жатады. Ал егер барсаңыз, анықтасаңыз көбіне мәселе оң шешімін тауып жатады.

Жібек ҚАМЫЗБАЙҚЫЗЫ,

 Жолақтардың бояуы сапасыз ба?

– Көше тар, амалсыз линияға шығасың, көліктер өте тығыз келе жатады. Соттасқанмен пайдасыз деп ойлаймын, қанша уақыт кетеді. Өз басым мұны дұрыс шешім деп ойламаймын. Осы «Сергекке» 300 мыңға дейін айыппұл төлеген адамдар бар. «Төле» деп келеді, бұзушылық қалай болды, себептері көрсетілмейді. Сонымен бірге жолдың жолақтары бар ғой, қос жолақ бар, бұрылуға болатын үзілген жолақтар бар, солардың бояулары кетіп қала береді, бояуы сапасыз ба білмедім, жер кәдімгі асфальт болып жатады, соны басып кетсең, міндетті түрде «Сергек» түсіріп алады.

Ескендір ТАСБОЛАТ

«Сергекке» ризамын

– «Сергек» пайда болғаннан кейін ешкім жылдамдықты 60 км/сағ-тан асырмайтын болды, әсіресе джип айдаған байлар сабасына түсті. Қазір бұрынғыдай машиналар быт-шыт шыққан, аударылып қалған жол апатын мүлдем көрмейміз, ал адам қағып кеткен жағдайларды мүлдем көрмейтін болдық. Сондықтан «Сергекті» қолдаймын. Нұр-Сұлтанда көлік жүргізу мәдениеті, жолда жүру менталитеті өзгергені байқалады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 3 =